«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТ – ЖОҒАРЫ САПАЛЫ және ҚОЛЖЕТІМДІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздің денсаулық сақтау саласы даму үстінде. Оны жаңғырту үшін жаңалық атаулы назарға алынып, түрлі бағдарламалар жасалып, бірқатар реформалар жүргізілді. Бұл өңіріміздегі денсаулық сақтау саласына қалай әсер етті деген сауалмен Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті облыстық департаментінің басшысы Дәуренбек Бейсембаевпен кездескен едік.

 

– Дәуренбек Жұмағұлұлы, 2010 жылдан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілуде. Біздің облысымызда аталмыш жүйені енгізудің нәтижесі қандай?

– 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының мақсатты индикаторларының бірі және бірегей механизмі – Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі.

Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДСЖ) – денсаулық сақтау саласын жаңғырту арқылы бәсекелі орта құрып, еліміздің имиджі мен денсаулықты жақсартудың әдісі. Оның негізгі мақсаты – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға негізделген тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру, басқару және менеджмент жүйесін жетілдіру, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру, қолжетімді және жоғары сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету.

 

Медициналық қызметтің бірыңғай төлеуші ұйымы ретінде Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің департаменті құрылды. 2010-2012 жылдар аралығында облыс тұрғындарына қызмет көрсету үшін 29 медициналық ұйыммен келісім жасалса, оның 4-еуі стационарлы және стационарды алмастыру көмегі бойынша. Сонымен қатар медициналық көмектің қолжетімділігі және сапалы қызмет көрсету бойынша жағдай жасау үшін республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат сомасы жыл сайын өсуде. Мысалы, стационарлық көмекке 4 миллиард 355 миллион теңге (160,3% өсті), стационарлық алмастыруға (күндізгі стационарлар және үйге жіберілетін стационар) 367 миллион теңге (7,8 есе өсті) бөлінді.

– Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі аясында облыстағы стационарлар бойынша бюджет қаншалықты өсті?

– 2013 жылы облыстық ауруханаға ең көп қаржы бөлінді. Аурухананың биылғы бюджетінің көлемі 1 миллиард 395 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ облыстық кардиологиялық орталыққа – 1 млрд. 310 млн. теңге (2009 жылы – 431 млн. теңге немесе 3 есе өсті), 3-ші қалалық ауруханаға – 1 млрд. 34 млн. теңге (2009 жылы – 605 млн. теңге немесе 71% өсті), облыстық балалар ауруханасына 694 млн. теңге (2009 жылы – 366 млн. теңге немесе 90% өсті) бөлінді.

Облыстық және қалалық ұйымдарда стационарлық көмек алу төмендесе (2009 жылғы деңгейден 20,2%-ға), стационарды алмастыратын технологиялармен көрсетілетін қызметті пайдалану артты (үйдегі стационар және күндізгі стационар деңгейінде емделгендер 3,1 есе өсті). 2009 жылдары “үйдегі стационар” көмегі науқас дәрілік препараттарды өзі сатып алу керек болғандықтан көрсетілмеді. Ал БҰДСЖ енгізілгеннен бері науқасты үйде емдеу бойынша барлық шығын республикалық бюджеттен төленеді. Өткен жылы 5175 науқас осындай емді қабылдады.

– Өңірімізде науқастарға заманауи технологиялар арқылы медициналық қызмет көрсетіле ме?

– Бүгінде жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге ерекше назар аударылуда. Егер осыдан 3 жыл бұрын өңірімізде мұндай көмек көрсетілмесе, енді Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің арқасында бәсекелі орта құру және аталмыш көмекті оған жұмсалатын барлық шығынын жабу арқылы көрсету мүмкіндігі жасалды.

2010 жылы облыс әкімінің қолдауының және Денсаулық сақтау басқармасының жүргізген саясатының арқасында 4 медициналық ұйымның 100 пациентіне алғаш жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді, ал өткен жылы облыстың 5 медициналық ұйымында мұндай көмекті 1050 пациент қабылдады. Сонымен қатар технологияларды енгізу саны өткен жылы 6-дан 71-ге дейін өсті.

2013 жылы облыстың 5 стационарында жалпы сомасы 866 миллион теңге болатын жоғары мамандандырылған көмек көрсету жоспарланып отыр. Жоғары мамандандырылған медициналық көмекті кардиологиялық орталық пен 3-ші қалалық аурухана көрсетіп отыр. Сонымен қатар үстіміздегі жылы кардиологиялық орталық және облыстық балалар ауруханасы негізінде кардиохирургиялық 583 ота жасалады. Біздің облыста осындай оталарды жасау қолға алынғалы бері миокард – жүрек талмасынан мүгедек болу және өлім-жітім жағдайы 2 есеге азайды.

– Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізуге байланысты қандай қосымша жаңалықтар енгізілді?

– Мемлекеттік қаржыландырудың арқасында медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базалары жылдан-жылға жақсарып келеді. Ал 2012 жылдан бастап облыстың медициналық ұйымдарына лизинг арқылы ақысы 50 миллион теңгеге дейін жабдықтар алуға мүмкіндік жасалды. Мемлекет ауқымды шығыстардың шығындарын төлейді. Соның ішінде шаруашылық жүргізу құқығындағы ұйымдарға 5 миллион теңгеге дейін жабдықтар сатып алуға қосымша қаражат бөледі. Осы мақсатқа биылғы жылы 26,2 миллион теңге қарастырылған.

Денсаулық сақтау министрлігі БҰДСЖ аясында медициналық ұйымдар үшін әрбір емделген ахуалға тарифті енгізуді қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар ұйымдастырды. Егер 2009 жылы тәулік бойғы стационарда емделген ахуал үшін тариф 45 мың теңге болса, 2013 жылы бұл сома 89 мың теңгеге жетті. 2009 жылы күндізгі стационарда емделген ахуал үшін тариф 11 мың теңге болса, ал 2013 жылы орташа бағасы 28 мың теңге. Әрбір емделген ахуал үшін төлем тарифінің құнына медициналық мамандардың біліктілігін арттыру қаржысы да енгізілген.

Сондай-ақ 2013 жылдың ерекшелігі – ауылдық денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың “жаһандық бюджетке” берілуі. Яғни, 13 аудандық орталық аурухана кешенді тариф бойынша жергілікті уәкілетті орган арқылы қаржыландырылады.

Созылмалы түрдегі сырқаттары бар патронажды науқастарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдастыруды жетілдіру үшін учаскелік терапевт, педиатр үшін екінші медбике тартылуда. 2011 жылдан бастап АМСК ұйымдарында бастапқы денсаулық сақтау жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін олар әлеуметтік қызметкерлермен, психологтермен қамтамасыз етілуде. Қант диабетімен ауыратындар мектебі және кабинеті ашылды. АМСК медициналық қызметкерлерінің ынтасын арттыру үшін олардың тарифіне қосымша “ынталандыру” компоненті төленеді.

Сонымен қатар департамент дәрі-дәрмек және азық-түлікті сатып алу, жалақыны уақытында төлеуді қамтамасыз ету үшін әр жылдың басында медициналық ұйымдарға аванс ретінде шарт сомасының 20 пайызын береді.

– Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласының алдында қандай міндеттер тұр?

– Бүгінгі күнгі басты міндеттердің бірі – бөлінген бюджет қаражатын тиімді және орынды пайдалану. Сонымен қатар медициналық ұйымдарда міндетті түрде басқару жүйесін және менеджментті ұйымдастыруды үздіксіз жетілдіру, облыс тұрғындарына медициналық көмек қолжетімді және сапалы болуын қамтамасыз ету керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp