Күлбарам БАЯЗИТОВА,
ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, М.Қозыбаев атындағы
СҚМУ-дің доценті.
Қоғамды дамытудың осызаманғы кезеңінде адамзаттың басқа мәселелерінің ішінде азық-түлік бағдарламасы аса маңызды орын алады. Тұрғындардың тамақтану деңгейі адам ағзасын құнарлы заттармен қажетті деңгейде қамтамасыз ете алмайды. Бұл проблеманы шешудің бір жолы мал, атап айтқанда, сүтті мал шаруашылығын дамыту болып табылады. Ол сүттің және одан өндірілетін сүт тағамдарының биологиялық құндылығына, осы өнімдердің қалың бұқара үшін қолжетімділігіне, сол сияқты сүт пен сүт тағамдарын күн сайын рационына енгізуіне байланысты. Осы келтірілген дәлелдердің өзінен-ақ сүт өндіруді ұлғайту қажет екендігі көрінеді. Соған байланысты республикамызға генетикалық әлеуеті жоғары мал әкеліне бастады.
Өсімдік шаруашылығында “сұрыпты” технология мамандығы бойынша тұқымның интенсивті түрін пайдалану басымдыққа ие болса, отандық және импорттық сұрыптағы жоғары өнімді мал генотипін жүзеге асыру үшін малды азықтандыру, ұстау және пайдаланудың ерекше “тұқымдық” технологиясын қажет етеді.
Жетілдірілген жоғары өнімді мал азықтандыру мен ұстау жағдайына талапшыл болып келеді. Егер біздің отандық далалық қызыл, қара ала және басқа сиырлар қанағаттанғысыз азықтандыру жағдайында да өмір сүріп, өнім беретін болса, голштин тұқымды сиыр мен олардың будандарынан өздерінің тұқым қуалау ерекшеліктеріне байланысты қолайлы ортада ғана қажетті мөлшерде өнім ала аласың.
Төлдейтін бұзау өсіру 16-18 айда тірі салмағы 400-430 кило тартатындай қарқынды жүргізілуі керек. Бұзаулардың тәуліктік салмақ қосуы 6 айға дейін – 900 грамды, 6-12 айда – 800 грамды, бір жастан кейін 700 грамды құрауы тиіс.
Сиырлардың құнарлы сүтті тұқымдарынан мол сүт сауу және әр сиырда олардың генотипін жүзеге асыру үшін малды жыл бойы, ең аз дегенде, 55 центнер жоғары сапалы жемазық бірлігімен, оның ішінде заттай кемінде: 10 ц. – шөппен, 10 ц. – пішендемемен, 60 ц – сүрлеммен, 22 ц. тамыр жеміспен азықтандыру қажет. Рацион осындай жоғары сапалы жем-азықтан құралғанда ғана құнарлылық туралы сөз қозғауға болады.
Голштиндер мен олардың будандары далалық қызыл сиырларға қарағанда, салмағы жағынан ірі және тұрқы ұзын болып келетіндігін де естен шығаруға болмайды. Сондықтан қысқа қоршаулы орындармен жабдықталған ескі қораларды пайдаланатын шаруашылықтар ондай ғимаратта қайта жабдықтау жүргізуге тиіс. Серуендеуге арналған алаңдарға мал, әсіресе, олардың қара ала тұқымдары үшін көлеңкелі жаппалар жасалады. Малды пайдаланған кезде екі режімді сауу аспаптары, миксержемазықтаратқыш сияқты алдыңғы қатарлы техника қолданылады, компьютерлік технология енгізіледі.
Әрине, жоғарыда айтылған барлық талаптарды сақтау және бақылау үшін кәсіби мамандар қажет. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы” мамандығы бойынша кадрлар әзірлеу лицензиясына қол жеткізді. Соған орай Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірге облыстың мал шаруашылығын білікті жас кадрлармен қамтамасыз етуге біз де үлес қосамыз деп ойлаймын.