Мамырдың 23-і күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен VІ Астана экономикалық форумының аясында Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция өтті.
БҰҰ-ның қолдауымен тұңғыш рет өткізіліп отырған Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияны (БДҚК) өткізу бастамасын алғаш рет күн тәртібіне қойған да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Сөйтіп, Тәуелсіздік сарайында әлемнің 132 мемлекетінен келген 11 мыңға жуық саясаткерлер, сарапшылар және іс басындағы мамандар әлемдік экономиканың жаһандық дағдарыстан шығу жолдарының түйінді проблемаларын тілге тиек етті.
Ерке Есілдің жағасындағы осынау бір әсем де сәулетті қалада, салтанаты жарасқан сәнді Тәуелсіздік сарайында осымен алтыншы рет әлемнің ең озық ақыл-ойының өкілдері, саясаткерлер, экономистер, сарапшылар жаһандық маңызды үн қатысу алаңында бас қосып отыр, деді пленарлық отырыстың модераторы, “Euronews” телеарнасы Вашингтон бюросының тілшісі Стефан Гробе конференцияны ашу салтанатында. Одан әрі ол бүгінде жаһандық экономиканы тұқыртқан әлемдік дағдарыс тудырған тәуекелдерді атай келіп, осы бір тығырықтан шығу жолдарын іздеудегі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баламасыз бастамаларын ерекше атап көрсетті. Дүниежүзінің мыңдаған дуалы ауыз сарапшыларының үн қатысу алаңына айналған Елбасының “G-Global” бастамасының жаһандық дағдарыстың себеп-салдарларын бірлесе іздестірудегі өлшеусіз рөліне тоқталды. БҰҰ-ның тікелей қолдауымен өтіп отырған конференция да реформатор Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы екендігін атап өтті.
Форум өткізу тәсілі тұрғысынан да, мазмұны жағынан да ерекше үн қатысу алаңына айналды. Біріншіден, оның дағдарыспен күрестің жаһандық жоспарын жасауға ұмтылысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 67-ші сессиясының қолдауына ие болды. VІ Астана экономикалық форумымен қатар БҰҰ-ның аясында тұңғыш рет Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция өткізілуде, деп бастады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отырыстың ашылу салтанатындағы сөйлеген сөзін. Айтулы жиынға қатысушыларға шынайы сәлем жолдай отырып, оған қолдау білдіргені үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының басшылығы мен оның құрылымдық бөлімдеріне ризашылығымды айтқым келеді. Екіншіден, форум ашылғаннан бергі бес жылда оған қатысушылардың саны күрт артты. Бүгін форум мен конференция 10 мыңнан астам қатысушының, оның ішінде 132 елден келген 3 мыңға жуық шетелдік қонақтардың басын қосып отыр. Үшіншіден, мен Астанада өз клубтарын құрғандар үшін және форумға барынша қолдау білдіріп, белсене қатысқандар үшін ғұлама ғалымдарымыз – Нобель сыйлығының лауреаттарына айрықша ықыласымды білдіремін. Төртіншіден, “G-Global”-дың Интернеттегі коммуникативті алаңының қызметі Астана форумын үздіксіз онлайн талқылаудың орталығына айналдырды. Оған ғаламдық желінің 120 мыңнан астам тұрақты тұтынушысы қатысуда. Бесіншіден, Астана форумының әлеуеті арта түскеніне басқа да айғақтар арқылы көз жеткізуге болады. Мысалы, бір жыл бұрын мен осы мінберден “G-Global” атты ХХІ ғасырдың жаңа әлемдік құрылымы идеясын ұсынған едім. Бүгінгі таңда тек “Google” ақпарат іздеу жүйесінің өзі осы терминге қатысты миллиардқа жуық сілтеме жасайды. Мен Астана форумы мен Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференция аясындағы пікірталастардың қорытындысына аймақтық және жаһандық деңгейдегі сұраныстың арта түсеріне сенімдімін.
Одан әрі Елбасы бүгінде әлемдік экономика тап болып отырған жаһандық қиындықтарды тілге тиек етті. Жаһандық дағдарысқа қарсы күрес жоспарын белгілеу үдерісі барысында соңғы жылдары өзіміз бетпе-бет келген бірқатар маңызды сабақтарды ой елегінен өткізуіміз керек. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, өткен жылдың соңында бүкіл әлем ХХІ ғасырдың жаһанданған экономикасының бірінші дағдарысы тарих қойнауына кеткеніне сенгендей де еді. Бұл туралы бізді көптеген қаржы институттары барынша сендіріп бақты. Алайда, әлемнің үкілі үміті ақталмады. Кипрдегі қаржы жүйесінің күйреуі бүкіләлемдік экономикалық тұрақтылық дәуірінің ауылы алыс екенін көрсетті.
Мен “Кипр оқиғасы” мен жаһандық дағдарыстың арасындағы байланысты жоққа шығаратын бағалардың бар екенін де білемін, деді одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев. Алайда, нақты фактіні ешкім жоққа шығара алмайды. Тіпті, экономикадан аздаған хабары ғана бар көптеген тұтынушылардың өзі осыдан бес жыл бұрынғы америкалық ипотекалық агенттіктердің күйреуі мен кипрлік банктер проблемаларының бір-біріне ұқсас екенін оңай ажыратады. Бұл ең алдымен қаржы көбіктерін жасанды түрде “үрлеу” және “жеңіл ақшаға” деген құмарлық, жаһандық қаржы жүйесін басқарудағы әлсіздік, ұлттық қаржы институттарының тиісті жауапкершілігінің жоқтығынан болып отыр. Іс жүзінде осы және жаһандық дағдарыстың басқа да тұғырлы кемшіліктері әлі күнге дейін жойылған жоқ. Ал бұл жаһандық дағдарыс аяқталды деп айтуға әлі ертерек екенін көрсетеді.
Одан әрі Мемлекет басшысы ұлттық дәрежеде жасалған дағдарысқа қарсы кейбір күрес шараларының да жаһандық рецессияға ұрындыратындығын атап көрсетті. Әрине, кез келген дағдарыс жағдайында мүлде әрекетсіз қалмай, іс-қимыл жасаудың артық екендігі сөзсіз. Қазақстан өз кезегінде дағдарысқа қарсы тиімді күрес жоспарын жүзеге асырғандығы белгілі. Ол жұмыс орындарын сақтауға және экономиканың өсу динамикасын сақтауға мүмкіндік берді, деп жалғастырды сөзін Елбасы. G-20 тобы шеңберінде жасалған дағдарысқа қарсы ұсыныс-пікірлердің барлығы бірдей орындалған жоқ. Осындай жағдайлар әлемдік сауданың өсімін тежеді, жаһандық және өңірлік рыноктардағы бағалардың төмендеуіне әкеп соқты. Сондай-ақ адамдардың әлеуметтік көңіл күйі күрт төмендеді. Жаһандық жұмыссыздық өсіп келеді. Халықаралық еңбек ұйымының болжамы бойынша, үстіміздегі жылы әлемдегі жұмыссыздар саны 200 млн. адамнан асады. Биылғы жылдың басында Еуропада 26 млн. адам жұмыссыз болған. Бұл осыдан бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,5 есе жоғары.
Одан әрі Мемлекет басшысы жаһандық дағдарысқа қарсы күрес жоспарын жасау барысында бүкіл әлемде сенімге қатты көлеңке түсіп отырғандығын естен шығармау керек, деді. Мен жаһандық дағдарыс ең алдымен сенімге деген дағдарыстан басталғандығы туралы пікірмен келісемін. Бүгінде жаһандық қаржы институттары мен ұлттық мемлекеттер арасында, қаржы саласының субъектілері мен нақты экономика арасында, мемлекеттер арасында сенім жоқ. Барлығы үшін бірдей сенім орнықпайынша, қандай да болмасын дағдарысқа қарсы жоспардың іс жүзінде кезекті “жыртықты жамау” болып қалатындығына сенімдімін.
Нұрсұлтан Назарбаев одан әрі өз сөзінде қаржы секторы жаһандық дәрежеде де, ұлттық дәрежеде де нақты өндірістен қол үзіп кеткен жағдайда дамуы мүмкін емес екеніне баса назар аударды. Сонымен бірге, Елбасы соңғы жаһандық дағдарыстың көп өлшемді ауытқымалылығын да атап көрсетті. ХХІ ғасырда әлемге жаңа экономикалық модель қажет, деп жалғастырды одан әрі сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. Ол ең алдымен алдау-арбау, жауапсыздық және талан-таражға салу болмайтын әділ де адал әлемдік қаржы жүйесіне негізделуге тиіс. Адамзат өндірген өнімдер қоғамның әрбір мүшесінің гүлденуі және бақыты үшін жұмсалуы керек.
Одан әрі Елбасы Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінде болып жатқан ішкі қақтығыстардың әлемдік экономикаға ауыр салмақ түсіріп отырғандығына тоқталды. Жаңа жаһандық экономиканың әлемде жаңа ашық та әділ тәртіп орнағанда ғана тиімді болатындығын алға тартты.
Осыдан бір жыл бұрын мен осы форумның мінберінен “G-Global” идеясын ұсынған едім. Бүгін мен оған қызу қолдау көрсеткендерге алғысымды білдіремін. “G-Global”-дың басты мақсаты әлемдік дамудың жаһандық парадигмаларын бей-берекет өзгерту үрдістеріне тиімді оң баламалар ұсыну болатын. Ол бес қарапайым да түсінікті қағидаттың біріктіруші әлеуеттеріне негізделген. Еске сала кетсек, олар: біріншіден, эволюция және саясаттағы революциялық өзгерістерден бас тарту; екіншіден, әділеттілік, теңдік, консенсус; үшіншіден, жаһандық толеранттылық және сенім; төртіншіден, жаһандық транспаренттілік; бесіншіден, жүйелі көптектілік. Міне, осы негіздерде ХХІ ғасырда кез келген жаһандық проблема бойынша тиімді үн қатысу және шешімге қатысушылардың барлығы үшін қолайлы жол табуға толық мүмкіндік бар. Бүгінде әлемге жаңа жаһандық қаржыэкономикалық жүйесі және тиімді жаһандық қауіпсіздік, оның ішінде ядролық қауіпсіздік құрылымы қажет. Бұл ретте өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға бағытталған жаһандық үн қатысуды жалғастырудың орасан зор әлеуеті бар. Осы орайда мен “G-Global” бастамасын қолдаушылардың қатары арта түсетіндігіне сенімдімін. Бұл идеяны одан әрі дамыту үшін Рим немесе Мадрид клубының үлгісі негізінде “G-Global”-дың Қамқоршылар кеңесін құруды ұсынамын. Оның шеңберінде болашақтың тұғырлы идеяларын қаржыландыру керек.
Мемлекет басшысы одан әрі соңғы екі онжылдық көлемінде ғана әлемдік саяси картада пайда болған Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік жетістіктерін тілге тиек етті. 2012 жылы Бүкіләлемдік банктің “бизнесті жүргізу” рейтингі бойынша біздің еліміз 49-шы орынды иеленсе, “инвесторларды қорғау” көрсеткіші бойынша 10-шы орынға шықты, деп атап көрсетті Елбасы. Бүкіләлемдік экономикалық форум белгілеген бәсекеге қабілеттік рейтингі бойынша Қазақстан қазірдің өзінде 51-ші орынды иеленеді. Біз осыдан бірнеше жыл бұрын мен күн тәртібіне қойған еліміздің әлемдегі бәсекеге ең қабілетті 50 елдің қатарына кіру туралы міндетті орындауға жақын қалдық.
Біздің қазір Жаңа саяси бағыт – “Қазақстан – 2050” Стратегиясын белгілегенімізді білесіздер, деп жалғады сөзін Елбасы. Бұл Стратегияның басты мақсаты – Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің біріне айналдыру. Бұл даму өскелең инновациялық экономикаға және әлеуметтік қағидаттарға негізделетін болады. Бұл реттегі ең бастысы – “экономика – энергетика – экология” атты үш негізгі тұғырлардың жүйелі түрде дамуы болмақ. Бұл – алыста сағым қуған елес емес, нақты адамзаттың жоғары сұраныстарына негізделген ақиқат.
Өткен жылы Риоде-Жанейро саммитінде мен ұсынған Жаһандық энерго-экологиялық стратегия туралы бастама және “Жасыл көпір” жоспары әлемдік қауымдастықтың қолдауына ие болды, деді одан әрі Елбасы. “Жасыл” энергетикаға көшу және “жасыл” технологияны өндіріске енгізу – бұл жаһандық экономиканың дамушы векторы. Қазақстан табиғаттың қазба байлықтарына, оның ішінде көмірсутегі кен орындарының көптігіне қарамастан, болашақта балама қуат көздерін дамытуды белсенді жүргізуге мүдделі. Біздің “Қазақстан – 2050” Стратегиямызда нақ осындай келелі міндеттер қойылған. Біз алдағы уақытта “жасыл жарақтандыруға” жыл сайын ұлттық ІЖӨ-нің 2 пайызы көлемінде қаржы жұмсамақпыз. Енді төрт жылдан кейін Астанада “ЭКСПО – 2017” Бүкіләлемдік көрмесі өтеді. Біз оны “Болашақтың энергиясы” ұранымен өткізетіндігіміз де тегін емес. Мен төрткүл дүниенің барлық аумағындағы іскер топтарды “ЭКСПО – 2017”-ні дайындау және өткізу жұмыстарына белсене қатысуға шақырамын.
Сөзінің соңында Елбасы форумға қатысушыларға және Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияның делегаттарына жаһандық тәуекелдерге қарсы тұру мақсатында тиімді жол табудағы үн қатысу алаңындағы игілікті жұмыстарына сәттілік тіледі.
VI Астана экономикалық форумы шеңберінде көптеген игі шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі – “Шапағат – 2013” өнертапқыштық саласындағы жетістіктердің республикалық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі. Аталған іс-шараға қатысушылар 2012 жылы берілген және жарияланған өнертабыстары үшін ұлттық патент иеленушілері атанды.
Байқаудың мақсаты – зияткерлік меншіктің рөлін арттырып, жандандыру және инновацияны дамытуға көмек беру мен ынталандыру. Өнертапқыштық және инновациялық салаға инвестиция тартып, өндірістік секторға перспективалы дайындықты енгізу де басты міндеттердің бірі.
Оған қоса, өнертапқыштарды көтермелеп, ықыласын арттыру мақсатында “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы” байқауы өткізілді. Осыған орай құрметті атақты иемдену туралы дипломдар мен ескерткіш ленталар берілді.
Марапаттау салтанатының шеңберінде өндіріске енгізілген, қызықты және перспективалы өнертабыстардың көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті басшылығының қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған брифинг болды. Рәсімге эстрада жұлдыздары да қатысты.
“Егемен Қазақстанның”
тілшілер тобы.
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ, Е.ОМАРОВ.
(“Егемен Қазақстан”,
2013 жылғы 24 мамыр
ықшамдалып алынды).