«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМ САПАСЫ ЖАҚСЫ, ал техникалық жарақтандырылуы әлі жұтаң

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғалым Малдыбаев атындағы Жаңажол орта мектебі Шал ақын ауданындағы мемлекеттік тілде дәріс беретін тіректік үш оқу орнының бірі саналады. Екі қабатты 320 орындық типтік бұл ғимаратта бүгіндері небәрі 88 оқушы білім алып жүр. Ауылдағы 300-ден астам отбасының түтіні түзу ұшқан кезінде мұнда 400-500 балаға дейін оқыған кезі болған. Ауданның басқа шағын ауылдарынан келіп оқитын оқушылар үшін мектеп жанынан интернат та жұмыс істеген еді. Амал не, шаруашылықтан береке кетіп, ауыл-аймақта 120-дай ғана үй қалғаннан бері оқушылар санын 100-ге толтыра алмайтын күйге жетті. Ертең ол сексен баладан да азайып кетер болса, орта мектеп мәртебесінен де айрылып қалар қаупі бар.

 

“Бөрі арығын білдірмес…” дегендей, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың ауыртпалығынан үдере көшкен ауылдың жұртындағы мектептің жүдеу жағдайын сездірмес үшін ұстаздар ұжымы оқу-тәрбие жұмысындағы бұрынғы қол жеткізген табысын уысынан шығармауға тырысуда. Бұл ретте олардың көздеген мақсаттан көрініп отырғандарын айтуымыз керек. Оған мектептің өткен жылы аудан бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша орташа 90 балдық көрсеткішпен бірінші орын алуы дәлел. Соның нәтижесінде оқу бітірген 17 түлектің бесеуі грант алып, жоғары оқу орындарына түссе, тағы алты оқушы бюджет қаржысына колледждерде білім алып жүр. Ал биылғы оқу жылында үш оқушысының ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер атанып отырғаны – мектеп ұжымына да үлкен абырой.

– Оқушыларымыздың білім сапасы жөнінен биылғы оқу жылында да жақсы нәтижелерге қол жеткізуді көздеп отырмыз. Мектебіміздегі 26 мұғалімнің дені – тәжірибелі ұстаздар, олардың алтауы жоғары және тоғызы бірінші санаттағы мамандар болып табылады. Жоғары санаттағы ұстаздарымыздың ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Баянды Жүкенова, география пәнінің мұғалімі Күләй Шәкенова және дене шынықтыру пәнінен дәріс беретін Айбек Нұртазин білімдарлықтарымен көзге түсуде. Сондай-ақ бірқатар мектеп оқытушылары “Өрлеу” Ұлттық орталықтарында қайта даярлықтан өтуде. Бүгінде үш мұғаліміміз үшінші деңгейдегі дайындықтан өтіп, еңбекақыларына қоса 30 пайыздан немесе 15-17 мың теңгеден үстемеақы алып отыр. Қазір екі мұғаліміміз екінші деңгейлі қайта даярлау курстарында оқып жүр. Математика пәнінің мұғалімі Мәлік Ғабдуллин – Алматы қаласында, ал ағылшын тілінен дәріс беретін Бақытгүл Қалижанова облыс орталығында білімдерін жетілдіруде. Олар қайта даярлық курсынан өткеннен кейін 70 пайыздан үстемеақы алатын болады, – дейді мектеп директоры Жайнагүл Қазбекова.

Мектепте бала саны аздау болғанымен, әзірге барлық сыныптар толық сақталып отыр. Әрине, биыл білім ордасынан бірден 22 оқушының түлеп ұшқалы отырғаны қуантады. Ал бірақ келесі оқу жылында түлектерін түлетер сыныпта небәрі 4-ақ бала болатыны да ойлантпай қоймайды. Нағыз күйзелісті, тұрмыстан береке кеткен сонау 1996 жылдың таңбасы, міне, 16-17 жылдан кейін белгі беріп отырғандай көрінеді. Есесіне одан кейінгі жылдары сыныптағы балалар саны қайта толыға бастайтын көрінеді. Осы күні түзеле бастаған тұрмыстың демографиялық әсері мектепке де тиетіні сөзсіз.

Білім сапасын көтеруде айтарлықтай жетістіктерге жетіп отырған ұжымда техникалық оқу құралдарымен жарақтануда жетімсіздік барын айтпай кете алмаймыз. Орта есеппен мектеп бойынша 4 балаға бір компьютерден келгенімен, осызаманғы техникалық құралдармен жарақтанған жеке биология, химия және география кабинеттері жоқ. Жалпы алып қарағанда, төрт оқушыға бір компьютер жетіп-ақ жатыр, бірақ барлық пән кабинеттерінің толық жабдықталмауы білім беру сапасына кері әсерін тигізбей қоймайды. Оны директордың өзі де жасырмайды:

– Бізде жаңа үлгідегі техникалармен жабдықталған физика, информатика және мультимедиалық кабинеттер ғана бар. Оларда Интернет желісіне қосылған 8 компьютер және 16 ноутбук жұмыс істейді. Басқа кейбір пән кабинеттерінің болмауы себепті оқушыларымыздың барлығы осыларға таласады. Химия пәнінің кабинетін ашу келер оқу жылының жоспарында тұр, одан кейін биология мен география пәндері кабинеттерін де жарақтандырудың кезегі келеді. Аудандық оқу бөлімі тарапынан қаржылай да, материалдай да қолдау көмегін алып тұрамыз. Оны, әсіресе, мектеп жанынан “Балауса” шағын орталығын ашқанда айқын сезіндік. Мектеп жасына дейінгі бала тәрбиесімен айналысатын 36 орындық бұл орталықтың ашылғанына 4-5 жыл болды. Қазір онда 2-ден 5 жасқа дейінгі 25 бала тәрбиеленуде, олардың ата-аналары тек балаларының тамағы үшін ғана ақы төлейді, қалғаны “Балапан” бағдарламасының аясында тегін қамтамасыз етіледі, – дейді Жайнагүл Құсманқызы.

Мектепте бастауыш сыныптардың оқушыларын тегін тамақтандыру жолға қойылған. Оған жергілікті шаруашылық басшылары демеушілік жасап, аз қамтылған отбасы балаларының шығынын өз мойындарына алған. Мысалы, “Жаңажол” ЖШС-нің жетекшісі Вячеслав Азрапкин өз үлескерлерінің 13 баласын мектеп асханасында тегін тамақтандырады. Сол сияқты жеке кәсіпкерлер Қабдырахман Хамзин мен Бағдат Тасбаев екі-екі баладан өз қамқорлықтарына алған. Қалғандары өз есептерінен тамақтанғанымен, онша қымбат төлемейді. Асханаға қажетті көкөністерді мектеп оқушылары жаз айларында өздері өсіреді.

Ауылдағы спорт және мәдени шаралардың алауы сөнбеген ошағы жалғыз осы мектеп болып қалып отыр. Оның спорт залында ежелден Жаңажол ауылының атын шығарған қазақша күрес, тоғызқұмалақ және футзал секциялары жұмыс істейді. Жаттықтырушы Болат Нұртазин жетекшілік ететін қазақша күреспен 25 оқушы айналысады. Мектеп балуандары додалы жарыстарда көзге түсіп жүр. Мысалы, мектептің бірер жыл бұрынғы түлектері Батырхан Қайырбек пен Қазбек Саматов жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен республикалық біріншілікте алтын және күміс жүлделерді еншілеп, спорт шеберіне үміткерлер нормасын орындаған. Қайырбек қазір Алматының Туризм және дене тәрбиесі академиясында оқыса, Қазбек әскери міндетін өтеп келіп, полицияға қызметке кірді. Ал қазір мектептің 11-сыныбында оқып жүрген Ержан Әскеров аударыспаққа ден қойып, алдымен Қызылорда қаласында өткен республикалық жарыстан жүлделі оралып, жуырда Тараз қаласында өткен сайысқа қатысып келді.

Дене тәрбиесі пәнінің жоғары санатты мұғалімі Айбек Нұртазин ұлттық ойынды таңдаған 20 оқушыны тоғызқұмалаққа жаттықтырады. Оның нәтижесіне бір ғана мысал: шәкірті Дина Темірболатова Шымкент қаласында өткен жарыстан жүлдемен олжалы оралды. Сол сияқты ол жаттықтыратын қыздардың футзал командасы облыстық турнирлерде аудан намысын қорғап, жүлделі орындардан көрінуде.

Қайсы бағытта болса да, мектеп намысын биік қоятын оқу орнының ұландары жоғары шеберлік танытып жүр. Соның бір айғағы 6-сынып оқушысы Динара Аюпова мен 11-сынып оқушысы Асылтас Қайырбектің аудандық Абай оқуларында жеңімпаз атанып, облыстық сайысқа жолдама алғаны болса керек. Сол сияқты аудандық жарыста топ жарған тағы бір оқу озаты – Назерке Бисембаева облыстық “Жарқын болашақ” тіл сайысына қатысып, жүлдемен оралды. Міне, осылардың бәрі мектепте алған білімнің арқасы, ондағы ұстаздар ұжымының нәтижелі еңбегінің жемісі.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРТТЕРДЕ: мектеп директоры Ж. Қазбекова ақын Ғалым Малдыбаевтың мұражай бөлмесімен таныстыруда

Суреттерді түсірген автор.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp