«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЗ КІЛЕМДЕ – МЫҚТЫЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ күресінен ел чемпионатының жалауы Петропавл қаласында желбіреп, 14 облыстан және Алматы, Астана қалаларынан жиналған 165 балуан екі күн бойы боз кілем үстінде күш сынасты. Ең мықтылар күзге таман Германияда өтетін әлемдік қазақ күресі біріншілігіне жолдама алды.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев сөз сөйлеп, өңір басшысы Самат Ескендіровтің құттықтауын жеткізді. Қазақ күресінен еліміздің мемлекеттік бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жақыт, қазақ күресі федерациясының вице-президенті Марат Шәмшінұров, кеден қызметінің генерал-лейтенанты, кеден қызметі ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлан Тілемісов, Астана қаласындағы олимпиадалық резервтер мектебінің директоры Асқар Асубаев өз сөздерінде бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған балуандарға жеңіс тіледі.

 

Марат Жақыт додалы бәсекенің Петропавл қаласының құрметті азаматы Бауыржан Құлжановтың 60 жылдық мерейтойына орай Қызылжар өңірінде ұйымдастырылып отырғанын атап өтіп, оны “Әлемдегі қазақ күресін дамытуға қосқан зор үлесі үшін” төсбелгісімен марапаттады. Иә, Бауыржан Ниязұлы мектеп қабырғасында жүргенде “бала балуан” атанып, талай байрақты жарыстарда топ жарды. Қажымұқан Мұңайтпасов турнирінің, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы болды. Жерлестері оны облыста қазақша күрестен шыққан тұңғыш спорт шебері ретінде де мақтан етеді. Саналы ғұмырын кеден қызметімен байланыстырып, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары бойынша Кедендік бақылау департаменттерін кәсіби шеберлікпен басқарды. Алғашқылардың қатарында кеден қызметінің полковнигі шеніне ие болды. Әлі күнге дейін осы салада жемісті еңбек етіп, жастарға тәлім-тәрбие дарытып келеді. Сөз арасында ұлттық спорттың дамуына ерекше белсенділікпен атсалысып жүрген жеке кәсіпкер Біржан Шаймерденовтің федерация мүшелігіне қабылданып, еліміздің солтүстік аймағы бойынша жауапты куратор болып тағайындалғанын айта кеткен жөн.

Чемпиондық атақтан үміткерлер арасында 40-қа тарта халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, әлемде, Азияда олжа салған сайыпқырандар бар екенін ескерсек, кім-кімге болсын жеңіс жолы жеңіл тимегені анық. Оның үстіне “Қазақстан барысы” республикалық турнирінің күміс, қола жүлдегері Шалқар Жоламанов, осы атақтан үміткерлер – Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, жерлесіміз Руслан Жұмаев секілді атағынан ат үркетін апайтөс, бура сан балуандардың белдесулері жарыс көрігін қыздыра түсті.

60 кило бойынша ақтық сында алматылық Абзал Арыстанбеков пен Алматы облысының өкілі Аманкелді Сатыбалдинов кездесіп, алғашқысының жолы оңғарылды. 70 кило салмақ дәрежесінде Аслан Түсіпқанов (Алматы қ.) Азия, әлем чемпионы, астаналық Ерлан Естекке жол берді. 80 кило салмақ бойынша қарағандылық Ерсін Мұхамеджанов оңтүстікқазақстандық Әділжан Ыстыбаевтан сәл-пәл басымдығын байқатты. 90 кило салмақ бойынша шығысқазақстандық Мұхит Тұрсыновқа тең келер ешкім болмады. 90 килодан жоғарылар арасында Шығыс Қазақстан облысының қос саңлағы Шалқар Жоламанов пен Айбек Нұғымаровтың белдесуі соңғысының таза жеңісімен аяқталды. Ал “Түйе балуан” атағы Шалқарға бұйырды.

Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Шығыс Қазақстан облысының командасы еншіледі. Екінші, үшінші орындарды Алматы қаласы мен Қарағанды облысы бөлісті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Қазақ күресінен облыстың бас жаттықтырушысы Есләмбек Бекмұрзин үкілеп қосқан команданың 7-ші орыннан көрінуі жаман нәтиже емес. Ең ауыр салмақтылар арасында Руслан Жұмаев пен Дулат Алпысовтың жүлделі үшінші орынды еншілеуі шүмектеп төгілген тердің ақталғанын көрсетсе керек. Биыл өтетін “Қазақстан барысы” республикалық турниріне жолдама алған оларға шығар асуларың биік болсын демекпіз! 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp