«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҒЖАН СЕНГЕН ЖАСТАР мұғалімдер сенімін ақтады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыста барлығы 113 “Алтын белгіге” үміткерлер болса, солардың екеуі – Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің түлектері. Олардан басқа аталмыш білім ошағын тағы үш оқушы “Үздік аттестатпен” тамамдап отыр.  

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ұлы бабамыздың атындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің оқушылары мәртебесі өздерімен сәйкес келетін қазақтілді білім ұйымдарының арасында ең жоғары ұпай жинап, алдыңғы орыннан көрінді. Бұл ұстаздар мен оқушылардың табанды еңбегінің нәтижесі. Биылғы жылы оныншы мәрте өткізіліп отырған Ұлттық бірыңғай тестілеуге оқушыларын даярлауға ұстаздар да біраз тәжірибе жинап, жаттығып алған сыңайлы. Әр ұстаз өзінің құпиясының шет жағасын шығарып та қойды. Бейнегүл Қоспанова оқушылардың көпшілігі үшін қиын пәндердің бірінен саналатын математикадан қазақ сыныптарында сабақ береді.


 

 

– Мен биылғы түлектерді 9-сыныптан алдым, содан бастап жоспарлы жұмыс жүргізе бастадым. Қазақ сыныбында ҰБТ тапсырған 15 баланың 11-і математикадан 20-дан жоғары ұпай алды. Ал Бақтияр Сүйінов, Айгүл Молдабаева, Мәриям Жантаева пән бойынша барлық тапсырмаға дұрыс жауап беріп, 25 балдан жинады. Осы оқушылардың арасында Айгүл Молдабаева ҰБТ-дан 118 ұпай жинап, білімін өз дәрежесінде көрсетіп, “Алтын белгіге” лайық екенін дәлелдеді. Бұл – менің еңбегімнің зая кетпегені. Ең бастысы – оқушымен тіл табыса білу керек. Емтиханды жақсы тапсыру олардың келешегі екенін түсіндіруге тырыстым, шәкірттерімнің жүрегіне жол таба білдім, – дейді тәжірибелі ұстаз Бейнегүл Нұрмашқызы.

Лилия Тютинаның оқушылары да математикадан мықты екендіктерін көрсеткен. “Алтын белгіге” үміткер, орыс сыныбында оқитын Айдана Салина 120 ұпай алды. Одан басқа Қанат Ережепов, Адилия Кушекова, Мұрат Жанымбетов сынды оқушылары да ұстаз еңбегін жоққа шығармай, әрқайсысы математикадан 24 ұпайдан алған. 17 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз Лилия Тютинаның айтуынша, оның сыры табанды еңбек, оқушының ынтасы, мұғалімнің кәсіби шеберлігінде екен.

“Үздік аттестатқа” ие болғандар қазақ сыныбынан Бақтияр Сүйінов – 116, Бақыт Тасмағанбетова – 118, орыс сыныбынан Адилия Кушекова 111 ұпайдан жинаған.

Оқушылардың айтуына қарағанда, биыл Қазақстан тарихынан сұрақтар өте күрделі болыпты. Соған қарамастан, бұл пәннен бір оқушыдан басқалары “4” пен “5”-ке тапсырған. Түлектерді Қазақстан тарихынан Асхат Асманов дайындаған.

Бұл түлектердің алға қойған мақсаттары айқын. Бақтияр Сүйінов физика (23 ұпай), математика (25 ұпай) сияқты нақты пәндерді қалайды. Мақсаты – ұстаздарының берген білімін ел игілігіне жұмсап, қажетті, өзі сүйген мамандық иесі болу. Қыздар жағы гуманитарлық мамандықтарға басымдық берген. Бақыт Тасмағанбетова шығыстану, қытай тілін меңгергісі келсе, Айгүл Молдабаева 5-ші пән ретінде ағылшын тілін таңдаған. Ондағы арманы – елші болу. Айдана Салинаны биотехнология қызықтырады екен.

Енді санаулы күндерден кейін үлкен өмірге жолдама алатын түлектерді 5-сыныптан бастап тәрбиелеп, ыстық-суығын бірге бөлісіп келе жатқан сынып жетекшісі Ақмарал Нұрғожина қанаттарын қатайтып, ұшырғалы отырған балапандарының еліміздің мақтан тұтар, мықты азаматтары болатынына сенімді.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp