14 маусым – Бүкілдүниежүзілік донор күні. Осыған орай облыстық Қан орталығында өз еркімен қан тапсыру акциясы өткізілді.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Таңғы сағат 8-ден түскі 3-ке дейін донорлар қан орталығына жиналды. Солардың бірі – Өрікбай Жұматаев (суретте). Гуманитарлық-техникалық колледжде ағаш шебері болып қызмет ететін ол жыл сайын қан тапсыруды әдетке айналдырған. “Бүкілдүниежүзілік донор күнінде игі істен сырт айналып кете алмадым”, – дейді ол.
Өрікбай Жұматаев сынды донорлар бұл күні әлемнің түкпір-түкпірінде қан тапсырып, сол арқылы қанға зәру мұқтаж адамдардың еміне шипа болуда. 2005 жылдан бері игі дәстүрге айналған бұл акцияға өңірімізде кем дегенде 200-ден аса адам қатысады екен.
– 1 сағатта 50-ден астам адам қан тапсырып кетті. Қанды кәмелеттік жасқа толған адамнан бастап, егде жасқа келген зейнеткер де тапсыра алады. Ең бастысы – ол адам саламатты өмір салтын ұстанған, денсаулығында кінәрат жоқ адам болуы тиіс, – дейді облыстық қан орталығының директоры Сабыржан Тәукелов.
Қан тапсыру үшін алдымен донор сауалнама толтырып, оның денсаулығынан ақпарат беретін 26-дан аса сұраққа жауап береді. Сұрақтардың ішінде қарапайым “Бүгін кешке демалдыңыз ба?” дегеннен “Малярия, туберкулез, бруцеллез, сифилис дерттерімен ауырдыңыз ба?” деген күрделі сұрақтарға дейін бар. Анкетаны толтырып болған соң донор терапевт дәрігердің қарауынан өтіп, қанның құрамын тексереді. Егер де донордың қан құрамындағы гемоглобин көрсеткіші 120-дан аз болса, қан тапсыра алмайды. Қан қысымы шамадан тыс жоғары не төмен болған жағдайда да қан тапсыру мүмкін емес.
Бұл жолы қан тапсырғандардың арасында “Нұр Отан” ХДП-ның өкілдері, ІІД мен медициналық мекемелердің қызметкерлері болды.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.