Қазақстан – құқықтық мемлекет қалыптастыруды мақсат еткен ел. Бұл үдеріс ойдағыдай жүзеге асырылуда. Мемлекеттік басқару тиімділігін арттырумен қатар, жалпы елдің құқық қорғау жүйесін нығайту жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Бұған “Құқық қорғау қызметі туралы” Заң, күш құрылымдарында өткізілген кезектен тыс аттестаттау дәлел.
Нұрлан ШАБДАР,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің
(қаржы полициясы) бастығы.
Құқық қорғау жүйесі қызметінің алдағы стратегиясын Елбасы “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында айқындап берді. Президент: “Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады”, – деп атап айтып, алдағы қызметтегі бірқатар басымдықтарды белгілеген болатын.
Тәуелсіз Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабудың және экономикалық қауіпсіздікті қорғаудың алғы шебінде тұрған қаржы полициясына биыл 19 жыл толып отыр.
Осы мерзім ішінде мемлекет мүлкін талан-таражға салған талай алаяқтар мен ұрылар, парақорлар мен жалған кәсіпкерлер қаржы полицейлерінің қармағына түсті. Келтірілген миллиардтаған залал сомасы ел қазынасына өндірілуде.
Қаржы полициясының тарихына тоқталар болсақ, ол Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 11 ақпандағы “Қылмыспен күресті күшейту туралы” қаулысынан басталады. Осы қаулыда Министрлер Кабинетіне Қаржы министрлігі салық қызметінің жанынан салық милициясын құру тапсырылған еді. Бұл органға салық түрлерінің төлену-төленбеуін анықтау міндеті жүктелді. Өйткені, тәуелсіздігін жаңадан алған еліміздің экономикасы үшін салықтан түсетін қаржы аса қажет еді. Оның үстіне салық заңнамаларының осал тұстарын жақсы білетін салық төлеушілердің кейбірі бюджет қоржынына тиісті төлемдерін уақытында төлеп тұруға машықтанбаған. Сөйтіп, аталмыш қаулыға сәйкес Министрлер Кабинеті 1994 жылдың 6 маусымында уақытша Ереже қабылдады. Міне, осы күн елімізде салық полициясы органдарының құрылған күні болып есептеледі.
Кейіннен, яғни 1998 жылғы мамырдың 6-сында Президенттің “Экономикалық қылмыстармен күрес тиімділігін арттыру шаралары туралы” Жарлығы шықты. Осы Жарлық бойынша бұған дейін Ішкі істер министрлігінің құрамында болып келген Экономикалық полиция департаменті таратылып, соның негізінде Салық полициясы комитеті құрылды. Сондай-ақ, осы жылы комитеттің құрамына кіретін оның қалалық және облыстық бөлімшелері бөлініп, әрқайсысы жеке жұмыс істей бастады.
Бұдан кейін экономика дамып, қылмыстардың түрленіп, жалпы құқық қорғау жүйесінің дамуына байланысты салық полициясы Елбасы Жарлықтарымен Қазақстан Республикасының Қаржы полициясы агенттігі, бұдан кейін Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) болып қайта ұйымдастырылды. 2005 жылғы 25 ақпанда Елбасы аталған агенттікті Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде қайта ұйымдастыру туралы Жарлығына қол қойған болатын.
Ал 2011 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы кәсіби және басқа мейрамдардың тізіміне 6 маусым – Қаржы полициясының күні енгізілді.
Өткен мерзім аралығында қаржы полициясы қызметінің әлеуеті айтарлықтай артып, құрылымдық және кадрлық жағынан оң өзгерістер жүзеге асты, міндеттер ауқымы кеңейді.
Агенттік мамандандырылған құқық қорғау органы ретінде 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыс жасады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары белсенді түрде іске асырылуда.
Айта кету керек, қаржы полициясы органдарының жедел-қызметтік жұмысы сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуды арттырумен, оның жүйелі және ұйымдасқан түрлерінің жолын кесумен анықталған. Бұған қоса, “көлеңкелі” экономикаға қарсы тұру жұмысы жалғасуда. Бірақ кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне жөнсіз қол сұғуға рұқсат етілмейді. Бұл мәселе тікелей агенттіктің бақылауында.
Қаржы полициясы агенттігінің нұсқауы бойынша біз жаппай қылмыстық іс қозғаудан бас тартып, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударып отырмыз. Басқа сөзбен айтқанда, сандық көрсеткіштерден сапалық жағына ауыстық.
Кәсіби мерекені департамент жедел-қызметтік жұмысты жүзеге асыруда бірқатар табыстармен қарсы алуда. Мысалы, өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда анықталған маңызды экономикалық қылмыстар саны 54-тен 93-ке дейін, яғни 1,7 есеге артты, сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны 28-ден 43-ке дейін – 1,5 есеге, ауыр және аса ауыр қылмыстар 24-тен 70-ке дейін – 3 есеге, аяқталған және сотқа жолданған қылмыстық істер 37-ден 143-ке дейін – 3,8 есеге артты. Өндірілген залал мөлшері 58% құрап отыр (2012 жылдың 5 айында – 149,6 млн. теңге, 2013 жылдың 5 айында – 236,7 млн.теңге).
Мереке үстінде ардагерлерді де еске алмай кетуге болмайды. Олар – Борис Эрфурт, Қабидолла Жартанов, Ғомар Сәбиев, Аманжол Бимақов және тағы басқалары. Оларға Отан игілігі жолындағы көп жылғы мінсіз еңбегі үшін алғыс білдіреміз. Айта кету керек, ұжымымызда осы қызметті өздері алғаш ұйымдастырған қызметкерлер де еңбек етуде. Олар – білімді де білікті мамандар Сәбит Байтеленов, Қайырбек Мұқанов, Қанат Бұрмағанов, Дулат Қожанов.
Егемен Қазақстанның қаржы полициясы органы еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп-қатер мен сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуға бар күшін салуда. Бір сөзбен айтқанда, жұмысымыз Елбасының тапсырмаларын табысты іске асыруға бағытталған.
Департаменттің жеке құрамын және ардагерлерді бүгінгі кәсіби мерекеміз – Қаржы полициясы күнімен құттықтаймын! Барша әріптестерімізге қиын да игілікті жұмысымызда қажымас қайрат, батылдық, денсаулық, бақыт, отбасыларына амандық тілеймін!