Көктемгі дала жұмыстары, ірі қара мал етін экспорттау, автомобиль жолдарын жөндеу мен “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша тұрғын үйлердің құрылысы мәселелері облыстық әкімдікте өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен өткен жиында қаралды.
Гүлнәр САЙЛАУҚЫЗЫ,
журналист.
Өңір диқандары көктемгі егіс жұмыстарын жауыншашын салдарынан кешеуілдетіп жатыр. 17 мамырда басталған көктемгі дала жұмыс-тарын шаруалар 20 күнде аяқтаулары тиіс.
“Әсіресе, тұқым себу жұмыстары Тимирязев, Мамлют, Шал ақын, Ақжар аудандарында сылбыр”, – деді өз баяндамасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров. Бидайлы 3 облыстың ішінде біздің өңір көктемгі егіс жұмыстарының барысы бойынша соңғы орында келеді. Облыс басшысы көктемгі дала жұмыстарында кеш қалған аудан әкімдерінен мұның себеп-салдарын сұрады. Әзірге тимирязевтік диқандар көш соңында.
Ал мамлюттік диқандар болса, егістік жерді әлі күнге бөлісе алмай әлек. Соның салдарынан жұмыстар кешеуілдеуде. Самат Ескендіров істің анық-қанығына жетпейінше, жерді ешкімге бермей, жұмыстың бәрін тоқтату керек, деді.
Синоптиктердің болжауынша, мамыр айының соңына дейін жаңбыр жаумақ. Маусым айында да ыстық күндер аз болмақ. Бірінші онкүндікте жауын мөлшері мол болып, 7, 8, 9 маусым күндері бұршақ жауады деп күтілуде.
Облыстың мал шаруашылығында да жағдай мәз емес. Жыл басынан шетелден асылтұқымды ірі қара алуға бірде-бір арыз түспепті. АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Владимир Карабельниковтың айтуынша, біздің өңірге, Канадо, АҚШ Ресей, Австрияның ірі қарасын әкелуге болады екен.
Жолдарды жөндеуге қатысты ақпаратты облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев жеткізді. Биыл 13 аудан бойынша 5 103 шақырым жол жөндеуден өтуі тиіс. Автомагистральды қалпына келтіруге республикалық бюджеттен 5 млрд. шамасында қаражат құйылып отыр. Бұл ақшаны толық әрі сапалы түрде игеру үшін мониторинг жасалмақ. “Сонымен қатар, жолдардың сапасын арттыруға аудандардағы жеке қожалықтарды да тарту керек”, – деді облыс әкімі. Мәселен, Айыртау ауданындағы Арықбалық елді мекеніне қарасты жолды жөндеуге жергілікті кәсіпкер жәрдемдесемін деп уәде берген.
Ал “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша елді мекендерде 2011 жылы құрылысы басталған баспаналар әлі күнге дейін пайдалануға берілмепті. Біріне құрылыс фирмалары жауапсыз қараса, бірінің материалдары сапасыз болып, тексерістерден өте алмаған. Бірақ жұмыстар баяу болса да, жүргізілуде. Тайынша, Шал ақын, Айыртау және Мағжан Жұмабаев аудандарындағы үйлер осы жазда пайдалануға берілмек. Қазір бұл үйлерде ішкі құрылыс, әрлеу жұмыстары атқарылып жатыр.
Жиын соңында облыс әкімі Самат Ескендіров қаралған әр мәселені өз бақылауында ұстайтындығын қадап айтты және аудан әкімдері мен жергілікті басшыларға жұмыстарға күнделікті мониторинг жүргізуді тапсырды.