Владимир Дремасов қызметі өсіп, Жамбыл аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалады. Оның қазақша сөйлегенде ана-мына қазаққа дес бермейтінін, тіпті, қазақша әзіл қағытып, жұртты бір күлдіріп алатын әдеті барын жаңа қызметке барған жердің тұрғындары біле қоймаса керек.
Әлмисақтан келе жатқан әдет қой, Дремасов та жаңа қызметін аудандағы ауылдардың жағдайымен танысудан бастайды. Жүрген жерінде жиынды орыс тілінде өткізеді. Бірде шалғайдағы бөлімше болып отырған бір қазақ ауылына барып қайтуды жөн көреді.
Қара суық жел ойнаған күздің соңғы айы болса керек. Ауылға жақындағанда бір қайқаңнан өте бере машина тоқтап қалады. Жүргізушісі сыр берген тетікті аударып-төңкеріп, іске қоса алмайды. Қара суық желге жаураған бұлар далада біраз тұрып қалады.
Әлден уақытта ауыл жақтан шыққан жеңіл машинаның қарасы көрінеді. Бұлар оны тоқтатып, жөн сұраса, ауыл бригадирі екен. Мән-жайды білген соң әлгі бригадир бұлардың машинасын соңына тіркеп, үйінің жанына алып келеді. Сынған тетікті тауып беріп, машинаны жөндеуге көмектеседі. Машиналары жөнделген соң Дремасов кейін қайтпақ болады.
– Үй іргесіне келіп, құрауыз кетесіздер ме?! Онсыз да далада біраз тұрып қалдыңыз. Үйге кіріп, жүрек жалғап алыңыз, – дейді бригадир жігіт қазақшылық танытып.
– Оның да жөн екен, – деп Дремасов бригадирдің соңынан ереді. Үйге кірген қонақтарды бригадирдің келіншегі жылы шыраймен қарсы алып, дастарқан жая бастайды. Арасында күйеуіне:
– Қонақ келгенін неге ескертпедің, бірдеңе пісіріп, дайындап қоятын едім ғой, – деп қысылған сыңай танытады.
– Оқасы жоқ, кешегі қонақтардан қалған-құтқан етке пияз қосып, қуырып әкеле сал. Орыстар ғой, мүше іздеп жатпас, – дейді күйеуі де әйеліне кеңшілік жасап. Дастарқанға жайғасқан соң Дремасов:
– Келінжан, қысылмаңыз. “Ашыққанда жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес” деуші еді, мынау қалған-құтқан да ас болады, – дейді күлімсіреп. Ауданға келген жаңа басшының қазақша сөйлегенін естіп, қатты ұялған үй иелері қоярда-қоймай қайта қазан көтеріпті. Сөйтіп, қонақтар ас ішіп, түннің бір уағында аттанса керек.