Аптаның бейсенбісінде облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте брифинг өтті. Онда департаменттің суда құтқару қызметінің бастығы Виктор Держанский өңір аймағында ажалын судан тапқандар саны мен қайғылы оқиғалардың себептерін сөз етіп, мекеменің төтенше оқиғалардың алдын алу жолында атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Оның айтуынша, жыл басынан бері өңіріміздің су айдындарында адам өмірін қиған 17 оқиға тіркелген. Оның себебі біреу ғана – су жағасына барған адамның қауіпсіздік ережелерін сақтамауы. Бұл ережелер БАҚ құралдарында, ақпараттық парақшалар арқылы ұдайы ескертіліп жүрсе де, кейбір тұрғындар өзінің және жақынының өмірін қатерге тігіп, жауапсыздық танытады. Судағы адам өлімі фактілерін сараптаған кезде оқиға себептері ретінде: шомылуға арналмаған жерлерде суға түсу, су айдыны маңында жүрген адамның құтқару құралдарынсыз және алкогольдік ішімдік ішіп суға келуі, балықшылардың мінген қайықтарының техникалық ақаулығы және оларда құтқару құрал-жабдықтарының болмауы, ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы сияқты жайлар жиі алға тартылады.
Биыл суға батқан 17 адамның біреуі – бала. Ағасымен бірге келген баланың суда аяқ-қолы тартылып қалып, батып кетеді. Тіпті, ағасы оған көмек көрсетуге үлгере де алмапты. Бұл – жасанды су қоймасында болған оқиға. Онда арнайы суда құтқару қызметі жұмыс істемейді. Жалпы соңғы жылдары шомылуға арналған жағажайларда адам өлімі тіркелмеген. Керісінше, шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде қайғылы оқиғалар жалғасуда. Әсіресе, Есіл өзеніне батқандар саны жалпы көрсеткіштің 41,5 пайызын құрайды. Бұл, әрине, ағысы жылдам өзеннің кез келген жерінде суға түсу қауіпті екендігін дәлелдейді.
Ал арнайы жағажайларда судан құтқару қызметі сағат 11-ден 21-ге дейін жұмыс істейді. Бұл Петропавл қаласының етегіндегі екі жағажайға қатысты. Ал Есіл өзенінің өңіріміздің басқа да аумақтарын басып өтетінін ескерсек, оларға қатысты ереже де, арнайы жағажай да жоқ. Тіпті, Сергеевка қаласының су қоймасының жанында тұрғындар жағажай деп қабылдайтын орында да арнайы суда құтқару қызметі жабдықталмаған. Биылдың өзінде онда екі адамның өлімі тіркелді. Жалпы облыстың судан құтқару қызметінің мамандары аудан аумақтарына тек батып кеткен адамды судан алып шығу үшін ғана барады екен. Одан басқа көмек көрсетуге олардың мүмкіндігі жоқ. Жалпы өңірімізде суда құтқару қызметінде 30 адам еңбек етсе, бұл сан кадр мәселесінде проблема бар екендігін айғақтайды. Сондықтан департамент ерікті суда құтқарушыларды да жасақтауда. Ондайға студенттер жиі ықылас білдіреді.
– Су – тілсіз жау. Оның құрығына түспеу үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтасаңыз болғаны. Сонда ешкімнің де көмегі қажет емес. Оны біз БАҚ құралдары арқылы жиі хабарлаймыз. Дегенмен, жыл сайын ажалын судан табатындар саны 50 адамнан азаймай тұр, – дейді Виктор Держанский.