«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЙЛАУАЛДЫ ТҰҒЫРНАМАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ барысы талқыланды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы саяси кеңесі бюросы мен аталмыш партия фракциясының бірлескен отырысы болып өтті. Облыс әкімі, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы Самат Ескендіровтің төрағалық етуімен өткен жиынға бюро мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, партияның аумақтық филиалдарының төрағалары мен олардың бірінші орынбасарлары, облыстық атқарушы органдардың басшылары қатысты. 

 

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Нұр Отан” ХДП-ның “Қазақстан. Мақсаттар – 2017. Ұлттық іс-қимыл жоспары” сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру барысы жайында Аққайың және Тайынша аудандарының әкімдері есеп берді. Аққайың ауданында аталмыш тұғырнамада көзделген тоғыз бағыттың барлығы бойынша жұмыс атқарылуда. Мәселен, аудан деңгейінде денсаулық сақтау саласында біраз істер тындырылған. Жеткізуші компаниялармен шарт жасалып, олар аудан тұрғындарын 70 пайызға дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде. Күніне 250 адам қабылдайтын емхана құрылысы жүргізілуде. 43 дене шынықтыру ұжымы жұмыс істейді, онда 5 мыңнан астам адам саламатты өмір салтын ұстанады. Экономикалық дамудың жаңа параметрлері бағыты бойынша ауданда әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға орай 8 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалған. “Жастар тәжірибесі” бағдарламасына бөлінген қаражат көлемі – 6 млн. теңге. Тұғырнамада 2016 жылға қарай жұмыссыздық деңгейін 4,4 пайызға азайту міндеті де айтылған. Осыған орай “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен жұмыс істеуге келген жастарға баспаналы болуға 8 несие мен 14 жәрдемақы берілген.

 

Баяндаманы мұқият тыңдаған соң өңір басшысы Самат Ескендіров аталмыш ауданның орталық ауруханасына қатысты сын айтты. Облыс әкімінің атына шағым түсіріп, онда орталық аудандық ауруханада жалақы бойынша берешек орын алғандығы айтылған. Өңір басшысы соңғы сапары барысында бұл емдеу мекемесінің жай-күйіне де көңілі толмаған. Ол осы мәселеге орай Денсаулық сақтау басқармасына тапсырма берген. Аудан әкімі Рүстем Елубаевқа да емдеу мекемесінің материалдық-техникалық жағдайын, ішкі ахуалды біліп, олқылықтар болса, орнын толтыруды тапсырды.

Тайынша ауданының әкімі Иван Турков негізінен аграрлық саладағы жетістіктерге тоқталды. Бұған дейін бюджеттің кіріс бөлігін орындау бойынша аудан жұмысына қатысты сын айтылып, Иван Турковқа жарты жыл ішінде орын алған проблемаға орай жедел шаралар қабылдау тапсырылған болатын. Самат Сапарбекұлы отырыс барысында аудан әкімінен соның жайжапсарын сұрастырды. Иван Турковтың айтуынша, Тайын-ша қаласы бойынша мамыр айында жерді сатып алудан түсетін қаржы көлемі 25 млн. теңге болады деп күтілуде. Бұған қоса агроқұрылымдар және шаруа қожалықтарының басшыларына жалақыны көтеру жөнінде ұсыныс берілген. Ауданға инвестор тарту арқылы да бюджеттің кіріс бөлігін толтыру көзделген. “Большой Изюм ауылында құс фабрикасы, Тайынша қаласында екі астық қабылдау пунктін салу жоспарланды, қосымша жұмыс орындары ашылса, салық салу базасын нығайтамыз. Алайда, бюджеттің кіріс бөлігі бойынша бүгінгі қалыптасқан тапшылықты жоюға жерді сатып алу және жалақыны көтеру нәтижесінде қол жеткіземіз”, – деді аудан әкімі.

Отырыста Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан – 2050” Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мәселесі де талқыланды. Облыстық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Антон Федяев атап өткендей, облыс орталығындағы 346 және аудандарда орналасқан 122 көпқабатты тұрғын үй жөндеуді қажет етеді. Соңғы екі жыл ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында Петропавл қаласы бойынша 98 үй жөнделген. Сондай-ақ Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы және Тайынша аудандарындағы көпқабатты үйлердің подъездері, инженерлік жүйелері мен лифтілері жаңартылған. Алдағы уақытта облыс орталығындағы 60 үйді жөндеу жоспарланған.

Жиында партия Жарғысының сақталуы және сайлауалды бағдарламаның орындалуы туралы облыстық мәслихат депутаттары да есеп берді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp