Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бекіткен кестесі бойынша елімізде маусымның 3-і мен 6-сы аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеу өтті. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 4405 оқушы мектеп бітірді. Соның 2410-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. “Алтын белгіге” үміткер 111 оқу-шының 27-сі өз білімдерін толығымен дәлелдеді. Ең жоғары 122 ұпайды Қызылжар ауданындағы Шаховское орта мектебінің түлегі Әсел Сұртаева жинады.
Солтүстікқазақстандық түлектердің биылғы көрсеткіші өткен жылғымен деңгейлес болды. Тест тапсыру қорытындысы бойынша “Үздік аттестатқа” үміткер 88 оқушының 21-і лайықты білімдерін көрсетті.
Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицейінің 4 оқушысы “Алтын белгіні” дәлелдеді, білім ошағының орташа ұпайы – 105, 26, дарынды балаларға мамандандырылған облыстық “ЛОРД лицейінің” (орташа ұпайы 101,91) және қалалық инновациялық мектептердің көрсеткіштері жоғары. Қалалық білім ошақтарының орташа ұпай көрсеткіші – 84,31. Солардың ішінде қалалық классикалық гимназия, Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицей және Бірінші гимназиядан – 2 оқушыдан, жалпы білім беретін №1 қалалық лицей мен “Дарын” мектеп-лицейінен – 1 оқушыдан “Алтын белгіге” үміткерлер анықталды. Қала мектептерінен 5 оқушы “Үздік аттестатқа” лайықты білім көрсетті. Олар: қалалық классикалық гимназияның – 1, Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің – 3, жалпы білім беретін №1 қалалық лицейдің – 1 түлегі.
Аудандық білім бөлімдерінің арасында орташа ұпай көрсеткіштері бойынша Аққайың (82,40), Қызылжар (80,35), Уәлиханов (80,10) аудандары алдыңғы орындарға шықты.
Айыртау ауданында – 2, Ақжар мен Аққайыңда – 1 оқушыдан, Қызылжар ауданында – 3, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда – 2, Тайыншада – 1, Уәлиханов ауданы мен Шал ақын ауданында – 2 оқушыдан, Петропавл қаласы бойынша 8 оқушы “Алтын белгіге” білімдерін дәлелдеді.
Бұл түпкілікті көрсеткіш емес, республикалық апелляциялық комиссияға өтініш бергендер бар. Олардың қорытындысы шыққан жоқ.