«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛБАСЫ ШЕШІМІ ЕЛ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru
Айнагүл СЫЗДЫҚОВА,
№2 Благовещенка орта
мектебінің мұғалімі.

Өткен аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қоғам арасында үлкен резонанс тудырған зейнетақыны жаңғыртуға бағытталған заң жобасының тағдырына қатысты көпшілік күткен шешімді қабылдағанда Қазақстан халқы ер-әйелге бөлінбестен, бір кісідей қуанғаны анық. Солардың қатарында өзім де бармын. Үкімет пен Ұлттық банк бастама жасап, Парламент қабылдаған заң жобасының толықтай күшіне енуіне Мемлекет басшысы құптау білдірген жоқ.


Аталған заңды пысықтау үшін Парламентке қайтарған Елбасы: “Мен Үкімет пен Ұлттық банктің жаңа зейнетақы заңнамасын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмысына оң баға бере алмаймын. Біріншіден, осындай өте маңызды әлеуметтік заң жобасы немқұрайды қаралды. Екіншіден, оны халыққа кеңінен насихаттау ісі дұрыс жүргізілген жоқ. Нәтижесінде қазақстандықтардың көбі зейнетақы реформасының түпкі мәнін түсінбей қалды”, – деп ашық айтты. Шынында да солай. Қазақстандық қоғам әйелдердің зейнетке шығу жасын көтеруге бағытталған заң жобасын сын көзбен қабылдады, қарсы пікірлерін білдірді. Себебі, кезең-кезеңмен жүргізілетін аталмыш реформа көңілге сенімсіздік ұялатты, көңілден шықпады. От басы, ошақ қасында отырғандардың да, ауыр жұмыс істейтін әйелдердің де жағдайы түбегейлі қарастырылмады. Осы орайда Елбасының зейнет жасын кезең-кезеңмен ұзартуды 2014 жылғы 1 қаңтардан емес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастауды ұсынуы бұл мәселені тағы бір мәрте аспай-саспай қарап, тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді ғой деп ойлаймын.

Жамбыл ауданы.

 
 
Айгүл МОЛДАҒОЖИНА,
медбике.

Әйелдердің зейнет жасын ұзартуға негіз болатын заң жобасы әзірленіп, таныстырыла бастаған күннен бері халық арасында түсінбеушілік белең алды. Нәзік жандардың 63 жасқа дейін жұмыс істеуі естіген құлаққа түрпідей тиіп, әрі-сәрі күй кештік. Ел қалаулылары қабылдаған заң жобасын Елбасы кері қайтарғанда ел болып қуандық. Елбасының қарапайым халықтың пікірімен санасуы әр қазақстандықтың көңілінен шықты. Сондай-ақ Елбасы өз халқына әйелдердің зейнетке шығу жасын көтеру жөнінде өз ойын ашық айтты. “Әйелдердің зейнет жасын арттырудың басты себебі, зейнетақы төлеудегі қаражаттың болжамды дефициті және зейнеткерлердің 70%-ын әйелдер құрайтыны болды. Әйелдердің зейнет жасын арттырмаса, зейнетақы төлеуге жұмсалатын бюджет шығыстары 2014-2024 жылдары 3 триллион теңгеге өседі. Бұл мемлекетті зейнетақы төлеуге қауқарсыз етіп, болашақ зейнеткерлер үшін проблемаға айналады. Сондықтан біз бұл мәселені қазірден бастап шешуге тиіспіз. Азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін қажет болғандықтан, заң жобасын мен жалпы қолдаймын. Бірақ, зейнетақы жүйесін реформалау аспектілерінің бәрі жете ойластырылған дей алмаймын”, – деген сөзінде аталмыш заң жобасын Қазақстан халқының толық қабыл алмау себебі айтылып тұр. Біз әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайтуға бағытталған заңды әзірлеуде елдің әлеуметтік жағдайы мен қазақстандықтардың пікірі ескерілсе екен дейміз. Себебі, әлеуметтік мәні зор құжат бұлай атүсті жасалып, бізге еркімізден тыс телінбегені жөн.
Петропавл қаласы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp