Облыс полицейлері жылқы ұрлады деген күдікпен Петропавл қаласының үш тұрғынын ұстады.
Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында түнде қоршаудан семіртіліп тұрған екі жылқы ұрланды. Жылқылардың иесі алдымен өзі іздегенімен, кейін аудандық полиция бөліміне хабарласқан.
Оқиға орнына келген полицейлер “барымташылардың” жылқы ұрлауға тыңғылықты дайындалғандығын бірден аңғарды. Олар 11 жылқының ішінен ең семіздерін алған. Оның бірі – буаз бие. Қоршаудың маңынан “барымташылар” әкелген жарма салынған қап та табылды. Ұрылар жылқы иесіне 900 мың теңге шығын келтірген. Жылқыларды іздеуге қатысу үшін кинологиялық орталықтан әкелінген бельгиялық овчарка – Ричард ізге түсіп қана қоймай, күдіктілер кеткен бағытты тауып, орман, алқап арасымен полицейлерді шалшықты жерге әкелді. Иіс бойынша түскен ізге қарап ұрылардың алған бағыты облыс орталығы екендігі анықталды.
Жедел уәкілдер мен жылқы иесі әккі “барымташылар” түнде облыс орталығына қарай жылжуы мүмкін деген болжам жасады. Түнде жолдар, орманды жерлер, қаланың жекеменшік секторлары, ет қабылдау орындары бақылауға алынды. Тәртіп сақшыларымен бірге торуылда отырған жылқы иесі облыс орталығын бетке алып, трассаны кесіп өтіп бара жатқан салт аттыны бірінші болып аңғарды. Ізіне түскенін байқаған “барымташы” шалшықты жерге жасырынып үлгерді. Алайда, таң ата ол жер қоршауға алынып, ішінен мойнындағы жібіне оратылған жылқы табылды. Кейіннен сол маңнан облыс орталығындағы Жұмысшы кентінің тұрғыны ұсталды.
42 жастағы ұры шолақ мылтықпен және оқтармен қаруланған. Сондай-ақ одан облыстың әбден ескірген картасы да табылды. Оның айтуынша, өзге сыбайластары екінші жылқымен басқа бағытты бетке алған. Жедел іздестіру шаралары барысында олар да ұсталды. Екеуі де облыс орталығының Бензострой және Сенная база ықшамаудандарының бұрындары “барымташылықтары” және есірткі заттарын сақтағандары үшін істі болған тұрғындары. Орманнан келетін үшінші сыбайластарын тосып отырған қос ұры тәртіп сақшыларын көріп тосылып қалды. Олардың айтуларынша, жылқыны сәтті ұрлағаннан кейін әрқайсысы өз жөндерімен кеткен. Ормандағы шалшықты жерге екінші жылқыны тығып, қалаға жол тартқан. Келесі күні тыққан жылқыларын таба алмаған көрінеді. Алайда, жедел уәкілдер олардың айтқандарын егжей-тегжей тексермекші. Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды.
Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.