«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙРАН, МЕНІҢ ҚАДІРЛІ ЖЕҢГЕЛЕРІМ!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ әйелі – жаны сұлу қылықты бойжеткен, айнымас жар, ілтипатты келін, парасатты ана, ақпейіл абысын, ардақты әже, мейірбан ене. Осы қасиеттерді бір арнаға тоғыстыра алған әйел ғана өзін бақытты дей алады. “Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі” деп бекер айтылмаса керекті.

Сара БИЖАНОВА,

зейнеткер.

Менің өмір жолым, балалық шағым Есіл ауданындағы Қарағаш елді мекенінде өтті. Көпбалалы отбасыда тәрбиелендім. Ұлы Отан соғысы басталған шақта үлкен ағам Өмірзақ 18-ге толмай, майданға аттанды. Шаңыраққа ие болып, үлкен ағамнан кейінгі Байзақ ағам қалды. Одан басқа үйде мен, Шора есімді сіңлім мен Ерғазы інім және ағайындарымыздың балалары болды. Соғыс уақыты. Үйде бала-шаға көп болатын. Әке-шешем үйге келін керек деп, көрші Баянды ауылымен құда болып, Мәлике есімді жеңгемізді үйге алып келді. Үйіміз ол кездің түсінігі бойынша ауқатты саналатын. Шаңырағымыз ауыз үй мен төр үйден тұрды.  

 

Үйдің босағасын аттаған жеңгеміз жап-жас болса да, үй шаруасын дөңгелетіп әкетті. Ас пісіру, кір жуу оған оп-оңай көрінетін. Келімді-кетімді кісілер де онда бүгінгімен салыстырғанда көп болатын. Біз 7-8 жасар баламыз. Ойнап жүріп, үйдің астан-кестеңін шығарамыз. Жеңгеміз болса біздің атымызды да атамай, мені – “Салмақтым”, сіңлімді – “Еркежан”, Ерғазыны – “Кішкенем” деп еркелететін. Тіпті, ағайындарымыздың балаларына түрлі ат қоятын. “Жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап” дейді бұрынғылар. Ұлыңның есіктен имене аттаған ақ жұмыртқадай қосағын бауырыңа тартып, өзімсініп сөйлеп, білгенін асырып, білмегенін жасырып, үй ұстауды, тамақ пісіруді, кір жууды, қонақ күтуді, бала тәрбиелеуді рет-ретімен санасына сіңіріп, аналық махаббатыңа бөлесең, келін өз балаңнан кем емес. Сырласың, қиналғаныңда мұңдасыңа айналады. Келін дегенің – шаңырағыңның көркі. Ол – болашақ ана. Міне, алғашқы көрген келіні – Мәлике жеңгемді менің анам Ажар осылай тәрбиеледі.

Соғыс та аяқталып, майданнан тірі қалған азаматтар елге орала бастады. Әкемнің ағасы Иса атаның үйі елдегі келіндерді қонаққа шақыратын болды. Біз де жеңгемізге еріп бардық. Жаңа түскен келіндерді қонаққа шақыру қазақтың дәстүрі саналады. Бұрынғының адамдары салт-жораларды уақыттың таршылығына қарамастан сақтап келді. Келін шақырған үйге “отқа салар” деп, қолында не бар, соны апарады. Иса атамыз әдемі, аққұба, тапалша, толық келген кісі болатын. Біз оны жуан ата дейміз. Үйі бірақ бөлме. Пештің қабырғасында кереует сияқты тақтай тұратын. Келіндер ұялып тамақ ішпейді, деп өзіне шымылдық құрғызып қойыпты. Мен жуан атамның қасына отырдым. Шіркін-ай, кәрі кісі де бала сияқты ғой. Шымылдықтың 2 ені келген жерді сөктіріп, әлгі сөккен жерді ашқызып, менен: “Мынау кім үйіндегі келін?” деп сұрастырып отыратын. Сол кезде келіндер қайын атасымен бір дастарқан басына отырудан қымсынатын. Әрбір жеңгемнің атын жатқа білген мен олардың ыстық ықыласын осы күнге дейін сағынамын. Үлкеннің алдын кесіп өтпей, қай жеңгем болсын қайын сіңлілері мен қайын інілерін сыйлап, әрбіреуіне ат қойып, еркелететін. Мәлике тәтем қайын сіңлілеріне ғана емес, тұрмысы нашарлау қайындарына да қолынан келген көмегін аяған жоқ. Тамақтың тапшы кезі. Күн демей, түн демей масақ тереді. Бидайдың реті келсе қол диірменге тартып, ұн қылады. 1-2 сиырымыз болатын. Тартылған ұнды сары майға қуырып, “Көже істеп ішсе де, тамақ қой” деп қалаға немере ағайымызға жіберетін. Қиын тұстарда бір-біріне демеу бола білген келіндер бір үйдің адамдарындай тату-тәтті ғұмыр кешетін.

Соғыс аяқталысымен үлкен ағам Өмірзақ та үйге оралды. Елінің арқа сүйер ұлы бола білген оның жары Қадаш жеңгем менің тәрбие алуыма үлкен септігін тигізді. Өз қызындай тәрбиеледі. Білім алуыма мүмкіндік жасады. Өзі он саусағынан өнер тамған ісмер болатын. Барлығы қолынан келетін. Үнемшіл, барға қанағат етіп, қонақты да тамаша күте білетін. Сыйластық, үнемшілдік пен рақымды осы тәтемнен үйрендім. “Тұлпардан тұлпар туады, сұңқардан сұңқар туады”. Ұлағатты, парасатты, ақылды, үлгілі әке-шешеден тараған ұрпақтары да бүгіндері елге сыйлы азаматтар. Үлкен қызы Сәуле көп жыл бойы университетте ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шықты. Нәйла – білікті дәрігер. Жалғыз ұлы Тұрғын – жеке кәсіпкер. Әлия – жоғары білімді. Күйеу балалары да кәсіпкерлер, ғылыми атақтары бар.

Жеңгелерімнің көбі о дүниелік болды. Жалғыз қалған Мәлике тәтемнің дені сау, бала-шағалары, ағайын-туыс – барлығы аман болуын тілеймін.

Көзім көрген инабатты, ибалы келіндер қазіргі қыздарға үлгі болғанын қалаймын. “Қызға қырық үйден тыю”, “Үлкенге қарсы келме, алдарын кесіп өтпе, үйдегі еркелігің үйде қалсын” деген жеңгелерімнің өсиеті осы күнге дейін жадымда сақтаулы. Қыз бала – болашақ ана. Елдің болашағы, ұрпақты тәрбиелеуші. Әсіресе, мектепте қыздардың тәрбиесіне үлкен көңіл бөлу керек. Біздің кезімізде мектепте “Қыз баламен жұмыс” деген тарау болатын. Сынып жетекшісі қыздармен жиындар ұйымдастырып, іс тігуді, тамақ пісіруді үйрететін. Ең бастысы, қазақ халқының салт-санасына сай тәрбие беретін. Қазіргі қыздар осы тәрбиені жоғалтып алмай, кейінгі ұрпақ та бұрынғының ибалы келіндері мен жеңгелері салып кеткен сара жолдан таймағанын қалаймын.

Сурет отбасылық мұрағаттан алынды.  

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp