«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛДАР НЕГЕ ҰСАҚТАЛЫП КЕТТІ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы кезде: “Ұлдар ұсақталып кетті. Бойы да, ойы да”, дегенді жиі еститін болдық. Жаһандану өзгерісіне тез бой алдыратындар, еліктейтіндер – ең алдымен, жастар. Әсіресе, мектеп жасындағы жасөспірімдер жақсы мен жаманның, ақ пен қараның парқына бойламайды. Сондықтан жастарымызды заман ағымынан, әлемдік дамудың шеңберінен шығып қалмауға, сонымен қатар ұлттық сипатымызды жоғалтып алмауға тәрбиелеу міндеті тұр. Ұлды дала тіршілігіне отбасында – әкесі, қызды үй ұстауға, ибалылыққа, ізеттілікке, ағайын бірлігін, от басы, ошақ қасының бүтіндігін сақтауға анасы баулыған. “Бүгінде ұлдарымызға осындай тәрбие беріліп жүр ме?” – деген сұрақ төңірегінде мұғалімдердің пікірін білуді жөн көрдім. 

 

Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Қалқаман Қарабатыровтың білім саласында еңбек етіп жүргеніне 40 жылға таяу. Жоғары санатты ұстаздың бұл қызметте білген-түйгені мол.

– Мектепте Сіз айтып отырған мәселе бары жасырын емес. Қазіргі заман талабына қарай отағасылардың көпшілігі өзінің ең басты міндеті – отбасы мүшелеріне ішуге тамақ, киюге киім табудың қамымен жүреді. Балашағасын жұрттан кем қылмай, өсіріп-өндіріп, білім беру үшін олар көбіне отбасынан жырақта жүріп, табыс табуды ғана өздерінің міндеті санайды. Бүгінгі күні бала тәрбиесі нәзік жандардың мойнына жүктелген. Бұл үрдіс өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басындағы жаппай жұмыссыздық пен мұғалімдердің жалақы алмауы кезінде ерекше белең алды. Мектептердегі ер мұғалімдер бизнеске кетті. Қазір мұғалімдерге де талап артып отыр, бұрын кеткендерге мектепке қайта оралып, жаңа технологияны меңгеріп кету де оңай емес. Нәтижесінде балалардың үйде де, балабақшада да, мектепте де, жоғары оқу орындарында да, негізінен, көретіндері әйел адамдар болып қалды. Содан да болар, ұлдардың арасында ер мінезді, турашыл, жауапкершілікті сезінетін азаматтар азайып кетті, – дейді Қалқаман Нәсиұлы.

 

СҚО Статистика департаментінің әлеуметтік-демографиялық Статистика басқармасының басшысы Саида Абдулхаимованың дерегіне жүгінсек, жалпы білім беретін мектептердің күндізгі бөлімдері мен интернаттық мекемелерде 2011 жылы 2823 ер мұғалім жұмыс істесе, 2012 жылы бұл көрсеткіш 2857-ге көтерілген. Бірақ бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Мектептегі мұғалімдердің кем дегенде 70%-ы – нәзік жандар. Мәселен, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте 48 мұғалімнің – 8-і, классикалық гимназияда 70-тің – 16-сы, қазақ мектеп-гимназиясында 78-дің 14-і ғана ер мұғалімдер екен. Осы сандарға қарап, мектептегі ұлдар тәрбиесі мәселесі әлі қанша уақытқа созыларын кім білсін?

– Ұлдардың тәрбиесі ақсап тұр. Олар ұсақталып кетті, сөздерінде тұрмайды, уәде бергіш, кешірім сұрау деген ең арзан дүние. Осыдан 6-7 жыл бұрын 10-11-дің балалары байсалды, қабақтары қатыңқы, күлетін жерде күліп, не айтсаң, баппен “иә” немесе “жоқ” деп нақты жауап қайтаратын. Қазір бірдеңе сұрасаң, бастары төмен салбырап, “білмеймін” деп иығын қиқаңдатқаннан әріге бармайды. Бұл нені көрсетеді? Ұлдарға ер-азаматтардың тәрбиесінің жетіспейтінін көрсетеді. Мектеп те, балалар да, қоғам да осыған сусап тұрған сияқты. Үйде әкенің, мектепте ер мұғалімдердің, жүрген ортасында ер адамдардың тәрбиесі кемшін. Өзім сынып жетекшісі ретінде баланы 5-тен бастап 11-ші сыныпқа дейін апарамын. Алғашқы күннен бастап ұлдардың ер-азамат, қыздардың нәзік жанды екендігін айтып, қыздарға парта, орындық көтертпеуге баулимын. Тәрбиеде ұсақ-түйек жоқ. Ұлдарымның бойында жігіттік қасиеттерді тәрбиелеуді осыдан бастаймын. Сабақтарда, одан тыс уақыттарда ұлдардың, жігіттердің ойын, дайындығын, пікірін тыңдау бірінші кезекте тұрады. Бірақ менің аптасына берген 2-3 сабағым ештеңені шешпейді, оның үстіне қыздар белсенді, ұлдар солардың тасасына бұға береді, – деп қынжылады қалалық классикалық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлжан Қасымова.

Бұрынғы балалар Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, үздік кәсіп иелеріне, әскер қатарында болып, Отан қорғап келген азаматтарға еліктеп, батырлыққа, отансүйгіштікке, үздік мамандық иесі болуға талпынатын. Қазіргі балаларда осындай еліктеу деген жоқ сияқты. Ұлдар әскерге барудан жалтарады. Бұрын қатарластары әскерге кетіп, кейінге қалып қойған жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге өздерін қайта шақырғанша тағатсыздана күтіп, намыстанып жүретін. Қазір ондай жігіттер аз, “ауырдың үсті, жеңілдің астымен” жүретін жігіттер көбейіп барады. Ұстаздардың сөзіне сүйенсек, отбасындағы билік әйелдердің қолына көшкеніне, балалар әкеден гөрі шешенің сөзін тыңдайтынына көз жеткіземіз. Қоғамда әкенің айбынды тәрбиесін, ағаның қатулы қабағын көрмеген жасқаншақ, жасық балалар легі өсіп келеді. Балалар да, “мамам айтты” дейді, ал “папам рұқсат бермейді”, “папам оған қарсы”, “папам былай айтты” дейтін бірі жоқ. Қазіргі балалардың көпшілігіне өтірік айту, алдау деген түк емес.

– Тұлға болып қалыптаса бастағаннан-ақ бала тәрбиені әке-шешеден алады. Ұл әкесіне еліктейді, оның жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін қайталайды. 90-шы жылдары көптеген отбасылар күйзеліске ұшырап, өмірдің ауыртпалығына шыдай алмай, осалдық танытты, ажырасып кетті. Әйелдер бала-шағаны асырау үшін кез келген жұмысты істеуге арланбады. Балалары үйде қараусыз қалды, отбасылық құндылықтың не екенін, кімге еліктерін білмеген ұлдар ержетті. Бүгінде олардың өздері отбасылы бола бастады. Алайда, бала күнгі тәрбиеде кеткен олқылық енді көрініс тауып отыр. Өмірде бір жетістікке жету үшін отбасында сыйластық болу керек. Балаларымыз сол үлгіні алып, өздерінің де болашақ шаңырақ иесі, отбасының асыраушысы, тірегі екенін түсініп өсуі тиіс. Әке баласын шеберлікке, ғылымға, өнерге, шығармашылыққа, отансүйгіштікке баулуы керек. Оған көпшілік әкелердің өресі жете бермейді, бала тәрбиелеуге құлықсыз, тіпті, ата-аналар жиналысына да келмейді. Әке мен бала арасында диалог жоқ. “Балам” деп ұлымен ашыла сырласатын ер-азамат ілуде біреу ғана. Ең бастысы, отбасының қазығы берік, тәрбиесі мықты болғаны жөн, – дейді “Рух” психология және тұлғаны дамыту орталығы ЖШС директорының орынбасары, психолог Раушан Қазбекова.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp