«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЙ-САНАСЫ УЛАНҒАНДАРҒА оң бағыт нұсқайтын бірлестік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары елімізде діни ахуалға назар аудартқызған оқиғалар орын алғаннан кейін, жер-жерде алдын алу шаралары ұйымдастырыла бастады. Өңірімізде де мұндай жұмыстар қолға алынып, дәстүрлі діннің өкілдері әр буын өкілдерімен кездесулерін жиілетті. Осындай кездесулерді ұйымдастырып жүрген “Прозрение-Көз жету” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Максим Доценкомен кездескен едік.

 

– Максим Юрьевич, алдымен қоғамдық бірлестіктің атауына тоқталсақ?..

– Қоғамдық бірлестікті 2009 жылы құрдық. Оны “Прозрение-Көз жету” деп атауымыздың өзіндік мәні бар. Біздің бірлестіктің мақсаты – адамның діни наным-сенім еркіндігі мен құқығын қорғау. Осы тұрғыда теріс ықпалдың жетегіне түскендердің көзін шындыққа жеткізуге тырысудамыз. Аталмыш жағдайға душар болғандар айналасындағылар мойындаған шындыққа мойынсынбайтыны белгілі. Олар үшін өздерінің жасап жүрген әрекеті дұрыс сияқты болып көрінеді. Осындай жандарды теріс пиғылдылардың уысынан шығару үшін ненің жақсы, ненің жаман екендігін қолға ұстатқандай етіп көрсетуіміз қажет. Сол себепті бірлестіктің құрылтайшыларының қатарында дінтанушылар, журналистер, психологтер және басқа мамандық иелері бар.

 

– Көмектеріңізге жүгінетіндер бар ма?

– Иә. Қоғамдық бірлестік алдын алу және ақпараттық жұмыстан басқа, консультациялық көмек те көрсетеді. Біз теріс пиғылдылардың шырмауына түскендермен ертерек жұмыс істеуге тырысамыз. Себебі, бұл кезеңде адамды теріс ойдан айнытып, бетін бері қаратуға болады. Бізден көмек сұрап, туыс-туғандары келеді. Себебі, теріс ағымға кірген адамға бұрын өмір сүрген ортасы қазір күйреп жатса да, оған бәрі бұрынғыдай болып көрінуі ғажап емес. Алайда, оның өмірлік ұстанымының өзгергенін туыс-тумасы бірден байқайды. Оны бұл жағдайдан құтқарудың амалын қарастырған олар біздің көмегімізге жүгінеді. Адамды теріс ағымның шырмауынан құтқаруда туыс-тумасымен жұмыс істеген тиімді. Себебі, біздің мамандарымыз тек консультациялық көмек бере алады. Ал теріс ағымға түскендердің көзқарасын қалыпты ету үшін олармен күні-түні жұмыс істеу керек. Бұл жағдайда отбасының рөлі ерекше. Осы орайда мамандарымыз жақындарына қажетті ақыл-кеңес береді.

– Сіздер мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша түрлі шаралар ұйымдастырасыздар. Тұрғындардың қай тобымен жұмыс істеуге басымдық бересіздер?

– Біз үш жылдан бері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орындаймыз. Осы күнге дейін облыстық Ішкі саясат басқармасымен жұмыс істесек, енді Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармамен де келісімге отырдық. Біз экстремизмнің алдын алу және облыс тұрғындарын теріс ағымдар жайлы ақпараттандыру жұмыстарын жүзеге асырудамыз. Осы орайда тұрғындардың барлық топтарымен жұмыс істейміз. Әрине, көбіне жастарға басымдық береміз. Себебі, олар тәуекел тобына жатады. Өмірге деген көзқарастары әлі қалыптаспаған, тәжірибелері жоқ болғандықтан, олар өздерінің жеке мүдделерін жүзеге асырғысы келетін теріс пиғылдылардың алдау-арбауына оңай түседі.

– Осы орайда тұрғындар арасында әлеуметтік сауалнаманы жиі жүргізесіздер ғой?

– Иә. Мұндай сауалнамалар өңіріміздегі діни ахуалдың қандай екенін анықтауға бағытталған.

– Өңіріміздегі діни ахуал қандай?

– Бізде діни ахуалды жақсы деп бағалауға болады. Алайда, бұл алдын алу жұмыстарын жүргізбеу керек деген сөз емес. Бұрындары бірлік, тыныштық жайындағы ойлар қызыл сөз күйінде болса, бүгін ұлтаралық, конфессияаралық тыныштықты сақтау, ішкі тұрақтылықты нығайту күнделікті үздіксіз жұмысты қажет етеді. Егер діни ахуалға мән бермесек, оның соңы не боларын көзбен көріп, құлақпен естіп жүрміз.

– Алдын алу жұмыстарын тұрғындар қалай қабылдайды?

– Әртүрлі. Бірі бізді ынта қойып тыңдаса, екіншілері немқұрайдылық танытады. Үшіншілері мұндай жұмыстарды жүргізіп қажеті жоқ деп санайды. Бұлай ойлауына еліміздегі әлеуметтік жағдайдан хабарсыз болуы, білім деңгейінің төмендігі, дүниетанымының тарлығы себеп. Бұл үшін адамды жазғырудың қажеті жоқ. Біз өткізген шараларға адамның көзқарасы қандай болса да, ол қатысқаннан кейін өзіне аз да болса бір мағлұмат алары, ойланары сөзсіз. Тұрғындармен кездесуімізді аудиториялық жұмыс үлгісінде жүргіземіз. Оған түрлі діни ағымдарды егжей-тегжейлі зерттеген мамандарды шақырамыз. 15-20 минуттық дәріс барысында мәселенің мәнісін түбегейлі түсіндіру мүмкін емес. Бірақ дұрыс бағытты көрсетіп, жөн сілтеуге толық мүмкіндік бар. Біз өткен жылы облысымыздың барлық аудандарын аралап, 48 шара өткіздік.

– Дін, адам құқығын қорғау саласындағы мамандарды қалай тартып жүрсіздер? Олар қоғамдық бірлестіктермен жұмыс істеуге құлықты ма?

– Иә. Әйтеуір, біз шақырған мамандар бас тартып көрген жоқ. Оларды шараларымызға қатысуға шақырғанымыз үшін ақы төлейміз. Бірақ оның көлемі көп емес. Сол себепті олардың бойында қоғам үшін маңызды ортақ іске қатыссам деген құлшыныс басым ғой деп ойлаймын. Қоғамдық жұмыстармен айналысатын адамның бойында құлшыныс, ынта, жігер болуы қажет. Біздің өңіріміздегі мамандардың бойында бұл қасиеттер бар.

– Қазір қандай жұмысты қолға алдыңыздар?

– Бүгінгі таңда сайт ашу үстіндеміз. Ақпараттық мәндегі сайт арқылы мамандарға, сарапшыларға сұрақ қоюға болады. Сайттың мекенжайы doveriy.com.kz. Сондай-ақ сайттан өңіріміздегі тіркелген және тіркелмеген діни ағымдардың тізімін табуға болады. Бір сөзбен айтқанда, дін тақырыбына қызығушылық танытқандар үшін танымды ақпараттық сайт болмақ. Ал болашақта осы жұмысымызды жалғастырып, оны жүйелендірмекпіз. Себебі, тәжірибе жинаған сайын атқарып отырған жұмысымызды кеңейтіп, тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істегіміз келеді.

Сұхбаттасқан

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp