«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАҢ ИЕЛЕРІ ДЕС БЕРМЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Мамлют ауданының “Искра” сауықтыру-демалу лагерінде “Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте” атты шара өтті.

 

Медет БЕКІШЕВ,

орталық әдіскері, қоғамдық тілші.

 

Осы шараны ұйымдастыру мен өткізуге мұрындық болған – облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығы және аталмыш аудан әкімінің аппараты. Сайысқа Мамлют ауданынан “Егемен елдің сұңқары”, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан “Алғыр”, облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан “Денсаулық”, облыстық Туризм, спорт және дене шынықтыру басқармасынан “Сұңқар”, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан “Достық”, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан “Жасыл жасақ”, Қызылжар ауданынан “Тіл жанашырлары”, облыс әкімдігінің “Кардиологиялық орталық” шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнынан “Ақ жүрек”, Аққайың ауданынан “Ақ қайыңдар” – барлығы тоғыз команда қатысып, мемлекеттік мекемелерде қызмет атқаратын өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді қандай деңгейде меңгергендіктерін сарапқа салды.

 

Шараның салтанатты ашылуында облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспанов осындай шаралар ұдайы өткізіліп тұруы қажет екендігін атап өтті. Мамлют ауданының әкімі Қанат Қалиев өз сөзінде осындай сайыстардың ұйымдастырылуы мемлекеттік тілдің абыройын асқақтатуға септігін тигізетінін атап өтті. Облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Жанат Мұхамеджанов жарысқа қатысушыларды шараның күн тәртібі және бағыт карталарымен таныстырып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

Салтанатты шеруден кейін басты іс-шара басталып та кетті. Түске дейінгі өткізілген “Суреттер сөйлейді”, “Бәйге”, “Сөз шебері” сайыстарында командалар өздерінің тіл білу деңгейлерін берілген суреттер бойынша сөйлемдер құрастыру, ауызекі ойын жеткізу және ойланбастан кенеттен қойылған сұрақтарға жауап беру біліктіліктерін сарапқа салды.

Түстен кейін командалар өздерінің қазақтың тілін ғана емес, сонымен қатар, салт-дәстүрлері мен ұлттық ойындарын қандай деңгейде білетіндіктерін ортаға салып, тартымды тартыстар өткізді.

Сайыстың қорытындысын шығарған қазылар алқасы командалардың алған ұпайларының саны бойынша бірінші орынды алаң иелері – мамлюттік “Егемен елдің сұңқары” командасына, екінші орынды Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының “Алғыр” командасына берсе, жүлделі үшінші орынды облыстық кардио-орталықтың “Ақ жүрек” командасына берді. Сайыс жеңімпаздары дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ойынға қатысушы басқа командаларға да Алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp