Ертеде бір данышпан кісі болыпты. Ол кісі жан-жануар, құрт-құмырсқаның тілін біледі екен. Бір күні әлгі данышпан жолаушылап келе жатады. Жарты жолға келгенде ат шалдырып, демалып отырса, кішкентай құмырсқаның дән тасып жүргенін көреді. Оны жерден көтеріп алады. Алақанына салып тұрып:
– Қане, құмырсқа, айтшы, дәнді қайда алып барасың? – деп сұрайды.
– Илеуіме апарамын, – дейді құмырсқа.
Адам:
– Оны қайтесің?
– Кейінге сақтаймын, – дейді құмырсқа.
Адам:
– Көп жинайсың ба? – деп сұрайды.
Құмырсқа өз шаруасының жайын баяндап береді.
– Жаздай жұмыс істеп, жейтін азығымды жинаймын. Қыстыгүні қаннен-қаперсіз тынығып жатамын, – дейді ол.
Данышпан құмырсқаны шыр айналдыра қарай бастайды:
– Басың неге үлкен?
– Аз сөйлеп, көп ойлаймын.
– Белің неге қылдырықтай?
– Қомағай емеспін.
– Жылына қанша дән жейсің?
– Бір дән жеймін.
– Соған қанағат етесің бе?
– Одан көп жей берсем, жер бетіндегі басқа құмырсқалар аш қалмай ма? Қанағат керек қой!
Құмырсқаның ақылына, қанағатына, көрегендігіне сүйсінген данышпан оны сынап көрмек болады. Қорапқа бір дән салады да, құмырсқаны соған қоса қамайды. Сонан соң су тимейтін бір жайлы жерге орналастырады.
– Бір жылдан кейін келемін. Дәнің бар жейтін. Қамсыз жата бер, – дейді данышпан құмырсқаға ескертіп.
Осылайша құмырсқаның азықты қалай үнемдейтінін білгісі келеді.
Бір жыл өткен соң данышпан әлгі құмырсқаға қайта оралады. Өзі қойып кеткен жерден қорапты тауып алады. Құмырсқаның өлі-тірісін білмек болып, қорапты ашады. Қараса, құмырсқа тірі екен. Қасына қалдырған жалғыз дәннің жартысын ғана жепті. Бұған таңданған данышпан:
– Ей, құмырсқа, – депті мұның себебін білмек болып. – Сен жылына бір дән жеймін деп едің ғой. Мына дәнді неге түгел жемей, жартысын қалдырғансың? Не себептен сонша үнемдедің?
– Айтқаның дұрыс. Мен жылына бірақ дән жеймін. Ол рас. Ал сен мені қорапқа салып, қамап кеттің. Сыртқа шыға алмаймын. Егер сен мені бұл қамаудан босатуды ұмытып кетсең, тағы да бір жыл қамауда жататын едім. Бір дәнді түгел жеп қойсам, аштан өлмеймін бе? Соны ойлап, қанағат еттім, – депті құмырсқа.
Данышпан құмырсқаның шыдамдылығы мен тастай берік қанағатына қайран қалыпты. Оны қамап кеткенінің қиянат болғанын, азапқа салғанын енді түсініп:
– Менің істеген ісім дұрыс болмапты, кешір! – деп құмырсқаны қамаудан босатып жіберген екен.
Содан кейін данышпан қанағаттың қасиетін адам баласына үйретіпті.