«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ КӨПШІЛІГІ ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ КӨРМЕКШІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс әкімдігі жанындағы өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болып, онда “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша мемлекеттің көмегін сұраған бірнеше кәсіпкердің өтініштері қаралды. Отырысқа облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов төрағалық етті.  

 

Кеңес отырысында бағдарламаның “Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау” бағыты бойынша жеті кәсіпкердің өтініші қаралды. Екінші деңгейдегі банктерден алған несиелерінің жылдық сыйақы мөлшерлемесіне мемлекеттің демеуқаржысын немесе кепілдігін пайдалануды көздеген бұл кәсіпкерлердің бесеуіне қолдау көрсетілетін болды. Онда жарнама қызметтерімен айналысатын Юрий Пушкаловтың, халықаралық жүк тасымалын ұйымдастыруды кәсіптенген Сергей Кушнаренко мен Сафарбек Амиршоевтің жеке кәсіпкерліктері, сондай-ақ орта бизнестің тізгінін ұстап асфальтбетон қосындыларын шығаратын “Дорожник Ашық Аспан” ЖШС-і мен Тимур Токмухамбетов басшылық жасайтын көпсалалы жабдықтар шығаратын зауыттың өтініштері мақұлданды. Ал “Ашық Аспан – 2” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен “M.K.TRANS” жеке кәсіпкерлігінің өтініштерін тағы бір пысықтау үшін екі апта мерзім белгіленді. Өйткені, кәсіпкер Нина Мацкевич жекеменшік балабақша ашу ісін қолға алып отыр екен. Бұл жоба жүзеге асқалы тұрғанымен, олардың сатып алған ғимаратының дәл жанында балалар мекемесін ашуға қайшы келетін техника жөндеу орталығының орналасқандығы айтылды. Алайда, кәсіпкер ол нысанның жұмыс істемейтінін алға тартқанымен, кеңес отырысының төрағасы бұл мәселенің жай-жапсарын тиісті органдардың тексеруіне ұсынып, шешімін екі аптаның ішінде шығаруды тапсырды. Ал екінші өтініш иесі Артем Морозов қаланың теріскей бағытында жүк тасымалдайтын көліктерге арналған техникалық қызмет көрсететін станса салмақ. Ол бұл мақсаты үшін “Сбербанк России” АҚ-ның өңірлік филиалынан 112 миллион теңге қаржыны 14 пайыздық жылдық сыйақы мөлшерлемесімен алған. Егер аймақтық үйлестіру кеңесі оның банкке берешегінің сыйақы мөлшерлемесіне демеуқаржы беруді ұйғаратын болса, онда мемлекеттік қордан 19,4 миллион теңге бөлінеді екен. Ал “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына жақында енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге сүйенсек, бұл өтінішті қанағаттандырмаудың реті бар. Оның себебі бағдарлама қаржысына белгіленген лимиттің бар екендігімен түсіндірілді. Осыған байланысты бұл өтініш те кейінге қалдырылып, заң ережелеріне сай тағы бір тексеруді талап ететіндігі айтылды.

Бағдарламаның үшінші бағыты болып табылатын экспортқа бағдарланған өндірісті қолдау бойынша кәсіпкерлердің валюталық тәуекелділігін төмендету шеңберінде екі кәсіпкердің өтінішіне оң нәтиже шығарылды. Олардың екеуі де – ұн үгумен айналысып, өнімдерін шетел нарығына шығаратын кәсіпорындар.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері отырыс соңында “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” арқылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының жаңа бизнес-бастамаларды қолдау шарасы бойынша 2012 жылы мемлекеттік грантқа қол жеткізген шағын бизнес нысандарының бүгінгі ахуалы туралы ақпаратпен танысты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp