Хайырбек ҚОЖАХМЕТОВ,
дәрігер-терапевт.
Бронхит – тыныс жолдарының қабынып ауруы. Ол негізінен жұқпалы сырқат. Оны пневмокохк, басқа да бактериялар ушықтырады. Бұл микробтар сау адамның да тыныс жолдарының сілекейлі қабықтарында болады. Жай уақытта олардың көбеюіне, сөйтіп бронхиттің пайда болуына адам организмінің сырқаттарға қарсыласу қабілеті жол бермейді. Бірақ адам суыққа ұрынса, қатты жаураса, арақты көп ішсе, темекіні жиі шексе, қарсыласу күші кемиді де, жоғарыда айтылған бактериялар өсіп-өніп, көбейіп, сілекейлі қабықтарды қабындырады. Бронхитпен ауырған адамда жөтел пайда болады. Жөтел құрғақ, яки қақырықты болуы мүмкін. Дене қызуы көтеріліп, 38 градусқа жетеді. Бұл сырқатқа шалдыққан адам жатып емделуге, дәрігер айтқан кеңестің бәрін бұлжытпай орындауға тиіс.
Ауру жатқан бөлме жылы, ауасы таза болуы шарт. Кеудеге банкілер немесе қыша қағазы қойылады. Кеуде мен арқаға тұтас орайтын жылы компресс жасалады. Ауырған адамға сода қосылған сүт, құлпынай тосабын қосқан шай тәрізді ыстық сусындарды көп ішкен пайдалы. Егер қатты құрғақ жөтел пайда болса, девясил, багульник, термопсис тәрізді емдік шөптердің тұнбасын ішкен жөн. Бронхиттің алдын алу үшін суыққа ұрынбау керек. Организмі әлсіз адамдар дене шынықтырумен, спортпен айналысқаны, темекі шекпегені, ішімдікті қысқартқаны жөн.
Қызылжар қаласы.