«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҮЛДІРШІНДЕР МЕЙРАМЫ ойдағыдай өткізілетін болады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Облыстық Балалар құқығын қорғау жөніндегі департаменттің қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Онда мамырдың 1-інен бастау алған “Қазақстан, біз сенің балаларыңбыз! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!” жалпықазақстандық акция аясында өткізілетін Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыс бойынша жоспарланып отырған шаралар таныстырылды.

Акция 10 маусымға дейін жалғасады. Аталмыш шара осымен үшінші жыл өткізіліп келеді. Осы акция аясында тікелей балалармен жұмыс істейтін ұйымдарда бірқатар шаралар өткізілген. Ол туралы БАҚ өкілдеріне Балалар құқығын қорғау жөніндегі департаменттің бастығы Владимир Литвиненко айтып өтті.

 

– Мамырдың 15-і күні өткен “Мөлдір бұлақтан…” отбасылық фестивалін атап өтуге болады. Сонымен қатар “Менің идеяларым – менің еліме” атты балалардың әлеуметтік жобаларының тыңдалымы өтті. Қарағанды қаласында өткен “Балаға мейірімді қалалар” форумында 5 жыл ішінде балалардың әлеуметке бейімделу деңгейінің қорытындысы шығарылды. Олардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қалыптасуы үшін жасалып жатқан жұмысы сараланды. Бұған қоса, біздің балаларымыз 1-3 маусым аралығында Қостанай қаласында өтетін республикалық “Таңшолпан” конкурсына аттанып кетті. Бұл шараға жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 5-18 жас аралығындағы балалар қатысады. Біздің облыстан “Таңшолпан” конкурсына Айыртау ауданындағы және облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған мектеп-интернат балалары жолдама алды, – деді ол.

Владимир Литвиненконың айтуынша, Халықаралық балаларды қорғау күні бүлдіршіндердің есінде ұзақ сақталуы үшін барлық жағдай жасалған. Мерекелік шараларды облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов бекіткен. Мемлекеттік құрылымдар, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың барлығы бұл мерекеге атсалысатын болады. Осындай шаралар Петропавл қаласындағы №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің жанындағы “Достық” балалар мен жасөспірімдер клубының негізінде де ұйымдастырылып, онда шағын футбол, стритбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, картингтен қала біріншілігі өтеді. “Жастар”, “Қарасай” стадиондарында шағын футбол мен ұшатын аппараттар конкурсы өтеді. Кітапханаларда көрмелер ұйымдастырылса, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында да балалар мерекесі ұйымдастырылып, еріктілердің күшімен концерт беріледі. Мерекелік шаралар қала, облыс аумағындағы барлық интернаттық мекемелер мен мектептерді қамтитын болады. Сондай-ақ 1 маусым күні 15 жасқа дейінгі барлық балалар қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Петропавл қаласындағы Мәдениет және демалыс саябағындағы аттракциондарда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған Балалар үйлерінің, көпбалалы және аз қамтылғандар мен мүгедек баласы бар отбасылардан шыққан 2000 балаға 5 аттракционда тегін қызмет көрсетіледі.

Биылғы жылы мерекелік шаралар барысында “Улыбка” балалар қайырымдылық қоры “Яркое доброе лето” акциясын, Джемалединов ЖК “Мир Праздника “Божья коровка” акциясын өткізіп, одан түскен қаражат ауру балаларды емдетуге аударылмақ.

– Мерекелік шараларға облыстық Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының ұжымы да белсене атсалысады. Қалалық Мәдениет және демалыс саябағы аумағында “Бір шаңырақ астында” балалар шығармашылығының фестивалі өтеді. Облыстық, республикалық, халықаралық конкурстардың жеңімпаздарының қатысуымен концерт қойылады. Асфальтқа суреттер салудан, аспанға түрлі шарлар ұшырудан, оригами және аппликациялардан, бейнелеу және қолданбалы өнер бұйымдарынан конкурстар өтеді. “Қарасай”, “Жастар” стадиондарында “Планета” туристік станциясы және “Жас натуралистер” станциясының қатысушылары туристік көпсайыстардан өнер көрсетіп, түрлі жарыстар ұйымдастырады. Мерекелік шараның соңы сағат 16.00-де Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өтетін “Қарлығаш” би ансамблінің 40 жылдығына арналған концертке ұласады, – деді облыстық Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының директоры Владимир Новик .

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp