«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДІНИ ЖОЛ-ЖОРА ДҮКЕНІ АШЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

О дүниелік болған адамды соңғы сапарға шығарып салу да қажетті жабдық жасау арқылы тындырылатын шаруа. Мұндайда ауылдағылар да, қаладағылар да керегін көбіне базардан іздейді.

 

Өйткені, діни жол-жора дүкені бертінге дейін болмаған еді. Міне, осындай дүкен ашылыпты. Осынау сауда нүктесінің сәтін келтірген жан – Любовь Чешкова есімді әйел. Аты-жөнінен көріп отырсыздар: орыс әйелі. Рас, бұған дейін діни жол-жора дүкенін ашамын деп ұмтылған қандастарымыз болыпты. Бірақ, неге екенін кім білсін, соған қатысты істерін бастауын бастап, орта жолда тастапты.

– Діни жол-жораға қажетті бұйымдар жасаумен менің жұбайым әрі көмекшім Василий 15 жылдан бері айналысып келеді, – деді дүкеннің иесі.

Бұл дүкен үстіміздегі жылғы 1 мамыр күні ашылыпты. Ол қаламыздағы Пушкин көшесі, 27-үйде, С.Мұқанов көшесімен қиылыста орналасқан. Жаңа дүкенге алғаш кірген адамның жағалай көз салатын әдеті ғой. Біз де, фототілшіміз Амангелді Бекмұратов екеуміз, сөйттік. Көзіміз алдымен белгілі бір затқа, одан кейін іле оның бағасына түседі. Ұсағынан бастасақ: қол орамал – 100 теңге, жанында тақия жатыр, ол да – 100 теңге. Ал қалош – 400-1000, қолғап, алжапқыш, бетперде (жиынтық) – 200, қалампыр – 70, иіс сабын – 100, масаты (велюр) матасының метрі – 600 теңге, жайнамаз 1000 теңге тұрады.

Беттақтайдың бағасы – 8 мың теңгеден 16 мың теңгеге дейін. Тот баспайтын болаттан жасалған жарты ай – 1 мың теңгеден жоғары, қазақша бедерленіп темірден және тот баспайтын болаттан жасалған қоршау – 25 мыңнан әрі, қабырғаға ілінетін үй құрағы 3-5, мәрмәрдан жасалған ескерткіш – 31, ал граниттен жасалғаны – 60, мырыш жалатылған күмбез – 65 мың теңге. Дүкендегі сөрелердің бірінде сонау Испаниядан жеткізілген алтын жалатылған күмбез тұрды. Бағасы – 163 мың теңге.

– Бізде қабір басына мазар салумен 3 бригада айналысады. Олар соған қатысты жұмысты бастан-аяқ түгел тындырады. Мәселен, алдымен мазардың дизайнын жасау, қажетті құрылыс материалдарын әзірлеу және оларды жеткізу, құрылыс жұмыстарын жүргізу, бір сөзбен айтқанда, осының бәрі бағалай келгенде 300 мың теңгеге айналады, одан да асуы мүмкін, – дейді Василий.

Бүгінде аталған дүкендегі тауарлардың түрі 200-ден асады. Олар көршілес Ресейден, Беларусьтен, Қытайдан, Түркиядан, Испаниядан, Біріккен Араб әмірліктерінен жеткізілген.

СУРЕТТЕ: дүкеннен көрініс.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp