«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“НҰРЛЫ КӨЖЕК” бірегей ғылыми жобалар сайысы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен бастауыш сынып оқушылары арасындағы “Нұрлы көжек” ғылыми жобалар байқауы – еліміз бойынша біздің облыста ғана өткізілетін бірегей конкурс. Оның қашықтықтан өткен сырттай кезеңіне 221 бала қатысып, соның 63-і облыстық кезеңге жолдама алған.  

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бұл конкурс ережеге сәйкес екі кезеңде өткізілген. Сәуір, мамыр айларында өткен бірінші сырттай кезеңде ұйымдастыру комитеті қатысуға ниет білдіргендердің материалдарын зерттеп, соның ішінен облыстық кезеңге лайықты дегендерін таңдап алған. Бастауыш сынып оқушыларынан түскен 45 жобаның 22-сі қазақ тілінде және 23-і орыс тілінде жазылған. Бұған қоса 18 жоба мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан іріктеліп алыныпты. Оның алтауы қазақ тілінде және 12-сі орыс тілінде болды. Іріктелген ғылыми жобаларды оқушылар қазылар алқасы алдында өздері қорғады да, жетекшілері жоба авторының еңбегіне қысқаша қорытынды жасады. Жеңімпаздар осылайша анықталып, олар орындар және түрлі аталымдар бойынша да марапатталды.

 

– Конкурс оқушылар мен ата-аналар, ұстаздар арасында үлкен қызығушылық туғызды. Сондықтан оның ғылыми, мәртебелік маңызын ескере келе, біз қазылар алқасына ата-аналар мен педагогтер тарапынан да мүшелер енгіздік. Олар қазылармен бірге жобалардың қорғалуын тыңдап, бағалар қалай қойылғанын бақылады. Конкурстың тағы бір ерекшелігі ол жобаның әзірлену, қорғалу мәдениеті XXI ғасыр технологиясын кеңінен пайдалануларында болды. Педагогтің қалай жұмыс істегеніне қарап, біз оның кәсіби шеберлігіне баға бердік. Жеңімпаздар белгіленген көрсеткіштерге сай жинаған ұпай санымен айқындалды. Жас ғалымдарымыз бен олардың жетекшілері бізге қызықты да мазмұнды жобалар ұсынды. Кім білсін, мүмкін олардың бүгінгі жобалары жылдар өте келе еліміздің әлеуметтік экономикасына енгізілген жаңалық болар, – дейді “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ филиалы СҚО педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының директоры Алма Мырзалинова.

Балалар өздерінің бақылауынан, эксперимент жасап, зерттеулер жүргізуінен түйгендерін ортаға салды. Жазылған жобалардың тақырыптары түрлі бағытты қамтыды. Олардың арасында табиғат, тарих, денсаулық, адамдар есімі, дәрумендер, балдың пайдасы, өсімдіктер, тыйым сөздер, жүннен жасалған бұйымдар, компьютердің пайдасы мен зияны, анимациялық мультфильмдер сияқты тақырыптармен қатар ұлттық тағамдарымыз қымыз, құрттың пайдасы және қазақтың ақбас сиырлары жайлы да зерттеу жүргізген оқушылар болды.

Қазақ тілінде ғылыми жоба қорғағандар арасында бірінші дәрежелі дипломға Петропавл қаласы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептен Тамирлан Мейрам лайық деп танылды.

Орыс тілінде ғылыми жоба қорғағандардың арасынан бірінші дәрежелі дипломға Петропавл қаласындағы Бірінші гимназиядан Богдан Рыхликов ие болды.

Ғылыми жобалары қазылар тарапынан жақсы бағаланып, бірақ жүлделі орындарға ие болмағандар түрлі аталымдар бойынша аталып өтілді. Ғылыми жоба жазуға ауылдық мектептерден де оқушылар тартыла бастағаны көңіл қуантты. Есіл ауданы Тауағаш орта мектебінің 3-сынып оқушысы Аяжан Біржан “Қазақ елі монументінің” тарихына зерттеу жасап, өз мектебі үшін сол монументтің үлгісін әзірлепті.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының бүлдіршіндері өздерінің отбасылары, мамандық, “Алтын алқа” иегерлері, тағы басқа да тақырыптар бойынша еңбектенгендіктерін көрсетті.

СУРЕТТЕ: Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп оқушысы Тамирлан Мейрамды марапаттау сәті.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp