Шалғайда жатқан Уәлиханов ауданында көктемгі егіс науқаны аяқталды. Диқандар қазір танап басында химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үстінде. Облыс әкімі Самат Ескендіров Ақжар, Уәлиханов аудандарына жасаған жұмыс сапары барысында көктемгі егіс барысымен танысып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,
журналист.
Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл елді мекеніндегі 300 орынға шақталған мешіттің құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған еді. Облыс әкімі мұнда ауыл ақсақалдарымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Ғибадат үйі тамыз айының соңында тұрғындар игілігіне берілмекші. Ал №2 Кішкенекөл орта мектебінде 584 бала тәлім алады. Оның 35-і биыл 11-сыныпты тамамдап отыр. Білім ордасының 85 жылдығына арнап ұжым “Алтын бесік” саябағын ашып, балаларға арнап корд тұрғызған. Өңір жетекшісі мектепте ашылған көрмені тамашалады.
“Жолдасбай агро” фермерлік қожалығы өз қаржысына 400 басқа арналған асылтұқымды репродуктор шаруашылық ұйымдастыруда. Оның құрылысы осыдан бір жыл бұрын қолға алынған. Мұндағы жұмыстар қыркүйек айында аяқталады. Қазір оған электр қуатын тарту басты проблемаға айналып отыр. Осы орайда Самат Ескендіров “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 2014 жылға өтініш беру қажеттігін атап айтты. Бұл мәселе осы жолмен шешімін табатын болады.
Бұдан соң өңір басшысы “АР” ЖШС-інде болды. Қожалық басшысы 11 мың тоннаға арналған астық қабылдау бекетін тұрғызып жатыр. Сағатына 100 тонна өндіруге қауқары бар нысан бір айдан соң толықтай іске қосылады.
Самат Сапарбекұлы “Қызылту-Астық” серіктестігінің танап басында ауданның агроқұрылым басшыларымен кездесті. Ауданда егіс науқаны аяқталуға жақын. Ақтүйесай – Өндіріс – Жұмысшы және Жамбыл ауылдарына 2014 жылдың соңына дейін су тартылады. Ол үшін республикалық қазынадан 725 миллионға жуық қаржы бөлінген. Жоба іске асса 900-ге жуық адам таза сумен қамтамасыз етіледі.
Ал ақжарлықтар болса, орталық саябақты қайта қалпына келтіріп жатыр. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 2 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылыпты. Мұнымен қоса, темір жол вокзалына күрделі жөндеу жүргізілу үстінде. Бүгінгі күні станцияға Астана – Қызылту бағытында қатынайтын пойыз тоқтайды. Ескі ғимаратты жаңғырту үшін 70 миллион теңге жұмсалған. Қазір вагон тапшылығы байқалады. Тұрғындармен кездескен Самат Ескендіров бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады деп сендірді. Бүгінгі күні, сондай-ақ, Ленинград және Дәуіт елді мекендері арасындағы тас жол жөнделіп жатыр. Екі шақырымды қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 64 миллион теңге бөлініпті. Қазір мұнда “Көкшетау жолдары” серіктестігі жұмыс жүргізуде.
“Ақтөбе – GLASS” серіктестігі экологиялық таза байытылған кварц құмын өндіреді. Сұраныс бар. Шикізат Астана, Теміртау, Алматы және Ресейдің Новосібір қалаларына жөнелтіледі. Кәсіпорын жылына 340 мың тонна құм өндіру мүмкіндігіне ие. Жылдан-жылға Ақжар ауданында жер қойнауын пайдаланатын кәсіпорындардың саны артып келеді. Осыған орай облыс басшысы осы сала мамандарына арнайы бірлестік құруды ұсынды. Өнім Ленинград және Дәуіт ауылдары арасында жөнделіп жатқан тас жолмен тасымалданады. Ал трасса болса 8 тоннаға ғана шақталған. Самат Сапарбекұлы жолдың сапасын сақтау үшін мамандарға басқа жағдай қарастыру қажеттігін ескертті.
Бұдан соң өңір басшысы “Бостандық” ЖШС-нің танап басында болып, көктемгі дала жұмыстарымен танысты. Биыл олар 23 мың гектар алқапқа дән себуде. Алдағы күндері науқанды толық аяқтамақ. “Данил” шаруа қожалығында облыс әкімі “Богви” компаниясының қарамағындағы шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті.
Облыс әкімі жұмыс сапарының соңында мал шаруашылығын дамытып жүрген бір топ кәсіпкермен кездесіп, оларға тапсырмалар жүктеді. Бүгінде өз кәсібін дөңгелетем дегендерге мемлекет тарапынан қолдау бар дей келе, Самат Сапарбекұлы ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына осы мүмкіндікті мейлінше пайдалану қажеттігін ескертті.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.