«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫТ АЛДАБЕРГЕНОВА – “Үздік педагог – 2013” облыстық конкурсының жеңімпазы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық Білім басқармасы мен Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының ұйымдастыруымен республикалық “Үздік педагог – 2013” конкурсының II облыстық кезеңі өтті. Оған өңіріміздің барлық аудандарында және Петропавл қаласында өткізілген конкурстардың жеңімпаздары қатысты.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Үздік педагог – 2013” атағын жеңіп алуға аудандар мен қаладан 13 ұстаз қатысты. Конкурс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде ұстаздар “Осызаманғы білім беру үдерісіндегі ұстаз тұлғасы” тақырыбы бойынша 3 минуттың ішінде қазылар алқасының алдында өз қызметін және педагогикалық тұжырымдамасын баннерде көрсетіп, тұсауын кесуі керек болды. Педагогтердің міндеті – өз жобасын шығармашылықпен, құлшыныспен қорғап, тәуелсіз қазылар мүшелерінің бағасын алу.

 

Екінші кезеңде педагогтер сабақтың бір элементін көрсетіп, өздерінің шеберліктерімен және енгізіп отырған инновациялық тәжірибесімен бөлісуі керек. Сабақ элементін көрсету барысында педагог оның мазмұндылығына, тереңдігіне және өзгешелігіне назар аударуы, сонымен қатар оның ғылыми және әдістемелік құндылығын аша білуі талап етілді. Ұстаздардың қайсы болсын сайысқа түрлі сабақ тәсілдерін дайындап әкеліпті. Оқушылардың рөлінде педагогтер өздері болды.

Соңғы кезеңде ұстаздар педагогикалық жағдаяттарға ұтқыр әрі барынша дұрыс жауап беру арқылы тағы бір мәрте қаншалықты шебер педагог екендіктерін дәлелдеді. Олар алдын ала қағазға жазылып қойылған жағдаяттарды емтихандағыдай суырып алып, ондай жағдай туындай қалса, одан шығу жолдарын айтты.

Сайысқа қатысушылардың бесеуі – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің, тағы соншасы – бастауыш сынып мұғалімдері, екі химия және бір физика пәндерінің мұғалімдері.

Аудандық кезеңде суырылып алға шыққан, сайдың тасындай дайындалып келген ұстаздарға сертификаттар, түрлі аталымдар бойынша дипломдар мен мақтау қағаздары табысталды. Қазылардың ұзақ талқысынан кейін “Жүзден шыққан жүйрік” ретінде Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы “Парасат” мектеп-гимназиясының химия пәні мұғалімі Бақыт Алдабергенова “Үздік педагог – 2013” атанды. Ол енді облысымыздың атынан республикалық кезеңге баратын болды.

Бір айта кетерлігі, екінші жыл қатарынан “Үздік педагог” атағын бескөлдік ұстаздар жеңіп алып отыр. Республикалық конкурста “Үздік педагог – 2013” атағын иеленген жеңімпазға республикалық бюджет есебінен 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы берілетін болады.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp