«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУДЫ ЖЕТІЛДІРУ – “Өңір” депутаттық тобы ұйымдастырған “дөңгелек үстел” арқауы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық мәслихатта “Өңір” депутаттық тобының ұйымдастыруымен “Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру” тақырыбында “дөңгелек үстел” болып өтті. Оған өңір басшысы Самат Ескендіров, облыс активі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары қатысты. 

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Өңір” депутаттық тобындағы ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ермек Жұмабаев, Анатолий Башмаков, Ертарғын Астаев және Серік Біләлов облыстарға сапарын біздің өңірден бастап отыр. Жиында бүгінгі күннің өзекті мәселесі – халық пен биліктің арасындағы байланысты нығайту тетігі – жергілікті өзін-өзі басқару сапасын арттыру жағдайы кеңінен талқыланды. Өзін-өзі басқарудың қазақстандық үлгісі алғаш рет өткен жылдың қараша айында қабылданып, стратегиялық құжат болып бекітілді. Тұжырымдамада жергілікті органдарға жеткілікті қаржылық және адам ресурстарын беру, мәселелерді шешуге тұрғындарды тарту мүмкіндіктерінің кеңеюіне баса назар аударылған. “Аталмыш құжатты іске асыру аясында Елбасының Жарлығымен ауыл әкімдерін мәслихат депутаттары сайлайды, аудан әкімдеріне кандидаттарды ұсыну құқығы берілді. Бұлар жергілікті тұрғындардың пікірін тыңдау арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Бұл шаралар азаматтарға өздері тұратын ауылдарда туындайтын мәселелерді шешуге белсене қатысуына мүмкіндік береді”, – деді облыс әкімі Самат Ескендіров. Бұл пікірге өзге баяндамашылар да қосылды. Мәселен, сенатор Анатолий Башмаковтың атап өткеніндей, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы біз мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыруға қол жеткіземіз. Осыған орай жуық арада Үкіметтің құзырындағы 2 жарым мыңнан астам өкілеттілік жергілікті басқару органдарына тапсырылатын болады. “Жергілікті өзін-өзі басқару билік тізгінін ұстаған адамдарға сенім негізінде құрылуы керек.

 

 

Билік жүргізгендер адами қасиеттерінің, кәсіби біліктіліктерінің негізінде қол астындағы адамдардың проблемаларын шешуге ұмтыла білуі тиіс”, – дей келе, Анатолий Башмаков өзін-өзі басқару үлгісін демократиялық бағытта дамытуды, оны өз халықтық дәстүріміз бен діліміздің негізінде жүргізуді меңзеді.

“Дөңгелек үстелге” қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі Абай Тасболатов “Жергілікті өзін-өзі басқарудың жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудегі рөлі” тақырыбын өрбітті. Оның айтуынша бүгінгі күні әскер қатарына шақыру бойынша облысымыз соңғы орында келеді. Мәжіліс депутатының пікірінше, бұған жергілікті атқарушы биліктің осы бағыттағы әрекетсіздігі себеп болуда. Елдің қорғаныс, қауіпсіздік жағдайы – баршаға ортақ мәселе. Жергілікті билік тарапынан жастарды әскер қатарына шақыру бойынша жұмыстың қалайша жүргізілу керектігі заңнамада айқын көрсетілген. Бұл әскери комиссариаттардың ғана міндеті емес”, – деген депутат жергілікті әкімдерді осы мәселені бірлесе шешуге шақырды. Ғабит Мүсірепов атындағы аудан мәслихатының хатшысы Балкүміс Ысқақова өзін-өзі басқаруды дамытудың ауыл-аймақтарда қалайша жүзеге асырылу керектігіне тоқталды. Оның пікірінше, заңнамаға сәйкес ауылдық округтер аумақтарында қоғамның белсенді мүшелерінен тұратын кеңес құру қажет. Әрі хатшы депутаттардың міндеттеріне тоқтала отырып, тұрақты комиссиялардың қаулылары тек ұсыным ретінде емес, міндетті орындалуға жататын құжат түрінде қабылдануы керек деген ойын жеткізді.

Жиын соңында “Өңір” депутаттық тобының жетекшісі Ермек Жұмабаев Қазақстан заңнамасы жүйесін жетілдіруде белсенді қызмет атқарып жүрген жергілікті мәслихаттардың бірнеше депутатына ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамоталарын табыстады.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp