«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМ БЕРУДІН ЖАНАША ЖОЛДАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлемдік білім беру кеңістігіне ену барысында оқу-тәрбие үдерісінде елеулі өзгерістер болуда. Себебі, білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарды, жаңаша көзқарас, жаңаша қарым-қатынас қажет. Соңғы кезде жиі айтылатын оқытудағы “Кембридж тәсілі” дегеніміздің не екені қарапайым көпшілікке мүлдем түсініксіз жайт. Қолға алынып отырған өзгерістерден не күтуге болады? Бұл өзгерістердің мақсаты не, қандай нәтиже әкеледі?

“Өрлеу” біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы білім беру саласында көш басындағы Финляндия, Сингапур және Ұлыбритания секілді прогресшіл елдерге тән оқыту үдерісіндегі мақсаттарды елімізде іске асыруға, ұстаздың жан-жақты дайындығына қолдау көрсетеді. “Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудағы ғылыми-әдістемелік негіз” тақырыбында өңір мұғалімдері қазіргі таңда біліктілігін арттыруда.

 

Бағдарламаның мақсаты – ойға жүйрік, тілге шешен, әрі жазбаша түрде еркін, көркем бейнелеп жазуға төселген, бірнеше тілді қатар меңгерген, бәсекеге қабілетті, жан-жақты жетілген жеке тұлға қалыптастыру. Ондай тұлға болашаққа сенімді, ынталы, сыни пікір көзқарастары жүйелі дамыған, қазіргі сандық технологияларды, өмірде өз білімін қалыптан тыс жағдайда да еркін әрі терең пайдалана білетін жан болуы тиіс. Оқытудағы “Кембридж тәсілінің” теориялық негіздерінде түрлі тәсілдер қарастырылғанына қарамастан, орта білім беру жүйелерінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы (конструктивті) теориялық оқыту тәсіліне басымдық берілген. Бұл оқытудың басты бағыты – ойлауды дамыту болып табылады. Яғни, оқушы өзінде бар білімді түрлі дереккөздері арқылы, мұғалімнен, оқулықтан, достарынан алған білімдермен біріктіре отырып, іске асырады. Осыған дейін біз дәстүрлі оқыту үдерісін жүзеге асырып келгенбіз. Ол – қазіргі мұғалімнің 45 минуттағы іс-әрекеті. Мұғалім кіреді, сабақ сұрайды, сабақ түсіндіреді. 4-5 оқушыны бағалайды, қалғандары сол қалпында қалады. Мұндай білімнің аясы тар, көбіне жаттанды есте сақтауға алып келеді. Сондықтан көбіне санада механикалық есте сақтау арқылы алынған білім ойлаудың төменгі деңгейінде ғана жүзеге асырылады. Әрі қарай терең ойлану іске асырылмайды.

Ал сындарлы оқытуда, керісінше, мұнда басты басымдылық оқушыға беріледі. Мұғалімнен гөрі оқушы көп ойланып, көп талқылап, достарымен көп сөйлесіп, әрекеттенуі керек. Ал мұғалімнен өз сабақтарын оқушының идеясын, білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай етіп ұйымдастыру талап етіледі. Мұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырылып құрылады. Бұл жерде “Маған айт, мен оны ұмытамын, көрсет, мүмкін, есімде сақтармын, мені қызықтыр, мен сонда түсінемін” деген қытай мақалының түпкі мағынасына терең бойлауға тура келеді. Ғалымдар оқыған, естіген, көрген, т.б. әрекеттерден гөрі адамның өзі өзгелерге түсіндірген білім көп есте сақталатынын айтады. Алайда, барлық оқыту үдерісін ұйымдастырып, көшбасшылық жасайтын мұғалім болғандықтан, бағдарлама ең алдымен, мұғалімге бағытталады. Өйткені, мұғалімдер ойлау қабілеттері жоғары деңгейде дамыған оқушыларды қалыптастырғылары келсе, онда алдымен өздерінің де терең ойлау қабілеттерін дамытқан жөн. Сонда ғана бір жақты, “тек менікі дұрыс” деген сенімнен гөрі, жаңашыл идеяларға деген көңіл көкжиектері ашылып, жаңаша қалыптасуы мүмкін.

“Оқыту мен оқытудағы жаңа тәсілдер” модулі басшылыққа алынады. Оның мазмұны сыныпта демократия атмосферасын қалыптастыруға ықпал етеді. Балаларды өз оқуын мойындайтын және барған сайын өз эмоцияларын, негіздемесін және әлеуметтік өзара қарым-қатынастарын бақылауда ұстауға қабілетті, өзін-өзі реттейтін оқушылар ретінде дамыту жолдары ашылған. Осы әдістің негізінде кіші жастағы балалардың өзі, егер оларға осындай мүмкіндік берілсе, жеке оқуы үшін өздерінің үлкен жауапкершілігін сезінуге қабілетті болады. Ең ерте жастан бастап балалар өзінің оқуын түсіне бастайды, оқыту сабақтарына өзінің амал-тәсілін ұйымдастыра алады және өздеріне оң көзқарас тұрғысындағы оқушылар ретінде қарайды.

“Қалай оқудың жолын үйрену” тақырыбының атауы “өзін-өзі реттеу” үдерісіне жатады. Бұл үдерісте оқушылар метатану (ойлану туралы ойлау) үдерісі арқылы түсіну, бақылау және оқу тәжірибесіне қадағалау жүргізу қабілеттерін дамытады. Метатанымдылық арқылы олар өздерінің оқуына саналы түрде қарайды, оқыту тапсырмаларын шешу үшін өзіндік әдіс-тәсілдерді қолданады, сондай-ақ өздерін оқушы ретінде сезіне бастайды. Өзін-өзі реттеу мен метатанудың мұндай дағдыларын дамыту бұл балалардың саналы оқушы болып шығуының кілті екендігі анықталды. Алғашқыда өзін оқушы ретінде тани отырып, бала өзінің мықты және әлсіз жақтарын сезінеді, білім алу бойынша жұмыс ұнайтынын, не ұнамайтындығын түсінеді және жеке мақсаттарды белгілеу қабілеті туындайды. Кейін оқушы өзінің мақсаты мен әрекетін біледі, түсінеді және бағалауды қамтиды. Бұл оның бағытталушылық қабілетін қалыптастырады. Білімді меңгеруде оқушылардың тәжірибесін пайдалана отырып, ойланудың күрделі қадамдары ашыла береді.

Оқушылармен пікірлесу, әңгімелесу барысында алалықсыз қарау қағидасын сақтау маңызды, барлық оқушылар, әсіресе, “үндемейтін” және “дараланған” оқушылардың барлығының да пікірлері ескерілуге тиіс. Сондай-ақ оқушылардың оқу мен оқытуға байланысты қызықты және маңызды сұрақтары қамтылады. Олай болса, оқушы қалай оқу керек екендігін меңгерген жағдайда шәкіртті өмір сүруге және адам болуға баулу ұстаздың басты мақсаты іске асады деген үміт болу керек.

 

Қарашаш ЖАМАНТАЕВА,

“Өрлеу” БАҰО АҚ филиалы

СҚО ПҚБАИ деңгейлік

бағдарламалар орталығының

жаттықтырушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp