«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЫЗ СҰРАУШЫЛАР КӨБЕЙГЕН КЕЗЕҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Алты жылдан бері экономикасы рецессиялық жағдайдағы Грекия мемлекеттік қарызын жабатын қаржысы болмағандықтан, 2010 жылғы мамыр айынан бастап халықаралық қаржылық көмек алып келеді. Өткен айдың соңғы күндерінде еуроаймақтағы елдердің өкілдері Афиныға 2,8 миллиард еуроның кредиттік траншын бөлуді ұйғарды. Брюссельде қабылданған бұл шешім елдің келесіде 6,0 миллиард еуроның траншын алуына жол ашады. Ол үшін Грекия кредиторлармен келісімде қарастырылған салық саласындағы мәжбүрлі қадамдарды жасауы тиіс. Мысалы, сәуір айында елге ақша бөлінуі Грекия Парламентінің мемлекеттік секторда 15 мың жұмыс орнын қысқартуды қарастырған бағдарламаны қабылдағанынан кейін ғана мүмкін болды. Афины 2015 жылға дейін мемлекеттік секторда барлығы 150 мың адамды қысқартуға міндеттеніп отыр.

 

Кипрдегі банкілік дағдарысқа байланысты тығырықтан шығуды көздеген еуроаймақ елдері оған Грекиядағыдан да мол қаржылық көмек көрсетті. Бірақ тегін емес, өтеуіне қойған қаржылық операцияларға қатысты талап-тілектері көп, 100 мың еуродан асатын банктік салымдарға салық салынатын болды. Осындай құрлықтық және әлемдік қаржылық қорлардан қарыз сұраушылардың көбейіп бара жатқаны алаңдатарлық жағдай. Мүйізі қарағайдай АҚШ-тың өзі дүниежүзіндегі ең қарызы көп ел саналса, басқасына не зорық деуге болар еді. Алайда, АҚШ-тың қарыз сұрауы мен Грекияның немесе Кипрдің қарыз сұрауының арасы жер мен көктей. Бір өзінің қарызы бүкіл еуроаймақтағылардан асатын Американың мұнысын “тойып секіргендік” демеске лаж жоқ. АҚШ бауырына басқан мол қаржыны өзгелерге қарызға беріп, мол пайда табады. Ал Шығыс Еуропаның және Орталық Азияның шағын елдеріне 100 миллион доллар қаржының өзі көп демеу.

Мысалы, жуырда Дүниежүзілік банк басшылығы Сербияның жол инфрақұрылымын және жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсартуға 100 миллион доллар қарыз берілуін қолдады. “Ұлттық жол жағдайының жақсаруы Сербияның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін болады, сол сияқты адамдарға жұмыс орындарына, базарларға және әлеуметтік қызметтерге қарапайым және қауіпсіз қолжетімдігін қамтамасыз етеді”, дейді Бизнес-ТАСС агенттігі. Дүниежүзілік банктің Сербияға көмегі Еуропалық инвестициялық банкпен және Еуропалық қайта жаңғырту және дамыту банкімен бірлескен, елдің барлық жол торабын ұйымдастыруды жақсартуға бағытталған іс-қимылының бір бөлігі болып табылады.

Сол сияқты Дүниежүзілік банктің директорлар кеңесі Өзбекстанға елдегі өнеркәсіп кәсіпорындарының қуат тиімділігін арттыру жобасын қосымша қаржыландыру үшін 100 миллион доллар кредит бөлді. Дүниежүзілік қаржы ұйымының баспасөз орталығы хабарлап отырғанындай, бұл жобаның мақсаты қуат қорлары мен отын тұтынуды азайтуға және буланатын газ шығарындыларын қысқартуға қол жеткізетін индустриялық сектордың қуат тиімділігін көтеруге ықпал жасау болып табылады. “Өзбекстандағы өнеркәсіп кәсіпорындарында қуат тиімділігін арттыру шараларын енгізу арқылы қуат үнемдеу әлеуеті өте зор, – деп атап өтті Дүниежүзілік банктің Өзбекстандағы өкілдігінің басшысы Тануя Каната.

Кредит сомасы жобаның бастапқы жүзеге асыру мерзімін 12 айға жылдамдата отырып, 2014 жылдың соңына таман толық игеріледі деп болжануда. Қосымша қаржыландырылған жобаны жүзеге асыру ұзақтығы – 5 жыл. 5 жыл жеңілдетілген кезеңді қосқанда негізгі кредит сомасын төлеу мерзімі – 25 жыл. Өзбекстан Шығыс Еуропаның және Орталық Азияның электр қуатын ең интенсивті пайдаланатын елдерінің бірі болып табылады. Бұл ел Дүниежүзілік банкке 1992 жылы қосылған. Банктің ондағы белсенді міндеттемелерінің жалпы сомасы 2013 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша 11 жобаға 987,5 миллион долларды құрайды.

Қаржылай қарыз сұрауға мәжбүрлейтін негізгі екі себеп бұрынғы алынған мемлекеттік кредиттердің мерзімі өтуіне байланысты төлемдер мұқтажы және ел экономикасын оңалтуға бағытталған инвестициялық жобаларды қаржыландыру қажеттігі болып табылады. Ал оны өзгелерге көз сүзіп, қарызданбай шешуге көпшілік елдердің ішкі бюджет түсімінің жеткіліксіздігі жол бермейді. Сол себепті қайсыбір мемлекеттер көпшілік құптай қоймайтын іс-әрекеттерге баруға мәжбүр. Айталық, бүгіндері Ресей бюджеті айтарлықтай қиыншылыққа ұрынып, амалсыздан кең ауқымды жекешелендіру жүргізуді ойластыруда. Бірақ оған оның коньюнктурасы сәйкес келетін емес, яғни толыққанды жекешелендіру жүргізерліктей татымды мемлекеттік мүлік жоқтың қасы. Сондықтан Ресейдің бұл әрекетінен не шығарын бір Құдайдың өзі білсін.

Сондай-ақ қаржылық дағдарыстың кесірінен кейбір маңдайалды елдердің ұлттық валюталары құнсыздана бастады. 2013 жылдың басынан бері ең “әлсіздердің” қатарында Швейцария, Норвегия, Польша, Жапония және Оңтүстік Африка Республикасы елдерінің валюталары. Теріс рейтингте бірінші орынды ОАР-дың ранды алды. Жыл басынан оның бағамы 8 пайызға төмендеді. Жапондық йена екінші орында – ол долларға қарағанда шамамен 8 пайызға арзандады. Елдің жаңа премьері белсенді түрде қорғап отырған жұмсақ монетарлық саясат Жапонияның экономикасын жаңа өсу белесіне алып шығатын тиімді іс-қимыл тетіктерінің бірі саналады. Үшінші бәсі түскен валюта – Польшаның злотыйы. Елдің орталық банкінің жұмсақ ақша саясаты және доллар құны бағамының өсуі ұлттық валютаның долларға қатысты жыл басынан 6 пайызға төмендеуіне ықпал етті. “Құлаушы” валюталар бестігінде норвегиялық крон төртінші орын алды. Жұмсақ монетарлық саясат және америкалық валютаға деген сұраныстың өсімі өткен үш айдың ішінде крон бағамын шамамен 4 пайызға түсірді.

Әлемдегі ең мықты валюта саналатын швейцариялық франктің өзі осы бестікке еніп отыр. Ол бірінші тоқсанда 4 пайызға төмендеді. Осы франк ұзақ уақыт “құтқарушы валюта” саналып келді. Бүкіл әлемнің бетке ұстар инвесторлары өз қаржыларын өзге валюталардың тұрақтылығына сенімсіздік өсе түсуі себепті тек осы швейцариялық франкта ұстауды жөн санады. Сөйтіп, ол 2008-2011 жылдары долларға қарағанда, 50 пайыздан астам нығайды. Бірақ “қымбат” франктың Швейцарияға қажеті жоқ, сондықтан қазір оның бағамын төмендетуге бағытталған батыл шаралар жүргізілуде. Сөйтіп, оның долларға қатысты есептік ставкасы 2011 жылдан бастап нөлдік белгіде, ал еуро/франк бағамының жоғарғысын орталық банк бір еуро үшін 1,2 франк көлемінде белгілеген.

Осы айтылғандардың бәрін сараптай келе, биылғы жылға еуроаймағында жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) төмендей түсуі болжамы жасалуда. Еурокомиссияның бағамы бойынша өңір экономикасы 0,4 пайызға төмендейді деп күтілуде. Ол өткен жылы 0,6 пайызға түскен болатын. Сөйтіп, қатарынан екі жыл экономикалық құлдырау валюталық блоктың тарихында алғаш рет тіркелгелі отыр. Ал еуроаймақтағы жағдайдың әлемнің барлық елдеріне де әсері тиері анық.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp