«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАЛАПАН” – ЖАУҚАЗЫНДАРҒА ЖАЙЫЛҒАН АЯЛЫ АЛАҚАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде білім және ғылым жүйесі бойынша негізгі бағыттарды жүзеге асыруда атап айтуға тұрарлық жетістіктер бар. Мектеп жасына дейінгі балаларды оқу-тәрбие жұмысымен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған “Балапан” бағдарламасының бүгінгі таңдағы беталысына тоқталайық.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері республика бойынша балабақшалар – 1211, шағын орталықтар 2811 бірлікке артып, қазіргі таңда еліміз бойынша 8590 мектепке дейінгі ұйым қызмет көрсетеді. Соның ішінде 2013 жылғы 1 маусымға дейінгі облыс көрсеткіші 583 бірлікті құрайды. Оның 72-сі – балабақша, 1-і – “Мектеп-балабақша” кешені және 510-ы – шағын орталықтар. Бұрынғы жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі мекемелерге қосымша Петропавл қаласында “Ілиясов” ЖК 75 орындық жекеменшік шағын орталығын ашты. Оған мемлекеттік тапсырыс бойынша да балалар орналастырылған. Сонымен қатар аудандардағы қолданыстағы балабақшаларды кеңейту есебінен 188 жаңа орын ашылды. Мектепке дейінгі мекемелерде барлығы 23765 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бүгінгі күні балаларды мектепке дейінгі тәрбие және білім беру мекемелерімен қамтамасыз ету деңгейі 88,5%-ға жетті.


 

 

Еліміздегі мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің жаңа стандарттарының талаптарына сәйкес бұрынғы әзірленген оқыту бағдарламалары мультимедиалық, аннимациялық, дамыту ойындары, интерактивті оқыту бағдарламалары, денсаулық сақтау, жобалық-зерттеушілік, зияткерлік технологиялар негізінде жетілдірілуде. Осындай жаңашылдықты уақтылы меңгеру мақсатында облыстың мектепке дейінгі Білім беретін мекемелерінің педагог кадрларын қайта даярлықтан өткізу жолға қойылған. Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Күлпаш Қалғожинаның айтуынша, бұл шараға жергілікті бюджеттен (2011-2012 ж.ж.) 36 миллион теңге қаражат бөлінген. Осыған орай Білім басқармасының мұрындық болуымен Петропавл қаласындағы М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж негізінде педагог кадрлар қайта даярлықтан өтуде. 2011-2012 жылдар ішінде мектепке дейінгі мекемелердің 1320 педагогі білімін жетілдірген.

– 2013 жылдың қыркүйек айынан облысымыздың мектепке дейінгі білім беру мекемелері оқу-тәрбие үдерісін қайта бекітілген жаңа стандарт бойынша жүргізе бастайды. Оқыту мен тәрбиелеу кезінде мектепке дейінгі мекемелердің педагогтері оқытудың жаңа технологияларын – балаларды дамытатын ойындар мен құралдарды, қоршаған ортамен таныстыратын тәжірибелік және шығармашылық жұмысқа арналған зертханалық жиынтықтарды, жұмыс дәптерлерін, магниттік плакат-альбомдарды, оқу және оқыту бейне- жазбалары мен телебағдарламаларды, бала ойын дамытуға арналған компьютерлік ойындар мен электрондық көрнекі құралдарды, интеграцияландырылған шығармашылық ортаны, тіпті, құрамында бағдарлама бойынша сабақтарға арналған түрлі дидактикалық материалдар енгізілген электрондық оқу-әдістемелік кешендерді, аннимациялық элементтері бар фотоматериалдар мен диагностикалық материалдарды пайдаланатын болады, – дейді Күлпаш Әміржанқызы.

Балабақшалар педагогтер мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейте түсетін, жаңа заман ұрпақтарын оқытатын техникалық құрал-жабдықтар – проекторлармен, экрандармен, мультимедиалық компьютерлермен, сенсорлық интерактивті тақталармен қамтамасыз етілген. Проекторлары және дыбыс колонкалары сенсорлық қағидатпен әрекет ететін интерактивті тақталар Петропавл қаласындағы “Петушок”, “Ақ бота”, “Батыр” балабақшаларында белсенді түрде қолданысқа енген.

Петропавлдағы “Балдәурен”, “Ақ бота”, “Алтын бесік” балабақшаларында қазақ және ағылшын тілдерін үйретуде лингофондық кабинеттердің пайдасы зор. Бұл техникалық құралдардың басқа оқыту жабдықтарынан ерекшелігі басым. Жұмыс түрлерін ұйымдастыру кезінде жалпы, жұппен, топпен оқыту әдіс-тәсілдерін қолдану мүмкіндігі мол.

Үстіміздегі жылы Петропавл қаласындағы “Алтын бесік” балабақшасында Әзірбайжан елінде шығарылған “Алладин-1” интерактивті оқыту қондырғысының қанатқақты нұсқасы сыналады. Ол – мектеп жасына дейінгі баламен жұмысқа арналған кешен. Қондырғыда ұсынылған 600-ден астам дамыту ойындары қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне аударылған. Бұл ойындар баланың танымдық қабілетін, ұсақ моторикасын, есте ұстауын, қисынды ойлауын, тілін дамытып, санауға, геометриялық пішіндерді тануға үйретеді. Барлық ойындар жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген. Мемлекеттік тілде ашылған “Алтын бесік” балабақшасының негізінде аталмыш қондырғыны тестілеу және этнокомпоненттерді әзірлеу жөнінде шығармашылық топ құрылған.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp