Ойын ойнаудың бірнеше түрлері бар. “Аударыспақ”, “Орамал”, “Сақина салу”, “Жаяу тартыс” және тағы басқалар. Бірақ бүгін сіздерді, балалар, “Кетті- кетті” деген ойынның түрімен таныстырғым келеді.
Ойынға қатысушылар санына шек қойылмайды. Ойын қыста – үйде, жазда таза ауада ойналады. Ойынға орамал, қолғап, басқа да ұсақ бұйымдар жарай береді.
Ойыншылар тізесін көтеріп, бір-біріне жақын айнала отырады. Бастаушының белгісі бойынша ойнаушының бірі орамалды көрсетпей екінші біреуге береді. Ойын осылай жалғасады. Тек ойнаушылардың сырт жағында жіп ұстап тұрған кісіге орамал көрінбеуі тиіс. Оның зейінін басқа нәрсеге аударып, жаңылдыру үшін ойыншылар “Әне, кетті, міне, кетті” деп шуылдап отырады. Егер ойын жүргізуші орамалды ұстаған адамды дер кезінде байқап, оны ұрып қалса, екеуі орын алмасады. Ал егер қателессе, ойыннан шығып қалады. Немесе бастаушының, яки кез келген ойын мүшесінің тілегін орындайтын болады.