«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Алаштың ардақтысы – Абылай хан

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылы Абылай ханның туғанына үш жүз жыл толуына арналған салтанат өткізілмек. Бұл мерейтойды екі жыл кейінге қалдыруда тұрған ештеңе жоқ: “Ештен кеш жақсы” дейді ғой.

 

Қадыржан ӘБУЕВ,

Шоқан Уәлиханов атындағы

Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры,

тарих ғылымының докторы.

Абылай хан (1711-1781) – қазақ тарихындағы аса көрнекті тұлға, осызаманғы Орталық Азияның ірі мемлекет қайраткерлерінің бірі. Қазақстанның жалпыұлттық бірлігі, мемлекеттік тәуелсіздігі мен аумағының тұтастығы Абылай ханның есімімен байланысты. Нақ осы мақсаттарға жету жолында оның  жан-жақты табиғи дарыны: мемлекет қайраткері ретіндегі парасаты, жеке басының қаһармандығы, қолбасылық, кемеңгерлік қабілеті, көрегендігі мен саясаткерлік таланты жарқырап көрінді. “Сабалақ” атанып, беймәлім болып жүрген жылқышы осының арқасында хан дәрежесіне жетіп, өзінің заманындағы көрнекті қайраткер биігіне көтерілді.

 

Кеңес өкіметі тұсында Абылайдың бұл сипаттары теріс бағаланып келді. Көрнекті кеңес тарихшысы, академик Анна Панкратова: “Тарихи шындыққа қарамай, бірқатар тарихшылар қазақ халқының тарихын қалайда кемсітуге тырысады. Мен осыған ұқсас жағдайлардағы грузин патшалары мен өзбек хандары озық қайраткерлер делініп, ал қазақтар Абылай мен Кенесары Қасымовты неге қаралауға тиіс екендігін мүлде түсінбеймін” (“Вопросы истории”. 1989. №11) деп жазды.

Абылай ханның нағыз өзіне лайық бағасы 1991 жылдан былай беріле бастады. 1991 жылдың 2 тамызында Көкшетауда Абылай ханның туғанына 280 жыл толуына арналып, “Абылай және қазақ халқының ХVІІІ ғасырдағы ұлтазаттық күресі” деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Оның жұмысына еліміздің бір шоғыр көрнекті ғалымдары қатысып, сөйледі. Конференцияны Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Өмірзақ Сұлтанғазин ашып, қорытындылады.

Осы жиында ғалымдар Абылай хан туралы жасырмай айтуға бірауыздан ден қойды. Бұл орайда оның шыққан тегі туралы бірауызды пайымдау және туған, қайтыс болған жылдары жайында жаңсақтыққа жол бермеу керектігі жөнінде байлам жасалды.

Конференцияда Абылайдың Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтыны талассыз мойындалды. Сондай-ақ одан соңғы бабалары Жәңгір хан, оның ұлы Уәли, Уәлидің ұлы “Қанішер” Абылай екені айтылды. 1723 жылы әкесі – Түркістанның билеушісі “Көркем” Уәли сұлтан қаза тауып, Әбілмансұр (Абылай) тұл жетім қалады. Арада қауіп-қатерге толы біраз жылдар өткенде Абылай Көкшетауда жүріп, Бөгенбай батырдың қалмаққа қарсы қол жиып жатқанын естиді. Абылай жылқысын бағып жүрген Дәулетбай есімді бай оған қалың жылқысынан “Ер қанаты” деп “Шалқұйрық” деген жүйрікті бергенін Шоқан Уәлиханов: “Осы Шалқұйрық Абылайдың батыр атын шығарып, қырғыздардың (қазақтардың) құрметіне бөлендірген жылқы болды”. (Ш. Уәлиханов. Шығармаларының жинағы. 1-том. 217-бет) деп жазды.

Көкшетаудағы конференцияда Абылайдың 1711 жылы туғанына барша ғалымдар ден қойды. Алайда, мұнымен кейбіреулер келіспей жүр. Атап айтқанда, көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин оны 1713 жылы туған деп пайымдайды. Ол хан 1711 жылы туды деген дәйек ешбір тарихи құжатта жазылмаған деген ойын алға тартады. Бірақ тарихи деректер бар. Мысалы, Ш.Уәлиханов тарихи сараптамаларға сүйене отырып, “1723 жылы Уәли сұлтан мерт болғанда оның он үш жасар ұлы Абылайды құлдарының бірі аман сақтап қалған” деп жазған. Егер 1723 жылы Абылай 13 жаста болса, ол 1711 жылдан кейін тумағаны ғой. Бұл бір болса, екіншіден, Абылайдың ұлы Уәли сұлтан әкесінің дүниеден өтуі туралы алғашқы хабарында оны 69 жасқа қарағанда қайтыс болды, дейді. Ал осыдан кейін Екінші Екатеринаға 1781 жылдың тамызында “Менің әкем Абылай хан алпыс тоғыз жасқа толғаннан кейін қайтыс болды” деген хабар жеткізеді. Егер Абылай хан 1781 жылдың басында қайтыс болса, (академик Р. Сүлейменов пен профессор В. Моисеев оны 1780 жылы көз жұмды деп жазған), 69 жасқа толып, жетпіске аяқ басқан болып шықпай ма? Демек, ол 1711 жылы туған ғой. Үшіншіден, А.Левшин құжаттарды салыстыра келіп: “1781 жылы Абылай Ресей шекарасына оралады. Алайда, ол 70-ке қараған шағында жол үстінде қайтыс болып, Түркістанда жерленді” деп дәйектеген (А.И.Левшин. “Қырғыз-қайсақ ордалары мен даласы туралы жазбалары”. Алматы. 1996 ж.).

Бұрыннан белгілі болғанындай, Әбілмансұр ойраттың батыры Шарышты жекпе-жекте өлтіреді. Бұл оқиға туралы жазбаша да, ауызша да деректер бар. Мысалы, Орынбор комиссиясының бастығы Н. Неплюев пен жоңғар елшілерінің кездесуіндегі хаттамада: “Содан кейін соңғы соғыстардың бірінде жоңғарларға тұтқынға түскен Абылай сұлтан жайында сөз болды. Бұған аналар: “Ол Қалдан Сереннің атақты және жақын адамын өлтірді. Ол сол үшін қамауда отыр. Алайда, оған барынша жақсы жағдай жасалған” деп жауап берген” (“ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ-орыс қарымқатынастары”. Алматы. 1961).

Бірақ бұл құжатта аталған жекпе-жектің қашан және қай жерде өткені жайында дерек жоқ. Біздіңше, бұл жекпе-жек “Аңырақай шайқасы” басталар алдында болған. Бұл болжамға көптеген деректер көз жеткізеді. 1727 жылы “Қалмақ қырылған” деп атап кеткен Қарасиыр деген жерде жеңілгеннен кейін жоңғар билеушісі Қалдан Серен қалайда кек қайтаруға жатпай-тұрмай дайындалады. Бұл соғыс 1729 яки 1730 жылдардың бірінде өткен. Бұл шайқас Балқаштан түстікке қарай 120 шақырымдай жердегі Итішпес деген көлдің бойында болған. Ол “Аңырақай шайқасы” деп аталған. Бұл соғысты 1730 жылы өтті деп жазатын Мұхамеджан Тынышбаев осы ретте ауыз әдебиетін жинаушы Әбубәкір Диваев пен академик Василий Бартольдтің дәйектемелеріне сүйенеді. Олар бұл соғыс 1723 жылдан 1730 жылға дейін жалғасты дейді.

Бұл нұсқаны Бұқар және Үмбетей жыраулар өз жырларында дәйектей түседі. Екі жырау да Абылай 20 жасында даңққа бөленгенін жырлайды. Осы “Аңырақай шайқасында” 20 жасар Абылайдың көзге түскені, содан соң оның даңқты жолы басталғаны “Қазақстан тарихының” 2000 жылы жарияланған 3-томында жазылған.

Әкесі Болат ханнан кейін аға хан болып сайланған Әбілмәмбет жекпе-жекте ойраттың жауынгері Шарыштың басын қағып тастаған қазақтың жас батырын өзінің шатырына алдырғаны аңыздарда айтылады. Амандық-саулықтан соң хан жас батырдан жауға қарсы “Абылайлап!” шабуының мәнісін сұрайды. Жас батыр өзінің ата-тегін осы жерде айтып береді. Содан барып батырдың ханмен жақын туыс екендігі анықталады. Туысына риза болған Әбілмәмбет оны Орта жүздің билеушісі етіп тағайындап, бұдан былай есімін “Абылай” атауды тапсырады. Сөйтіп, Әбілмансұр Абылай атанып кетеді.

Р.Сүлейменов пен В.Моисеевтің Абылайды 1780 жылы қайтыс болды дегендерінің жаны бар сияқты. Ресей империясының сыртқы саясат мұрағатында “Абылай ханның қайтыс болуы туралы” деген жеке папка бар. Ондағы құжаттарда Абылайдың өмірден өтуі жайында генерал Н. Огаревке хабар 1781 жылдың мамырында келіп жеткен. Осы құжаттың негізінде орыс деректерінде Абылай хан 1781 жылы қайтыс болды делініп келген. Хан Түркістанда өмірден озғанын, содан қырық күннен кейін дұғасы берілгенін, оның ұлы Уәли хан болып сайланған соң Сібірге Абылайдың қайтқанын хабарлауға адам жіберуге біршама уақыт өткенін ескергенде бұл 1781 жылдың басына тұспа-тұс келеді. Осы орайда Ш.Уәлиханов Абылайдың туыстары жерленген Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жанында 1781 жылы қойылғанын жазады (Ш. Уәлиханов. Шығармаларының жинағы. 4-том ).

Осы деректерге сүйене келгенде Абылайды 1711 жылы туып, 1781 жылы қайтыс болды деп тұжырым жасаймыз.

Өзі билік құрған уақытта Абылай Қазақ хандығын күшейтіп, Ресеймен, Қытаймен жан-жақты саяси және сауда-саттық байланыс орнатты. Осының арқасында Орталық Азияда Қазақ хандығының да, оның билеушісінің де абыройбеделі артты. Сөйтіп, ол “Ұлы хан” атағына ие болды. Бұл орайда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Тарих толқынында” атты кітабында Абылай өзінің сенім артқан батырларымен бірге асқан ерлік жасап, сол бір қаһарлы да қытымыр ғасырда қазақ халқының рухын асқақтатқанын жазды.

Бірақ Абылай қайта өрлеткен, оның жеке басының беделімен күшейген Қазақ хандығы ол өмірден өтісімен әлсіреп, Ресейге тәуелді бола бастады да, ХІХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары дербес мемлекет болудан қалды. Алайда, қазақ халқының Абылай дарытып кеткен рухани күш-қуаты, бірлігі мен келісімі сейілмеді. Бұл рух ХІХ ғасырдағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстарына серпін беріп отырды. Ақыры осы рухани күш-қуат жиырмасыншы ғасырда да жалғасып, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске ұласты. Мұның басында “Алаш” қозғалысының ардақтылары тұрғанын тарихтан білеміз. Мұндай халық толқуы 1986 жылғы желтоқсанда жалғасты. Абылай сынды данышпан ханның ұлы арманы 1991 жылы ақиқатқа айналып, 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні болып жарияланды.

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp