Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп оқушыларынан құрылған “ЖасStar” командасы Өскемен қаласында өткен республикалық “Жайдарман” көңілділер мен тапқырлар клубы ойынына қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленді.
Шынар ТЕМІРХАНОВА,
Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
“ЖасStar” командасы ақпан айында Астана қаласында өткен көңілділер мен тапқырлар клубының “Маусымашар – 2013” республикалық фестиваліне қатысқан болатын. Ол жолғы додада еліміз бойынша 200-ге жуық команда өздерінің тапқырлықтарын сынға салған. Солардың арасынан көзге түскен қызылжарлық жас өрендер Өскемен қаласында өтетін республикалық мектепаралық ойынға жолдама алған еді.
Таяуда Өскемен қаласында өткен республикалық “Жайдарман” көңілділер мен тапқырлар клубының ойынына қатысқан топ облыс намысын қолдан бермей, әділ қазылардың назарына ілігіп, ерекше қошеметке ие болып оралды. Жүйрік ой мен шешен сөздің шеберлігімен көзге түскен 10 команда республикалық додада тағы да өз тапқырлықтарын дәлелдеуге тырысты. Қызылжарлықтар аянып қалмады. Құрамында алты бала бар көңілділер мен тапқырлар тобына үш жылдан бері ағылшын тілінің мұғалімі Дина Әлібекова жетекшілік етеді. Осы уақыт аралығында олар біраз төселгендіктерін көрсетті. Нәтиже де жаман емес. Ойыншыларымыз Шығыс Қазақстан облысындағы Жарма ауылының “Көңілді жастар” командасын алға салып, жүлделі ІІ орынға табан тіреді. “ЖасStar” командасы қырқүйек айында өтетін республикалық ақтық кезеңге жолдама алды.
Петропавл қаласы.