«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

9 БАЛА ӨСІРГЕН АНА 24 немере мен 19 шөбере сүйіп отыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүл НҰРАЛИНА,

журналист.

Талай дүрбелең оқиғалардың куәсі болған Тайынша өңірінде қазіргі таңда көненің көзіндей ортамызда жүрген ел қадірлеген, халқына сыйлы қарияларымыз баршылық. Солардың бірі – бүгінде жасы сексеннің алтауынан асып бара жатқан, көкірегі сырға толы, шежіре, оқыған-тоқығаны мол апамыз Мәрия Түкенова. Бүгінгі таңда ол – немере-шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты әже. Жуырда апамызды арнайы іздеп барып, әңгімеге тартқан едік. Әжеміз ғасырға жуық өмір жолына көз жүгіртіп, қайта оралмас өмір кезеңдерін еске алды. Ол бір сәт терең ойға шомып отырды да, терең күрсініп алып, ең алдымен өзін өмірге әкелген ата-анасын еске ала отырып, әңгімесін бастап кетті.


 

 

– Ата-анам шылқыған бай болмаса да, қуатты, орташа өмір сүрді. Отбасында 3 бала болдық. Жалпы менің ата-бабаларым Атбасар өңірінде тұрып, кейін тағдырдың жазуымен осы жаққа көшіп келген екен. Ұлы Отан соғысының ауыр күндерін көппен бірге бастан өткіздік. Соғыста екі нағашым хабарсыз кетті. Соғыстың тез аяқталуын тіледік. Майданға кеткен туған-туыс, жерлестерімізді сағынып, көз жасымызды төгіп алатынбыз, – деді әже көзіне жас алып.

– Ал сол соғыста менің болашақ жарымның жүргенін кім білген?! 1948 жылы қан майданнан аман-есен оралған, осы өңірдегі Бірлік ауылының тумасы Сейпи Түкенов аталарыңмен танысып, дәм-тұзымыз жарасып, шаңырақ көтеріп, отау тіктік, – деп әжеміз бір шаттанып қалды.

Иә, Түкеновтер отбасы осылайша құрылған. Дүниеге 5 ұл және 4 қыз келеді. “Жазмыштан озмыш жоқ” дегендей, Құдай қосқан қосағы, отағасы Сейпи Түкенов 79 жасында 1991 жылы дүниеден озды. Міне, содан бері де 22 жыл өтті. Балалар есейіп, ержетті. Бүгінде 9 баласынан 24 немере, 19 шөбере сүйіп, ұрпағының қуанышына бөленіп отырған Мәрия әжеміз өзін бақытты санайды. Ол сөз арасында:

– Осындай бақытқа жеткізіп кеткен өмірлік серігім, Ұлы Отан соғысының ардагері, балаларымның ардақты әкесі деп білемін. Немерелеріме де әр кез айтып, аталарының өмірін, адал істері мен өзі түгіл өзгеге деген ақ пейілін, дархандығы мен сабырлығын мақтанышпен айтып отырамын, – дейді әжеміз ерекше бір сезімге бөленіп.

Өмірлік серігі, жары болған Сейпи атамыз соғыстың дабылы естілген алғашқы күннен-ақ “Бәрі Отан үшін!”, “Бәрі Жеңіс үшін!” деген ұранның екпініне ерік берген ел азаматының бірі еді. Майданда өзінің айрықша батыл жігіт екендігін айғақтап, талай мәрте ерліктің үлгісін көрсетеді. Әжеміздің айтуы бойынша, соғыс ардагерінің майдан соқпақтарындағы ерліктері жетерлік. Атап айтсақ, Германия, Жапон соғысындағы жеңісі үшін мерейтойлық медальдары мен “ІІ дәрежелі Отан соғысы” ордені – осы ерліктерінің бірден-бір белгісі. Атамыз соғыстан кейінгі бейбіт күндерде де ерінбей жұмыс істеп, еңбек майданының ортасында жүрді. Тың игеру жылдарындағы еңбегі де ерекше. Тіпті, тіркеме тракторда бірге жүріп, бірлесе еңбек атқарған да осы ерлізайыптылар болған.

Әжей көп нәрсені ұмытпапты. 90-ға аяқ басса да, халық әндері мен баталы сөздерді жатқа айтады.

– Өмір болған соң жоқшылықты да, тоқтықты да, жақсыны да, жаманды да көрдім. Аллаға, тағдырыма ризамын, тек тілейтінім – келешек ұрпақ аман, еліміз тыныш болса екен, – деп сөзін батамен аяқтады ол.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp