Өңіріміздің аумағын дамыту бағдарламасы бойынша өткен жылғы көрсеткіші 2011 жылмен салыстырғанда 12 балға төмендеген. Бұл бұрнағы күні өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалығымен өткен әкімдіктің отырысында белгілі болды.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Отырыс барысында үш мәселе қаралса, алғашқысы – өңіріміздің аумақтарын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асырудағы 2012 жылғы көрсеткіштерді қорытындылауға қатысты болды. Бұл жайында баяндаған облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Зиядден Молдағанапов өткен жылы барлық салада мақсатты индикаторлар мен көрсеткіштер толыққанды орындалмағандығын жеткізді. Соның салдарынан 2011 жылы 92,6 балл алған өңіріміз былтыр тек 80,2 балға қол жеткізген. Өңірдің ішкі жалпы өнімі 667 миллиард теңге болса, өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтің жан басына шаққандағысы – 1164,9 мың теңге. Бұл “жетістігімізбен” республика бойынша 12-орынға тұрақтаппыз. Медицина саласында да олқылықтар бар.
Өткен жылы екі ана өлімі тіркеліп, алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем көрсету шығыны артқан. Өңіріміздегі дәрігер тапшылығы да көрсеткішті төмендетіп отыр. Бүгінде 227 дәрігер жетіспесе, оның – 100-і ауылдарға қажет. Облыс әкімінің сынына Ауыл шаруашылығы басқармасы да ілікті. Тоғыз ауданда мал шаруашылығы бәсеңдеп, соның салдарынан ет пен сүт өндіру төмендеген. Бұл саладағы екі индикатордың біреуі де орындалмаған. Табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында да олқылықтар анықталды. Өңіріміздің 2011-2015 жылдарға арналған аумақтарды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру жұмысының осындай ахуалда екенін атап көрсеткен Самат Ескендіров істері өрге баспаған басқармалар басшыларына сын айтып, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Зиядден Молдағанаповқа:
– Маңызды бағдарламаны үйлестіру Сіздің басқармаға жүктелген. Бірақ бұл жұмыс баяу жүргізілуде. Бағдарламаның жүзеге асу барысын бақылау жағы да нашар. Әр салада туындаған мәселелерді шұғыл шешудің жолдарын ұсыну керек. Барлық аудандар әкімдеріне қарап отырмай, олқылықтарды түзетуді тапсырамын, – деді.
Отырыс барысында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да сөз болды. 2010 жылдан бастап қолға алынған аталмыш бағдарлама арқасында 1000-нан аса жоба жүзеге асырылған. 2011 жылы бұл салада кәсіпкерлер тарапынан 74 өтініш мақұлданса, былтыр бұл көрсеткіш екі есеге артып, 151-ге жеткен. Алайда, өтініштердің басым бөлігі облыс орталығындағы кәсіпкерлерге тиесілі. Ал аудандардан Қызылжар және Мамлют қана белсенділік танытқан. Осы күнге дейін Ақжар мен Тимирязев аудандарынан бірде-бір ұсыныс түспепті. Бұл белсенділікті пайызбен есептесек, облыстағы шағын және орта бизнес өкілдерінің тек 4 пайызы аталмыш бағдарламаны пайдаланады екен. Бұған оның ел арасында кеңінен түсіндірілмеуі де себеп болуы мүмкін. Себебі, аграрлы өңірдің шаруа қожалықтары арасында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы қызығушылыққа ие емес. Бұған ауыл шаруашылығы саласындағылар “ҚазАгро” холдингі” АҚ-ның қолдауына басымдық беретіндігі себеп. Осы орайда Самат Сапарбекұлы:
– “ҚазАгро” холдингі” АҚ-ның қаржылай қолдау қоры сұраныс білдірушілердің бәріне бірдей жетпейді. Мал және өсімдік шаруашылығына қатысты жобаларды екінші деңгейлі банктер арқылы өткізуге болады. Кейін несиенің үстемеақысын “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бекіткен мөлшермен өтей аламыз, – деген ұсынысын айтты.
Мамандар бұл бағдарламаны облыста толыққанды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттің көлемі аздық етіп отырғандығын жеткізді. Қосымша тағы 300 миллион теңге қажет. Мәселен, көршілес жатқан Қостанай, Ақмола облыстарына бөлінген мақсатты трансферттер бізге тиесіліден екі есеге көп. Бұл ретте облыс әкімі бұған өңірде бастама жоққа тән екендігі себеп деді.
Әкімдіктің отырысында қаралған үшінші мәселе – балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру. Биыл облыста 19 лагерь жұмыс істеп, олар тек бір маусымда үш мың баланы демалыспен қамтымақ. Осының арқасында облыстағы балалардың 83 пайыздан астамы жазғы демалысты лагерьлерде өткізетін болады. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушылар Ақмола облысындағы “Арман” лагеріне барса, 70 дарынды бала Бурабайда, тағы 10-ы Алматы қаласында жазғы демалыстарын өткізеді. Ал қазір облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі және Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменттері лагерьлерде арнайы тексерістер жүргізуде. Олқылықтар бар. Бірі – өрт-сөндірушілердің, екіншілері – санитар-эпидемиологтардың талабын орындай алмауда. Жазғы лагерьлердің ашылуына 15 күн қалса да, демалыс орындарында жөндеу жұмыстарын бастамаған аудандар да бар. Осылай кейбір аудандар бар лагерьлердің құндай алмай жатса, Ақжар, Уәлиханов және Тайынша сияқты аудандарда жазғы лагерь мүлдем жоқ. Самат Ескендіров бұл мәселені қарастырып, келер жылға дейін шешуді тапсырды.
Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамту мәселесі де назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда осындай санаттағы 556 адам баспана кезегінде тұрса, осы күнге дейін тек 18 жетім бала тұрған үймен қамтылған.