Бұрнағы күні облыс орталығындағы Достық үйінде “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығы” қоғамдық бірлестігі 10 жылдық мерейтойына орай “Қазақстанның шекараластығы – мәдени байланыс аймағы” тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Ұрпақтың” құрылуына Еркебұлан Жолболдин, Қоблан Хамзин, Қабдырахым Жақыпов, Мағжан Малғаждаров сияқты марқұм болған азаматтардың көп үлес қосқандығын атап өткен аталмыш қоғамдық бірлестіктің төрағасы Сағындық Салмұрзин:
– Біздің қоғамдық бірлестік құрылған күннен бастап облысымыздағы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған әлеуметтік-мәдени жобаларды әзірлеу мен оны жүзеге асыруда белсенділік танытуда. Шекаралас ынтымақтастықты дамыту үшін сыртта жүрген қандастарымызбен байланыс орнатып, оларға қазақ тілін үйренуге, ұлттық салт-дәстүрді сақтауға, тарихи Отаны – Қазақстанда болып жатқан өзгерістер туралы ақпарат алуға көмектесудеміз, – деді.
Аталмыш конференцияға Ресейдің Қорған, Омбы, Түмен облыстарындағы қазақ диаспораларының өкілдері арнайы келді. Солардың бірі – Омбы облысынан келген Ақылбек Тұяқов ресейлік қазақтардың тыныс-тіршілігімен таныстырды. “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығы” қоғамдық бірлестігінің Омбы облысындағы өкілі болып табылатын Ақылбек Тұяқовтың айтуынша, бүгінде көршілес өңірде 40-тан астам қазақ ауылы бар екен. Ал жалпы Ресейдің Сібірінде 150 мыңнан астам қазақ тұрса, оның сексен бес мыңдайы Омбы облысында қоныстанған. Ресейдегі қазақтар ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанып, тілі мен ділін нығайтуда тарихи Отаны – Қазақстанмен тығыз байланыс орнатқан.
Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында шақырылған қонақтар – облыстық ардагерлер кеңесінің, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері және ғалымдар “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығы” қоғамдық бірлестігінің ұлттық мүддені насихаттау мен нығайтуда атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалады.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.