Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау өңірлік орталығында Украинаның Луганск қаласындағы дипломнан кейінгі білім беру орталығымен “Ересектерді оқытудың түрлері мен әдістері” тақырыбында онлайн режімінде конференция өтті.
Қанат РАҚЫМЖАНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау өңірлік орталығы директорының орынбасары.
Өңірлік орталықтың оқытушысы Т.Михайлова мен жаттықтырушысы М.Клюев ересектермен сабақ өткізудің түрлері мен әдістері туралы айтып, шеберлік сыныптарын өткізді. Т.Михайлованың көтерген тақырыбы – “Мемлекеттік қызметшілерді оқытудағы даудамайсыз қарым-қатынас технологиясы”. Тыңдаушылардың дау-дамайсыз қарым-қатынасы басқарушылық қызметте қолайлы жағдай туғызып, өзара тиімді ынтымақтастық қалыптастыруға әсер ететіні туралы айтылды және оның тетіктері түсіндірілді. Өңірлік орталықтың жаттықтырушысы М.Клюев “Дамыту тренингтерін жүргізу әдістемесі” тақырыбын баяндап, бұл мәселенің де ересектерді оқыту түрлері мен әдістемелерін жетілдіруде ерекше орнын атап көрсетті.
Украиндықтар жағынан Тарас Шевченко атындағы Луганск ұлттық университетінің мемлекеттік қызмет кафедрасының меңгерушісі, профессор Е.Хрыков және Шығыс Украина арт-терапия қауымдастығының президенті, психологкеңесші, “Жизнь как чудо” тұлғаны дамыту халықаралық фестивалінің ұйымдастырушысы Е.Тарарина хабарлама жасады. Олардың ересектерді оқытуда интерактивті психотехниканы пайдалану туралы бизнес-жаттығуы мен мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруда андрагогика мақсаттарын жүзеге асыру тәжірибелері көрсетілді.
Шара соңында Луганск білім беру орталығы Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау өңірлік орталығын үстіміздегі жылдың қазан айында өтетін халықаралық конференцияға қатысуға шақырды.