«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСПАСӨЗ ТУРЫ НЕНІ БАЙҚАТТЫ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Солтүстік Қазақстан Таратушы электр желісі компаниясы” АҚ (бұдан әрі “СҚО ТЭК” АҚ) жергілікті басқарушы органдар, жұртшылық және БАҚ өкілдері үшін кәсіпорын нысандары бойынша баспасөз турын өткізді. Одан бұрын кәсіпорын басшылығы аталмыш шараға қатысушыларға “дөңгелек үстел” басында қуат беруші ұйымның 2013 жылғы жоспарын ортаға салды.

Онда “СҚО ТЭК” АҚ-ның директоры Вячеслав Утябаев алдымен кәсіпорында атқарылып жатқан жұмыспен таныстырды. Оның айтуынша, қазірде қуат беруші компанияда пайдалану мерзімінің 73 пайызын тауысқан кабельдік желілерді ауыстыру жөніндегі жұмыс жүргізілуде.

 

– Мәселен, 10 КВ №8 тарату қосынын (ТҚ) қайта жаңғырту жоспарлануда, ол электр жабдықтарын пайдалану сенімділігін арттырады. Соның нәтижесінде “Жастар” кенті, “Уют” шағынауданы, “Солтүстік” кенті тұрғындарын электрмен жабдықтау сапасы жақсарады. Ескірген электр жабдықтарын жаңасына ауыстыру пайдалану шығынын азайтуға, сондай-ақ аталмыш ТҚ-да телемеханика қондырғыларын және АСКУЭ жүйесін монтаждауға мүмкіндік береді, сөйтіп электр қуатының техникалық шығындарын азайтуға және электр жабдықтарын неғұрлым сенімді диспетчерлік басқаруға қол жеткізеді. Қазір Петропавл қаласының 75 пайыз 110/10 кВ қосымша станцияларына және 60 пайыз ТҚ-ына ескірген майлы РЗА айырғыштарын РЗА-ның жаңа вакуумдық микропроцессорлық блоктарымен ауыстыру жүргізілуде. Осының бәрі қала тұтынушыларын электр қуатымен қамтамасыз ету сапасына оң ықпалын тигізеді. 2013 жылдың инвестициялық бағдарламасы бойынша кәсіпорын осы жоспарлы шараларды жүзеге асыруға 857,2 миллион теңгенің қаржысын салып отыр, – деді ол.

“Дөңгелек үстел” басындағы кездесуде “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Абай Қайсин тұтынушылардың электр қуатына қосылуға қымбат ақы талап етілетіні және оның машақатының молдығы туралы өтініштерімен көп келетінін айтты. Кәсіпорын басшылары тарапынан оның әртүрлі себептері түсіндірілді. Көбісі техникалық мүмкіншіліктердің шектеулігінен болады. Облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаменті директорының орынбасары Нелля Бабакехян биыл инвестиция көлемінің шырқап кетуі себебін білгісі келді. Ал ол кәсіпорынның таза пайдасы есебінен өсірілгендіктен, қуат тарифіне салмақ салмайтыны белгілі болды. Сондай-ақ кәсіпорын пайдасы еңбеккерлердің жалақысын 30 пайызға көтеруге пайдаланылған, соның нәтижесінде кадрлар тұрақсыздығы төмендеген.

Осыдан кейін баспасөз турына жол ашылып, аталмыш шараға қатысушылар арнайы автобуспен жұмыс жүріп жатқан учаскелерде болды. Турға жетекшілік еткен кәсіпорынның бас инженері Виталий Фесько оны өз кеңселерінің іргесіндегі Аяған Шәжімбаев көшесіндегі №10 желінің тозып тұрған сымдарын көрсетуден бастады. Осы кернеуі 10 кВ желі қорғанышты берік өзекті сымдармен ауыстырылады. Одан кейін шараға қатысушылар өнеркәсіп аймағындағы сымы ауыстырылған желіде болды. Бас инженердің айтуынша, мұндай қорғанышты сымды желілермен қала дөңгелете қоршауға алынуы керек. Сонда ғана электр қуатын бір желіден екіншісіне тоқтаусыз қосу арқылы үзіліссіз қызмет көрсету мүмкіндігі туады.

Баспасөз турының қатысушылары №364 трансформаторлық қосымша станциясындағы екі төменгі вольтті 0,4 кВ кабель желісін ауыстыру жұмыстарының куәсі болды. Олар оның қашықтығы 75 және 70 метр Мир көшесіндегі екі үйге тартылғанын көрді. Осы жердегі жұмысқа жетекшілік етіп жүрген кабельдік желілер қызметінің басшысы Равиль Назаровтың айтуынша, монтажшылар бригадасы қазір №364 ТҚ-дан Болатбаев көшесіндегі 38-үйге 0,4 кВ кабельдік желісін тартуда. Жалпы қала бойынша кабельдік желілер 10 кВ – 10 шақырымды, 0,4 кВ 5 шақырымды құрайды. Биыл солардың 39 нүктесінде ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.

Баспасөз турының соңғы аялдаған жері ТҚ-8 (тарату қосыны) болды. Тозығы жеткен бұл ғимарат толық жөндеуден өтеді. Ондағы айырғыштар мен жоғары вольтты электр аспаптары түгел жаңартылады. Кәсіпорын биыл барлығы қала бойынша 12 және аудандарда 4 тарату қосынын жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Өндіріс бөлімшелерін аралап көрген турға қатысушылар кәсіпорында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp