«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІМІЗДІҢ ҮЗДІК МЕКТЕБІ дарынды балаларды шақырады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алматы қаласындағы Ө.Жәутіков атындағы республикалық дарынды балаларға мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернаты – “Үздік олимпиадалық команда” аталымын 10 жыл қатарынан иеленіп келе жатқан “Үздік олимпиадалық мектеп” ретінде еліміз мойындаған №1 мектеп. Ол үш жыл бойы Назарбаев Университеті мен ҚБТУ рейтингілерінде үздік қазақстандық мектептердің көшбасшысы болып келеді. Дарынды балаларға мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернаты маусымның 21-і мен 25-і аралығында 2013-2014 оқу жылына талапкерлерді қабылдау емтихандарын өткізеді.

Қайрош МАҚЫШОВ,

Ө.Жәутіков атындағы

республикалық дарынды балаларға мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернатының директоры.

Еліміздің дарынды балаларға мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернатына осы білім ошағында оқуға ниет еткен дарынды балалар Қазақстанның барлық өңірлерінен қабылданады. Шеттен келген балалар мектеп-интернаттың 320 орынға шақталған жатақханасында тұрады. Бұл оқушылар мектептің ішкі көрсеткіші (үлгерім, ҰБТ-ға дайындық, емтихандар, ең мықты жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіштері, т.б.) бойынша алдыңғы орындарды иеленеді. Сырттан келіп оқитын балалар үшін интернаттағы жатын орындар санын 500-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.  

Елімізде 1972 жылы негізі қаланған білім ордасы 2012 жылдың күзінде 40 жылдығын толағай табыстармен атап өтті. Мектептің бір кездегі түлектері бүгінгі күні әртүрлі салаларда абыроймен еңбек етіп жүрген беделді саясаткерлер, министрлер, әкімдер, болашағы мол ғалымдар, табысты бизнесмендер, жаңашыл өнертапқыштар. К.Мәсімов, Т.Құлыбаев, Қ.Келімбетов, Е.Қалиев, Б.Сұлтанов, Н.Қаппаров, Е.Досаев, Қ.Қожамжаров, Д.Ереншинов, С.Нұрғисаев, Е.Арын, В.Ким, Б.Қаниев, М.Абдрахманов, А.Таспихов, Асқар мен Ануар Жұмаділдаевтар, Ф.Қуанғанов, И.Бейсембетов, А.Құсайынов, Н.Темірбеков, У.Өмірбаев тағы басқалар – осы мектептің түлектері. “Яндекс” (Ресей) компаниясының негізін салушылар А.Волож бен И.Сегалович те – физмат түлектері.  

Физика-математикалық мектеп Қазақстанда ғана емес, алыс және жақын шетелдерде де өзін мойындатып, еліміздің ең үздік мектебі деген байырғы атына ие болды.

Соңғы сегіз жылда біздің төрт түлегіміз әлемнің ең мықты жоғары оқу орны – Массачусетс технологиялық институтының (МІТ) студенттері атанды. 300-ден аса мектеп түлегі шетелдерде білім алуда. Оның ішінде 32 түлек – әлемнің жетекші университеттерінің (Гарвард, Йель, Иллинойс, Джорджия, Карнеги Меллон, Кембридж, Оксфорд, т.б.) грант иегерлері. Жыл сайын түлектеріміз қазақстандық және шетелдердегі жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болады. 130 мектеп түлегі (2010 ж. – 33, 2011 ж. – 44, 2012 ж. – 53 оқушы) Назарбаев Университетінің оқу грантын жеңіп алды. Осыған орай, мектепте ағылшын тілін жетік үйрену үшін барлық жағдай жасалған. Қазақстанда оқимын деген кез келген мектеп түлектеріне ҚБТУ, МИТУ, ҚазҰУ, ҚазҰТУ, ҚазЭУ, ҚМЭБИ, тағы басқа жоғары оқу орындарының білім гранттарын алуға кепілдік бар.

Республикалық дарынды балаларға мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернаты егемен еліміздің олимпиадалық қозғалысының көшбасшысы саналады. Мектебіміз соңғы 10 жыл ішінде халықаралық ірі олимпиадаларда (IMO, IPhO, IOI, IChO) керемет жетістіктерге жетіп, Қазақстанның жеңіс қоржынына 27 медаль салды. Олимпиадашылар жыл сайын әлемнің 17 елінде өткізілетін отыздан аса халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарысына қатысып, 6 жыл ішінде 596 медальды қанжығаға байлады. Үстіміздегі оқу жылының өзінде халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарысында 121 медальға ие болды. Олимпиадашылар 2013 жылы 10 жалпы білім беру пәні бойынша 36 медальды жеңіп алды. Осы оқу жылында олимпиада мен ғылыми жобалар жарысының жеңімпаздары ретінде 91 оқушы ҰБТ тапсырудан босатылды. 149 түлек ҰБТ-дан орташа 111,1 балл жинады. Екі оқушы ең жоғары – 125 балл алды. 49 оқушы “Алтын белгі” иегері атанды.

Көптеген жаңа дәстүрлердің бастамашысы саналатын физмат мектебі өз тарихында, бірінші болып 2005 жылдан бері физика, математика және информатикадан өзінің бірегейлігімен ерекшеленетін, әлемде теңдесі жоқ Халықаралық Жәутіков олимпиадасын өткізіп келеді. Бұл ауқымды шара бүгінгі таңда 18 елдің 50-ден аса командасын қамтып отыр. Сондай-ақ республикалық “ФизМат” конкурсын, физика, математика және информатика мұғалімдері арасында қалалық Жәутіков конкурсын ұйымдастырып келеді. Мектеп өміріндегі тағы бір маңызды оқиға ретінде 2005 жылдың қаңтар айынан бастап 1500 тиражды ғылыми-көпшілік “Физмат” журналының шығуын айтуға болады.

Соңғы жылдары дарынды балаларды оқытуда орасан зор табыстарға жеткен білім ошағы орта білім саласында жетекші орында тұр. Мұның көпшілігі орта білім саласындағы көкейкесті мәселелерге ерекше назар аударып, оны бақылауда ұстап отырған ҚР Президенті мен Үкіметтің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, “РМФМОМИ түлектер қоры” ҚҚ, РМФМОМИ Қамқоршылар қорының, сондай-ақ мектеп демеушілері мен серіктестерінің қолдауымен жүзеге асып жатқаны айдан анық.

Қазақстанның үздік мектебі қазақ және орыс бөлімдерінің 9-10-сыныптарына құжаттар қабылдауды бастады. Түсу емтихандары жыл сайын 21 маусым мен 25 маусым аралығында өткізіледі. Мектепке қабылданған сырттан келген оқушылар интернат жатақханасымен қамтамасыз етіледі. Мектепте оқу – тегін. Мектеп жаратылыстану-математика ғылымдарына бейімі бар дарынды балаларды шақырады.

Мектептің мекенжайы: 050040, Алматы қаласы, Бұқар жырау к-сі, 36. Тел.: 8 (727) 391-09-03; www.Fizmat.kz Есмағамбетова Майя РМФМОМИ баспасөз қызметі. Тел.: 8 (727) 395-09-03, ұялы тел.: 8-702-417-14-47 е-mail: maiya_64@mail.ru

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp