«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ АВТОБУСЫ ҮНЕМІ САПАРДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Булаево қаласының тұрғыны Владимир Козел – ауданда жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлердің бірі. 1999 жылы жеке кәсіпкерлігін құрған кезде оның Конюховодан Петропавлға қатынайтын ескі автобусы ғана болса, бүгінде ол жұртшылыққа үш автобуспен қызмет көрсетеді. Владимир Петрович аудан орталығынан жолаушылар тасымалдау ісінде бірқатар қиындықтың бар екенін тілге тиек еткенімен, жалпы халыққа қызмет көрсетіп, олардың ризашылығына бөленудің өзі адамға үлкен қуаныш сыйлайтынын айтады.

 

– Жолаушылар тасымалы қыс айларында қиын. Ол мезгілде біз кәсібімізден пайда таппаймыз, керісінше шығынға батамыз. Ал жаз шыға жолаушылар көбейіп, жұмысымыз да оң нәтиже бере бастайды, – дейді ол.

Кәсіпкердің ой-тұжырымына сүйенсек, қыста жолаушы аз екен деп рейске шықпай қалу қисынсыз. Өйткені, бұл кәсіпте тұтынушылар қатары сенім мен абыройдың арқасында қалыптасады. Сондықтан кәсіпкер қыстың қырауында бір жолаушы болса да үлкен автобусын жолға шығаратын күндерді өз ісіне қиянат деп санамайды. “Есесіне жаз айларында ісің өрге басып, қалтаң қалыңдайды”, – дейді ол күліп. Бұл, әрине, жауапкершілікті жоғары қоятын адамның түсінігі.

Владимир Петровичтің айтуынша, бұл салада шешуі күрмеліп жүретін мәселелер де баршылық. Солардың бірі – барлық жүргізушілер үшін жауыр болған мәселе – елімізде жанар-жағармайдың тұрақсыз әрі қымбат бағасы. Кәсіпкер қиын кезеңде жанармай сатып алу үшін қорасындағы малын сатып, әрекет жасайтынын да жасырмайды. Маңдай термен түсетін пайданың басым бөлігін жанар-жағармайдың жұтып қоятынын айтқан ол өз ойын былай жалғастырды:

– Мемлекеттік органдар еліміздің байлығын халық игілігіне жаратып, жанар-жағармай бағасының шарықтап кетуіне жол бермесе, бұл біз сияқты кәсіпкерлерге үлкен көмек болар еді. Бізге мемлекет тарапынан ешқандай демеуқаржының да, жәрдем ақшаның да мұқтаждығы болмай, өз ісімізді абыройлы да табысты атқарып жүрер едік, – деді.

Кәсіпкерлігінің жолында қандай қиындыққа тап болса да, ұнжырғасын түсірмейтін Владимир Петрович шаруашылығын жылдан-жылға кеңейтіп келеді. Ол 2007 жылы қаржы институты арқылы 4,8 миллион теңге несие алып, оған автобустарды қоятын үлкен екі гараж салып алған. Сондықтан қыстың қақаған аязында оның көліктері жылы жерден шығарылады. Шетелдік көліктердің қосалқы бөлшектерін табу да қиындық тудырмайтын көрінеді. Кәсібіндегі табыс маусымдық болса да, өз бастамасына құрметпен қарайтын ол биыл тағы да еш жүрексінбей қаржы институтының несиесіне тағы бір автобус сатып алыпты. Оның екінші деңгейлі банктің өңірлік филиалы арқылы алған қаражатының жылдық сыйақы мөлшерлемесіне мемлекеттік демеуқаржы берілді. Сондай-ақ банкке кепілдік қоюға да мемлекеттің көмегі көрсетілді. Ол өзін “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасынан өзінің несібесін ұтымды пайдаланып жүргендердің бірі санайды.

Жеке кәсіпкердің қол астында төрт жүргізуші еңбек етеді. Олардың орташа еңбекақысы 35-100 мың теңге аралығында. Яғни, атқарған жұмыстарына қарай жалақы төленеді. Осы жерде кәсіпкер кадр мәселесі төңірегінде де қиындықтар бар екендігін жеткізді.

– Міне, 20 жыл болды – біздің ауданда жүргізуші мамандығын даярлайтын оқу орны жоқ. Аға буынның жастары ұлғайып, денсаулықтары сыр бере бастады. Ал олардың орнын басатын жастар жоқтың қасы. Үлкен көлікті жүргізу үшін жүргізушіде біліктіліктің “Д”, “Е” санаттары болу керек. Ал оны оқып, рұқсат алу үшін біздің тұрғындарға облыс орталығына шапқылауға тура келеді. Біз көлігімізге отырған адамның өмірі мен денсаулығы үшін күн сайын жауапкершілік арқалап жүреміз. Бұл қызмет түрін кез келген адамның атқара алмайтындығы да сондықтан, – деді кәсіпкер В. Козел.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp