«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МҰНАЙМАШТЫҢ” МАҚТАНЫШЫ – МЕДВЕДЕВТЕР ӘУЛЕТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еңбек әулеттері – кез келген кәсіпорынның тірегі, оның өткені, бүгіні мен болашағы. Олар кәсіпорынның жылдар бойы жалғасқан жетістіктері мен әлеуметтік маңыздылығының куәгерлері. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламалық мақаласында қоғамымыздағы еңбек адамына деген қадір-құрметті жоғары бағалады. Осы мақалада қойылған міндеттерді іске асыру үшін “Самұрық-Қа­зына” ҰӘҚ” АҚ-ы өзіне еншілес компанияларда еңбек ететін адамдардың басын қосып, жыл сайын Қор тобы кәсіпорындарының барлық ұжымдарымен бірлесіп, “Ең­бек әулеттері” күнін атап өтеді. Биыл акционерлік қоғам бұл мерекені 15 мамыр күні тойлады. Бұл шара қоғамдағы ұрпақтар сабақтастығы мен әлеуметтік тұрақтылықты ынталандыру үшін еңбек әулеттері институтын жариялау мен қолдауды игі тұтады.
Аталмыш мерекеге еліміздің түкпір-түкпірінен түрлі салада еңбек ететін 9 әулеттің еңбеккер үрім-бұтағы шақырылып, мереке шеңберінде олар Қордың “Еңбек әулеті” медалімен марапатталды. Олардың қатарында солтүстікқазақстандық әулет те бар. Машина жасау саласында еңбек етіп келе жатқан Медведевтер әулетінің бір кәсіпорындағы еңбек өтілдері 64 жылды құрайды. Бүгінгі “Мұнаймаш” АҚ-ның тарихы беттерінен бұл отбасының еңбек жолын көре аламыз. Осыған байланысты әулеттің үш буынына жолығып, олардың еңбек және өмір жолдарына бірге шолу жасаған едік.

 

 

Владимир Иванович:

“ҰРПАҒЫМ ҮШІН АЛАҢСЫЗБЫН

– Менің ата-анам 1930 жылы бұрынғы Соколов ауданынан Петропавл қаласына көшіп келген болатын. Мен онда екі жастамын. Әкем құрылыс саласында талай жыл еңбек еткен сылақшытас қалаушы екен. Ұлы Отан соғысына аттанған әкем 1943 жылы қаза тауып, анам үш баламен жесір қалды. Әрине, соғыс жылдары да, соғыстан кейінгі тұрмыс та кімге болсын оңай тиген жоқ. Ерте есейдік. Армия қатарына шақырылған мен 1953 жылы елге оралдым да, зауытқа жұмысқа орналастым. Онда бүгінгі “Мұнаймаш” Молотов атындағы зауыт болатын. Сонда еңбек ете жүріп, 1954 жылы Петропавлдағы механикалық техникумға сырттай оқуға түстім. Әрине, ол кездегі зауыттың жұмысының барлығы механикалық станоктармен, қолмен жасалатын. Тетіктерді жасауда дәлдік болмаса, шикізат пен уақыт ысырап. Сондықтан тәжірибе мен біліктілік қажет. Мен біразға дейін Владимир Чуриков деген еңбеккердің қарамағында жүріп, темір жонудың қырсырына үйрендім. Бүгінде бақилық болған оның бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда. Жақсы адам еді. Оны мен өзімнің алғашқы тәлімгерім санаймын.

Техникумды бітіргеннен кейін маған алғашқы разряд берілді. Оны мен нағыз мамандыққа аяқ басқанның белгісі деп ұқтым. Тәжірибем артып, біліктілік жоғарылаған сайын жұмыс жеңілдей түсті. Жастықтың қызуы бар, жұмыс арасында еңбек ете жүріп, көңіл көтеруді де ұмытпаймыз. Осылайша жыл артынан жыл ауысты. Отбасын құрып, балалы болдым. Үш баланы ер жеткізіп, аяқтарынан тұрғызу үшін жанталастық. 1959 жылы басқа зауытқа ауысу туралы ойым болды, бірақ “Мұнаймаштың” сол кездегі директоры жібермейтінін айтып, өтінішіме қол қоймады. Одан кейін аталмыш зауыттан кету ойымда болған жоқ. Онда инженер-технолог болып, тетіктердің құрылысына ұсыныстар жасап, өзімді көрсете біліп, жұмыс жақсы жүрді. Тәжірибе толыққан сайын әр детальді егжей-тегжейлі біліп аласың. Бірнеше өнертапқыштық ұсыныстар жасадым, оның бәрі еңбек кітапшама енгізілген (1954 жылы ашылған оның еңбек кітапшасы тек бір кәсіпорынның мұрағатында тұрғандықтан болар, жап-жаңа күйінде сақталыпты – Г.Қ.). Оның үстіне зауыт еңбеккерлері өзіңнің отбасыңдай ыстық болып кетеді.

Бүгінгі жастар неге зауыттарда еңбек еткісі келмейді деген мәселе көтеріліп жүргенін естимін. Шындығы керек, біздің заманымызда үлкен кәсіпорындарда, әсіресе, зауыттарда еңбек ететін адамдарға жақсы жағдай жасалатын. Зауыттың маманына аз еңбекақы төленбейді. Оларға тұрғын үй немесе жатақхана берілді. 13-ші жылдық еңбекақы деген тағы бар. Сондай-ақ зауытқа жұмысқа орналасу жеңіл болатын. Мүмкін, ол кезде Петропавлдың өзінде алты зауыт болып, оның әрқайсысында 5-7 мыңға дейін адам жұмыс істей алғандықтан да болар? Яғни, зауытқа жұмысқа қабылдану үшін үлкен сынақтың қажеті жоқ. Өндіріске басыңды бір сұғып алсаң, еті тірлігіңнің арқасында бәрін үйреніп аласың. Әрине, бүгінгі қоғам – техниканың заманы. Зауыттардағы жұмыс автоматтандырылған. Оған үлкен біліктілік пен білімділік керек екендігі сөзсіз. Дегенмен, біз жастарға өздерін көрсетуге мүмкіндік беруіміз керек. Мен еңбек еткен зауытта бүгінде үлкен ұлым мен немерем жұмыс істейді. Оларға ақыл айтып, кеңес бере алмаймын. Өйткені, зауыттың бүгінгі жұмысы басқаша ұйымдастырылады. Мен оларға тек еңбекке жауапкершілікпен қарауды, өз біліктіліктерін әрқашан жетілдіріп отыруды, ұжымға деген сыйластықты ұмытпауды ғана ақыл ретінде айта аламын. Олар өз міндеттерін менен артық біледі.

Әрине, балам зауытта еңбек еткісі келетінін айтқан кезде қуандым. Оның бұл әрекетін әкесінің еңбегін бағалағандығы деп білемін. Сондай-ақ балаңның көз алдыңда жүргені де жақсы. Еңбектене жүріп, өмірдің сырғып өткенін де байқамай қалыппын. Жұмыстың соңында жүріп, балаңның ізбасар болып қалғанын да аңғармаппын. Енді, міне, балаларым мен немерелерім еразамат болып, отбасыларын асырап, еңбектеніп жүргендігі – мен үшін үлкен бақыт. “Әкенің жиғаны балаға мал болмас” деген сияқты, мен балаларыма асып-тасыған байлық қалдырған жоқпын, бірақ оларға еңбекпен табылатын астың дәмді болатынын үйреттім. Енді бүгін олар үшін алаңсызбын, – деп әңгімесін аяқтады 86 жасқа аяқ басқан ақсақал.

Сергей Владимирович:

 

“ӘКЕМ САЛҒАН ЕҢБЕК ЖОЛЫ ҰНАЙДЫ”

– Мен өзімді әкеме ұқсатамын. Біздің еңбек жолымыз бен әуесқойлығымыз да сабақтасып жатыр. Ол балық аулағанды, бау-бақша баптағанды жақсы көреді, менің де қолымның бос кезіндегі әуестігім осылар. Ал техникаға, механикаға деген жақындық сүйекке біткен болар?

Менің әкем салған еңбек жолын таңдауым дұрыс деп ойлаймын. Мен де ол сияқты Петропавлдағы механикалық техникумды бітірдім. Еңбек етіп жүрген жерімнен Отан қорғаушылар қатарына шақыртылып, оны абыройлы атқарып келдім. Зауытқа қайта оралып, политехникалық институтты сырттай бітірдім. Әрине, мен бала кезімде әкемнің жұмыс орнында болып, оның қалай еңбектеніп жатқанын көрген емеспін, өйткені ол кезде біздің зауыт құпия өндіріс орны болатын. Бірақ мен оның еңбексүйгіштігін, өз ісіне деген жауапкершілігін, талаптылығын бала кезден көріп өстім. Осылайша әкемнің еңбегіне деген құрмет кішкентайымнан қалыптасты. Техникумда оқып жүрген кезде екеуіміз жұмыс барысы туралы ашық әңгімелесетін болдық. Мамандықты игеруге көмектесті. Бүгінде аталмыш зауыттың конструкторлар желісінде еңбек етемін. Жалпы 30 жылдан асқан еңбек өтілімде кәсіпорынның даму мен тоқырау кезеңдеріне куәгер болдым. Тіпті, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында зауыттың ахуалы қиындап, менің күнкөріс үшін құрылысқа кеткен кездерім де болды. Бірақ басқа еңбек ортасын оң қабылдай алмадым, зауытыма қайтып оралдым.

Әрине, бүгінгі техникалық даму заманында зауыттағы еңбек үдерісі қатты өзгерген. Мен еңбек жолымды бастаған кезде ондағы құрал-жабдықтардың жартысы Ұлы Отан соғысы жылдары батыстан эвакуацияланған қалпы жұмыс істеп тұрған еді. Тозығы жеткен станоктарда жұмыс істеу де жеңіл болған жоқ. Бүгінде зауыттың материалдық-техникалық базасы жаңғырған. Бірақ еңбекті ұйымдастыру өзгермеген. Оймен жұмыс істеу, жауапкершілік пен талаптылық, әр детальды дәлдікпен жасау – сол баяғы қалпында. Бүгінде техникалардың бөлшектері күрделене түскен. Сондықтан конструкторлық жұмыста ойлау қабілетіңді әрдайым шыңдап отыруың керек.

Ал ұлым Денистің басқа зауытта еңбек етіп, менің қасыма келгеніне бір жыл ғана. Ол бағдарламашы мамандығын таңдаған кезде менен ақыл сұрады. Әр ата-ана өз баласының қабілетін жақсы біледі ғой, сондықтан оның бұл талабына іштей қуанып қалдым. Сол кезде бірінші жасаған тұжырымым: біріншіден, бұл салада мен оған көмек көрсете аламын деп ойладым, екіншіден, машина жасау өндірісінің мамандары үшін жұмыс қашанда бар. Осылайша әулетіміздің еңбек ортасы өз-өзінен қалыптасты. Жалпы еңбек ортасында ұзақ жүргеннің өз артықшылықтары бар – біліктілігің жылдан-жылға шыңдала түседі, үйренген ортаңа өзіңнің қабілетіңді танытуға мүмкіндік мол, сондай-ақ кәсіпорынға деген жанашырлық сезімің өсіп, сені жауапкершілікпен еңбек етуге ынталандырады.

Денис Сергеевич:

“АТАМ мен ӘКЕМ  

ЕҢБЕК ЕТКЕН ОРТА ҚАСТЕРЛІ”

– Мен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді бітірдім. Еңбек жолым басқа зауытта басталғанымен, бүйрегім осы жаққа бұрып тұрды. Өйткені, мұнда атам еңбек еткен, әкем де осы жерде, сондай-ақ көптеген достарым да осы зауытта. Сондықтан менің бұл кәсіпорынның еңбек ортасын таңдауымда ешқандай күмәндану болған жоқ. Зауытқа жаңа құрал-жабдықтар әкелген кезде қосымша мамандар алып жатқанын естіп, осында ауыстым.

Атам мен әкем талай жыл еңбек еткен орта – мен үшін құрметті. Бұл зауыттың болашағы зор, жұмыс бар, сондай-ақ бұл кәсіпорынның қабырғасында менің еңбекте үлгі тұтатын адамдарым жүрген. Сондықтан осы мамандықты таңдауым дұрыс шешім деп ойлаймын. Әкемнен ақыл-кеңес сұрап тұруға намыстанбаймын. Өмір сүруді үйреніп жүрген адам, екеуімізге ортақ мамандықта бар оқыған-тоқығанын менің бойыма сіңіруге әрқашан дайын. Осы саладағы еңбек жолымды әрі қарай жалғастырамын. Ал атам еңбек еткен жылдары бұл саланың барлық жұмыстары механикалық тәсілмен жүргізілсе, бүгінде онда бәрі компьютерлендірілген. Сондықтан бүгінгі таңда зауытта жұмыс істеудің еш ауыртпалығы жоқ.

Әңгімелерін жазып алған

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp