«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОН ЖАСЫНДА ЖЕР ЖЫРТҚАН тыл ардагері сексеннің сеңгірінен асты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Олардың балалық шағы Ұлы Отан соғысына тұспа-тұс келді. Жас деп ешкім қараған жоқ. Бірі қару көтеріп соғысқа аттанса, енді біреулері күрек-кетпен арқалап, тылда қара жұмысқа жегілді. Соғыс аяқталғаннан кейін де елдің әлеуетін көтеру міндеті тыл ардагерлеріне жүктелді. Облыс орталығының тұрғыны Баян Топышев – сондай тыл ардагерлерінің бірі. 

Қанат АТАМАНОВ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

– Бүгінде жасым 82-де. Мен де кешегі қан майданның салқыны мен сұрапылын көрген адаммын. Миллиондаған адамның өмірін қиып, әрбір отбасының шаңырағын шайқалтқан сол бір соғыс басталған аласапыран жылдары мен небәрі 10 жаста едім. Осылайша сұм соғыс балалығымызды жалмады, – деп жастық шағын еске алған қария әңгімесін әрі қарай жалғады.  

Қазақстан майданды әскери киіммен, азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарғаны белгілі. Қазақстанның бүкіл халқы жеңіс үшін аянбай еңбек етті. Барлық жұмыс қолмен атқарылғандықтан, ауыл тұрғындарының еңбегі өте ауыр болды. Ер-азаматтар түгел дерлік соғысқа аттанғандықтан, негізгі ауыртпалық әйелдер мен балалардың иығына түскені белгілі. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан тыл ардагері соғыс кезінде көзін жұмыспен ашқан. “Тағдырымыз өте ауыр болды. Бірақ соған қарамастан, еңбек арқылы ғана жеңіске жете алатынымызды жақсы түсініп, тынбай еңбек еттік. Әкелеріміз бен ағаларымыз қан майданда жанқиярлық ерлік көрсетіп, Отанды қорғап жатқанда қолымнан келген жұмыстарды жасап, тыл жұмыстарына ерте араластым. 10-11 жасымда өзге құрдастарым сияқты мен де өгізге мініп, жер жырттым. Пішеншілерге азық-түлік жеткізіп тұрдық. Сол кезде бала болсам да маған еңбеккүн жазылды. Осылайша елде қалған қарттар мен әйелдерге қолқанат болдық”, – дейді қария.

 

Тыл ардагері 1931 жылы мамыр айының 12-сі күні Мамлют ауданындағы Бостандық ауылында дүниеге келген. Асқар таудай болған әкесі Ұлы Отан соғысына аттанып, 1943 жылы Смоленск қаласының маңында болған майданға қатысқан. Кейін соғыс алаңында хабар-ошарсыз жоғалғандардың тізіміне ілігіп, отағасын үміт үзбей тосқан отбасыға қайғылы “қара қағаз” да келген. Отбасыдағы жалғыз ұлға туыс-туғандарының ықыласы ерекше болған.

– Өзге қыз-келіншектер сияқты, менің анашым да үйде бостан-босқа қарап отырмады. Оған жұмысшыларға қара көже пісіру міндеті жүктелген болатын. Анамның қырман басында еңбектенгендігіне қайта қуанатынбыз. Себебі, қырманда жүрсе, ептеп қалтаға бидай салып ала келеді ғой. Оны үйге әкелген анам диірменге үгіп, майға қуырып беретін. Сол кезде жағдайдың ауыр болғандығы айтпаса да түсінікті. Дастарқанымыз жұтаңдап, қаймақ, май, айран, ірімшік сияқты сүт тағамдарының дәмін ұмыта бастадық. Көктем мен жаз уақытында жуа, жидек, бүлдірген, қымыздық теріп, қорек қылатынбыз. Сол кезде анам тамақтың денін менің аузыма тосқан сияқты. Үйдегі жалғыз ұл болғандықтан, мені аман алып қалғысы келген деп топшылаймын, – деген қарияның отбасысы Ұлы Отан соғысы аяқталған соң да қайғының қасіретін шекті. 1952 жылы – тетелес қарындасынан, ал 1953 жылы әскер қатарына алынған кезде ортаншы қарындасы өмірден өтті. Осының бәрі соғыс кезінде асқа жарымаған аштықтың зардабы болса керек.

Майданға аттанған Бостандық ауылының азаматтарының басым бөлігі елге оралмады. Дегенмен, ауыртпалыққа мойымай, әйелдер шаңырақтарын шайқалтпады. Кейбіреулері өмірінің соңына дейін тұрмыс құрмай, қазақ әйелдеріне тән құрметке лайық мінез көрсетті. Ұлы Отан соғысы аяқталған соң елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына үлес қосты. Ал әскерден оралған соң отбасын құрған Баян атаның жан жары Күлзипа Төлепбергенқызы – 8 баланың анасы, Алтын алқаның иегері.

Маған осылай өмір жолын айтып отырған ақсақал 2001 жылдары Қасым Қайсеновпен кездескенін баяндады. Тыл ардагері көзінің көруі нашарлап, жол қашықтығына, соңғы жылдары сыр бере бастаған денсаулығына қарамай, Алматы қаласында көз ауруларын емдейтін дәрігер Мәдина Құралованың емханасына баруға бел буады. Дәрігерлердің тағайындаған барлық тексерулерінен өткен соң көп кешікпей көзіне ота жасалып, бес күн емдом шараларын алу үшін емханада жатқан. “Сондай күндердің бірінде бөлмеде жатыр едім, медбикелер денелі бір адамды менің қасымдағы кереуетке әкеліп жатқызды. Жанымдағы адам бір кезде: “Бөлмеде кім бар?” – деп дауысын шығарып сұрады. Мен орнымнан тұрып амандасып, мән-жайды айттым. Біраздан соң ем-дом шараларын жасауға келген медбикелерге өзіне егу, тамызғыш қоюға тыйым салып, кері қайтарып жіберді. Біраз уақыттан соң Мәдина Құралованың өзі келіп, көршіме отадан кейін осы дәрілерді міндетті түрде алу керектігін айтып түсіндірді. Көршім оған көнбей, Ұлы Отан соғысында жау оғынан жарақат алғанның өзінде де бірде-бір егу салмағанын, ал егу салса барлық денесінің қанталап кететіндігін айтты. Ақыры өз дегенінде қалып, ешқандай ем-дом жасатпады. Бұл белгілі жазушы, Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, әйгілі пар­тизан, көзі тірісінде аты аңызға айналған халқымыздың қайталанбас біртуар даңқты перзенті, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов еді. Осылайша бес күн осы кісімен ем-дом алдық. Оңаша отырғанымызда Қызылжар өңіріне бірнеше мәрте қонақтап барғандығын, Жамбыл ауданында атақты жерлес жазушыларымыздың мерейтойларында өңір басшыларының шақыруымен болғанын, өлкеміздің басқа да зиялы адамдарымен кездесулері жайында жиі әңгімелеп беруші еді. Осы әңгімелері сондай жақсы әсер қалдырды”, – деген Баян ата бүгінде қарттық жасқа жетіп, заман игілігін, балаларының қызығын көріп, немере, шөбере сүйіп отыр.

Суретті түсірген автор.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp