«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бірінші байлық – денсаулық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

МЕДИЦИНАЛЫҚ ПОЙЫЗДАР АРҚЫЛЫ

63 МЫҢ АДАМ ТЕКСЕРІЛДІ

Зарина КАРИМОВА.

 

Консультациялық-медициналық пойыздарда 2012 жылы 63 мыңнан астам адам, оның ішінде 24,5 мың бала тексерілді. 234 станцияда диагностикалық қызмет түрі 231 мыңнан астам адамға көрсетілді, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

Бүгіндері республика бойынша үш консультациялық-диагностикалық пойыз бен 49 жылжымалы медициналық кешен жүріп тұр. 2012 жылдан елдің ең қауіпті жолдарында 12 трассалық медиктік-құтқарушы қосындар қызмет етуде. Жедел медициналық жәрдем қызметін жаңашылдандыру басталып кетті.

 

Шұғыл медициналық көмек көрсетуші айрықша жедел жүйе – санитарлық авиация да одан әрі даму үстінде.

– Қазіргі таңда қауіп-қатер жағдайына тап болған ел азаматын елдің әр жерінен жоғары мамандандырылған көмек көрсете алатын клиникаларға сол арада апарып немесе сол науқасқа мамандарды жөнелте аламыз, – дейді министр Салидат Қайырбекова.

Оның айтуынша, Қазақстанның географиялық ерекшеліктері мен тұрғындардың тығыз орналаспауы ауылдық жерлерге барлық технологияларды жеткізуде қолбөгеу болып тұр. Сондықтан да ауылдық тұрғындарға медициналық көмекті қолжетімді ету мақсатында көлік медицинасына көңіл бөлінуде. Бұл – жылжымалы медициналық қосындар, консультациялық-диагностикалық пойыздар, жедел медициналық көмек және санитарлық авиация, трассалық медиктік-құтқарушы қосындар.

Еске салайық, 2010 жылдан Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен жаңа бағыт – көлік медицинасы енгізілді.

* * *

ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ КӨБЕЙДІ

Тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлінуде. Денсаулық сақтау министрлігі хабарлағандай, тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталған қаражат жыл сайын көбеюде.

Осы мақсатта 2012 жылы 100 млрд. теңгеден астам қаражат медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде науқастарды стационарлық және амбулаторлық деңгейде емдеу үшін дәрі-дәрмектерді сатып алуға бөлінді.

Амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмектерді тегін беру үшін тек қана республикалық бюджеттен 37 млрд.-тан астам теңге бөлінді. Жергілікті атқарушы орган шамамен 24 млрд. теңге бөлді. Әрі бұрын 50 пайыздық жеңілдікпен босатылған дәрі-дәрмектер 2012 жылдан тегін берілетін болды.

Дәрігердің рецепті бойынша берілетін тегін дәрі-дәрмектің тізімінде 48 аурудың түріне 400-ден астам дәрі-дәрмектер бар. Айта кетерлігі, Қазақстан – В және С вирусты гепатитпен ауыратын науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін санаулы елдердің бірі.

Бүгінгі таңда денсаулық сақтаудың медициналық ұйымдарында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің автоматты ақпараттық жүйесі орнатылған. Ол арқылы нақты уақытта дәріханаларда дәрігердің нұсқаулығы бойынша жазылған дәрі-дәрмектердің әр науқасқа берілуін қадағалау мүмкін болды. Диспансерге алынған науқастардың регистрін құру жөнінде жұмыс жүргізілуде. Бұл науқастардың мемлекет кепілдендірген дәрі-дәрмектерді алуына мүмкіндік береді.

Шалғайдағы ауыл-аймақтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жылжымалы дәріханалық қосындар ашылуда, сондай-ақ олар, бүгіндері саны 3 мыңға жеткен фельдшерлік-акушерлік қосындар арқылы да босатылады.

* * *

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ЖИІ ТЕКСЕРІЛЕ БАСТАДЫ

Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) жұқпасын тестілеу 10% мақсатты көрсеткіштің орнына 14 пайызға жетті. 2006 жылмен салыстырғанда тестілеудің көлемі 2 есеге ұлғайды. Жыл сайын 2 миллионнан астам тестілеу жүргізіледі. Денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған “Саламатты Қазақстан” бағдарламасын орындаудың бір нәтижесі осындай деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

Жүре пайда болатын иммунитет тапшылығының синдромы (ЖИТС) республикалық алдын алу және күрес орталығы мамандарының зерттеулеріне сәйкес 2012 жылы АИТВ жұқпасына 2,3 млн. тест жасалған. Салыстыру үшін 2010 жылы 2,08 млн., ал 2011 жылы – 2,2 млн. тест болған. Жыл сайынғы тестілеудің орташа көлемінің өсімі елімізде 6 пайызды құрайды.

– Айта кету керек, жыл сайын тұрғындардың АИТВ жұқпасына бейім тобында тестілеу едәуір ұлғаюда. Олар инъекциялы есірткі қолданушылар мен жезөкшелікпен айналысатын әйелдер болып табылады. АИТВ тестілеуден өткен есірткі қолданушылар 2010 жылға қарағанда 2012 жылы 1,5 есеге көбейген. Сапалы, шынайы тест жүргізу үшін аумақтық ЖИТС орталықтары қазіргі заман талабына сай әлемдік деңгейдегі барлық құралдармен жабдықталған, – дейді ЖИТС республикалық орталығының бас директоры Марат Түкеев.

Қазақстан Республикасының азаматтары үшін АИТВ жұқпасына тестілеу жүргізу аумақтық ЖИТС орталықтарында тегін және ерікті түрде жүргізіледі. Заңнама актілеріне сәйкес жүкті әйелдер, донорлар мен сотталғандар міндетті түрде тестілеуден өткізіледі. Мысалы, жүкті әйелдер АИТВ жұқпасына екі мәрте: әйелдер консультациясына есепке тұрғанда және жүктіліктің 28-30 аптасында тексеріліп тұрады.

Бұл шаралардың барлығы АИТВ жұқпасын дер кезінде анықтап, кеңес беріп, қажет жағдайда алдын алу шаралары мен антиретровирусты дәрі-дәрмекпен емдеу мүмкіндігін арттырады.

Аталмыш іс-шараларды орындау нәтижесінде ЖИТС қызметі жұмысының маңызды көрсеткіштерінің сапасы жақсарды. Олардың ішінде ЖИТС-тен болған өлім-жітім азайды, АИТВ позитивті аналардан туған сәбилердің денінің сау болуы артты, сондай-ақ АИТВ-пен өмір сүретін адамдарды АРВ дәрі-дәрмектерімен емдеу қамтылды. Бұл жағдайда АИТВ жұқпасына шалдыққан адамдардың өмір сүру сапасы жақсарды, бұл олардың қызмет орындарында жемісті еңбек етуіне қолайлы жағдай туғызып, денсаулықтарына селқос қарамауға итермелейді.

* * *

ШЕТЕЛДЕРДЕ ЕМДЕЛУШІЛЕРГЕ КВОТА ӨСТІ

2013 жылы шетелде емделуге 1 млрд. теңгеге квота қарастырылған. Бүгінгі таңда шетелде емделуге 161 адам кезекте тұр. Оның ішінде 133 емделушінің ағзасын трансплантациялау қажет.

Емделушілерді ағза мен ұлпаны трансплантациялауға жолдама беру қаражаттың барына тәуелді емес. Ол қажет донордың барына тікелей байланысты. Донорды іздеу 6 айдан 2-3 жылға дейін созылуы мүмкін.

Егер бұрындары трансплантациялауға кезекке тұрған адам, оның алдындағы науқас емделіп болған соң жолдама алған болса, қазір Денсаулық сақтау министрлігі қолайлы шараларды жүзеге асыруда. Енді трансплантациялауға кезекте тұрған барлық емделушілер бір мезетте емнің алғашқы кезеңі – тексерілу және донорды іздеуге жіберіледі. Тиісті донор табылған емделуші екінші кезең – ағзаны ауыстыру немесе ұлпаны жамауға жіберіледі.

Шетелде емделушілердің кезегін әлдеқайда азайту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық медициналық ғылыми орталығында қызмет органын құрды. Олар шетелдік әріптестерімен телемедициналық консультациялар жүргізіп, емдеудің бағдарламасы мен шығын калькуляциясын сұратады. Содан кейін шетелдік медициналық ұйымдар іріктеліп, екеуден кем емес мекемеде емделудің сомасы көрсетілген талдау қорытындысы комиссияның қарауына беріледі.

2012 жылы шетелде емделуге 678,5 млн. теңге бөлінді, 55 емделуші жолдама алды, оның ішінде – 34 (61%-ы) балалар. Шетелде емделген 55 адамның 30-ына (54,5%) ағза мен ұлпаны трансплантациялау оталары жасалды. Оның ішінде жілік майы (24), бүйрек (4), бауыр (3) ауыстырылды.

* * *

АУЫЛДЫҚ МЕДИЦИНАНЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ

45,5 млрд. теңгеге өсті

Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілгеннен кейін, ауылдық денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 30-дан 45,5 млрд. теңгеге дейін өсті. Сонымен, жалақы көтерілуінің өсімі және индекстеу 52%-ды құрады, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

Ауылдағы медицинаны дамыту мемлекеттің ерекше назарында болуда. Материалдық-техникалық негіз нығайып, санитарлық көлікпен қамтамасыз ету және сырқаттанудың төмендеуі – бұл мемлекет тарапынан жүргізілген бағдарламаның жемісі. Скринингтік тексерістерден 2013 жылдың бірінші тоқсанында 350 мыңға жуық ауылдағы ересек адамдар өтті. Диспансерлік есепке 8 мың адам алынды. Алдын алу тексерістерден ауылдағы балалардың 330 мыңы қаралды, 59 пайызы диспансерлік есепке алынды.

Нәтижесінде ауылдық тұрғындар арасындағы сырқаттану көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 2011 жылы 43831,7 адамнан 2012 жылы 43066,4 адамға дейін төмендеді. Ол қалалық көрсеткіштен 1,5 есеге төмен. Қорытынды кезеңге сәйкес ауыл тұрғындары арасында туберкулезден болған өлім-жітім мен ауру-сырқаудың деңгейі 5% және 9%-ға дейін азайды. Жазатайым оқиға, жарақат, улану себебінен болған өлім-жітім тиісінше 3%-дан 1,5%-ға кеміген. Тұрғындардың қан айналым жүйесінен болған шетінеу 20 пайызға дейін кеміді.

Ауылдағы медициналық қызметтің жақсаруын ауыл тұрғындары санының артуынан, оларға көрсетілетін медициналық көмектің жақсаруынан көруге болады. Мәселен, соңғы жылы ғана ауыл халқының саны 8 мыңға көбейген. Ал жалпы республика бойынша 7,5 млн. адам (45%) ауылдық жерлерде тұрады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp