Облыс әкімі Самат Ескендіров жұмыс сапарымен Тайынша ауданында болды. Алдымен өңір жетекшісі Летовочное ауылындағы орта мектептің “Соңғы қоңырау” салтанатына қатысты.
Жеңіс ЕРМҰҚАНОВ,
журналист,
Назерке ТҰРСЫНОВА,
журналист.
Бұл мектепте 103 оқушы білім алады. Олардың 6-уы биыл 11-сыныпты аяқтап отыр. Ғимарат 1982 жылы пайдалануға берілген. 42 адам жұмыспен қамтылған, оның 27-сі – ұстаздар. Оқу ордасында түрлі спорттық секциялар жұмыс істейді, онымен қоса медицина бөлмесі де бар. Үш жыл бұрын жылу беру жүйесі күрделі жөндеуден өткізіліпті. Мектепке дейінгі тәрбие беретін “Ертегі” атты 25 орынға шақталған шағын орталық та жұмыс істеп тұр.
Жиынды ашқан өңір басшысы білім қуған жігерлі жастар – елдің жарқын болашағы екенін атап өтті. Биыл облыста 73 мың оқушы кезекті оқу жылын аяқтады. Оның 4,5 мыңын түлектер құрайды. Облыс әкімінің бұл мектепке баруы тегін емес. Самат Сапарбекұлы – аталмыш мектептің 1983 жылғы түлегі. “Мен үшін бұл мектеп аса ыстық, осы білім ұясынан түлеп ұштым”, – деді өңір басшысы. Сондай-ақ ол өзінің сынып жетекшісі болған Виктор Гертерге зор алғысын білдірді. Ұстаздың айтуынша, оқушысы аса зерек болған. Самат Ескендіров ұстаздарының айтуынша, тек бір пәнге ғана емес, барлық сабақтарға аса қызығушылықпен қараған.
Өңір басшысы білім ордасына 1 млн. теңгенің сертификатын табыс етті. Соңғы қоңырау соғылған соң өңір жетекшісі мектепті аралап, оның материалдық базасымен танысты. Сыныптастарымен жүздесіп, өзі білім алған сыныбына кіріп, партасына отырып, фотосуреттерді тамашалады.
“Соңғы қоңырауға” арналған мерекелік жиында облыс әкімі мектеп аллеясына бір түп ағаш отырғызды.
Жұмыс сапарын жалғастырған өңір басшысы Летовочное ауылындағы Мәдениет үйіне бет бұрды. Ғимарат 1969 жылы пайдалануға беріліпті. 2009 жылы мұндағы күрделі жөндеуге 12 млн. теңге бөлінген. Қазір жаңартылған ғимаратта түрлі үйірмелер мен 8692 кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді. 5 адам жұмыс атқаратын көрінеді. Орташа айлық еңбекақы – 40 500 теңге. Өңір жетекшісі сыйлық ретінде музыкалық басқару жүйесін табыс етті.
Кейін өңір басшысы Летовочное жөндеу-механикалық зауытында болды. Мұнда 37 адам еңбек етеді. Өндіріс ошағы ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін шығарады. Өнімдері еліміздің өзге өңірлерінде де сұранысқа ие. Қазіргі уақытта аталмыш зауыт өз бөлшектерін Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарына, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларына жөнелтеді.
Облыс басшысы жергілікті дәрігерлік амбулаторияға да кіріп шықты. Қазір емдеу мекемесінде 8 адам жұмыс істейді екен, екі “Жедел жәрдем” көлігі бар. Мұнда барлық тұрғындарға медициналық көмек көрсетіледі.
Самат Ескендіров осындағы “Әліби-Астық” ЖШС-нің танап басында да болды. Серіктестік директоры Нұржан Қошқарбаевтың айтуынша, шаруашылықтың игілігіндегі 67 техниканың барлығы көктемгі егістікке тартылған, 130 адам қызмет атқаруда. Самат Ескендіров алқапқа шығып, топырақ нәрін байқап көрді.
Суреттерді түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.