Осы аптада орныққан ауа райын барынша ұтымды пайдаланған облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары барлық дәнді дақылдар егістігі алқабының 84,6 пайызына ырыс дәнін сіңіріп үлгерді.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының кешегі күнге дейінгі жедел деректері бойынша, бұл жұмыста егістік танаптарының 90 пайыздан астамына тұқым сеуіп, оны осы аптадан қалдырмай аяқтауды көздеп отырған Уәлиханов, Айыртау, Мамлют, Ғабит Мүсірепов атындағы, Есіл және Шал ақын аудандарының егіншілері ширақ қимыл танытуда. Әзірге егіс науқанының 50 пайызын да еңсере алмай отырған ақжарлық диқандардан басқалары бірегей жоғары еңбек өнімділігін танытуда. Науқанның қазіргі нағыз қауырт қызу шағында күніне кем дегенде 205-210 мың гектардан тұқым себілуде. Ырыс дәнін сіңіру жұмыстарымен 3147 сеялкалық агрегаттар және 970 егіс кешендері айналысуда.
Майлы дақылдар себу жоспары асыра орындалды, атап айтқанда, межеленген 367,7 мың гектардың орнына бүгінде 396,6 мың гектарға тұқым дәні түсті. Бұл жұмысты облыстың барлық аудандары бітірді. Әсіресе, Қызылжар, Шал ақын, Тайынша және Аққайың аудандары егіншілері ерекше тындырымдылық танытты. Сол сияқты картоп отырғызу жұмысын Ақжар ауданынан басқалары толық тамамдады. Кезең-кезеңімен себілетін көкөністердің өзі жоспарланған алқаптың 91,7 пайызында себілді.
Көктемгі егіс-дала жұмыстары аясында 48,2 мың гектарға біржылдық шөп, 6,9 мың гектарға көпжылдық шөп, 11,4 мың гектарға сүрлемдік жүгері тұқымы сіңіріліп, 312,2 мың гектарға 19,0 мың тонна минералдық тыңайтқыштар берілді. Сөйтіп, облыс механизаторлары тұқым себуді агротехникалық қолайлы мерзімде аяқтағалы отыр.