“Қызыл-Жар СК” футбол клубы Бірінші Лига клубтарының арасындағы ҚР біріншілігі аясында өзінің кезекті кездесуіне қызу дайындық үстінде.
Соңғы демалыс күндері жергілікті құрамада біраз өзгеріс орын алды. Бес ойыншымыз – Александр Стахив, Артем Дели, Станислав Богданов, Евгений Кусков және Валерий Миллермен келісімшарт үзілді. Олардың орнына Вадим Якушин (“Сокол”, Саратов қ.), Александр Сухов (“Крылья Советов”, Самара қ.), Сербиядан Давор Попович, қорғаушы Андрей Ерохин (Самарқанд қ.), шабуылшы Қанат Ахметов (“Қайрат”, Алматы қ.), Селим Айдынов (“Цесна”, Алматы қ.), Роман Кесметов (“Каспий”, Ақтау қ.) шақыртылып, бескүндік жиынның қорытындысы бойынша, жаттықтырушылар штабы Андрей Ерохин мен Селим Айдыновты құрама сапына алды. Дегенмен, әлі күнге дейін Олександр Згура мен Тимур Мульдиновке қолғабыс ретінде қажет мықты шабуылшы мәселесі шешілмей отыр. Сондай-ақ “Қызыл-Жар СК” клубына білікті қорғаушы мен жартылай қорғаушы ауадай қажет. Трансферлік терезе шілденің 7-сі күні жабылады. Сондықтан аталмыш уақыт аралығында қажетті аяқдоп шеберлері шақыртылып, іздеу шараларының нәтижесі шілденің 23-і күні белгілі болады.
Сонымен қатар, “Қызыл-Жар СК” футбол клубы Көкшетау қаласында “Оқжетпес” құрамасымен өткізілетін кездесуге жан-күйерлерін өздерімен бірге ала баруға ниетті екендігін хабарлаймыз. Сүйікті командасының “Оқжетпеспен” кездесуін өз көзімен тамашалап, жерлестеріне қолдау білдіргісі келетін солтүстікқазақстандықтар қажетті ақпаратты 8-777-895-96-94 ұялы телефоны нөмірі арқылы сұрап-білуге болады. Автобустар маусымның 23-і күні сағат 11-де “Қарасай” стадионынан футболшылар мен жанкүйерлерді жинап, Көкшетауға аттанады.
“Қызыл-Жар СК” ФК-ның баспасөз қызметі.