Облыс орталығында батальондық патрульдік полиция қызметкері екі әйелді ұрып, тонап кеткен қызылжарлықты ұстады. Ол бұрын сотталған.
“Ермек” дәмханасында отырып, ішімдікке тойған 27 жасар қалалық далаға темекі шегуге шыққан. Далада тұрған ол дәмханадан бір әйелдің шыққанын байқап, соған қарай бет алады. Оны күш көрсете қолтықтап алып, дәмхана сыртына апарып ұрады. Төбелес барысында әйелдің қалтасынан ұялы телефонын шығарып, қол сөмкесін жұлып алған соң оған тағы бірнеше мәрте жұдырық сілтеп, оқиға орнынан қаша жөнеледі.
Осы мезетте қылмыскер дәмханадан шыққан тағы бір әйелдің 20-шы ықшамауданға қарай беттегенін байқайды. Әйелдің соңынан ерген ол гараждардың қасына жеткен кезде оны да соққыға жығады. Жұдырықтың астына алып, шашын жұлған ол әйелден сырға мен оң қолындағы сақинаны шешіп беруін талап етеді. Жәбірленуші сұрағанының бәрін бергеннен кейін тонаушы оқиға орнынан табанын жалтыратады. Ал бұл жағдай туралы полиция патруліне сол жерден өтіп бара жатқан бейтаныс адам хабарлайды. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшыларына жәбірленуші тонаушының қай жаққа қарай қашқанын көрсетеді. Сол маңды тексерген полицейлер тұрғын үйдің бірінші қабатының балконының астында тығылып отырған ер адамды байқайды. Оны Петропавл қаласының Ішкі істер басқармасының 1-ші тірек пунктіне жеткізіп, бірінші жәбірленушінің ұялы телефоны мен сөмкесін алды. Ал ер адамның шұлығынан екінші жәбірленушіден алған алтын табылды. Ұсталған азамат бұрын да қалалықтарды тонағаны үшін жазасын өтеген. 2011 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.
1-ші тірек пунктінің тергеушісі, поли ция лейтенанты Аманжол Тілеубаевтың айтуынша, ҚР ҚК-нің 178-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Екі әйел де өздерін жәбірлеген азаматты танып, ол тұтқындалды. Қазіргі кезде материалдар сотқа жіберілуге дайындалуда.
Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.