«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУДАНДАРДЫҢ ЖАҢА ӘКІМДЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңнамаға сәйкес “А” корпусына өткен тұлғаларды өңір басшысы Самат Ескендіров аудандық мәслихаттар депутаттарының келісімімен аудан әкімдері етіп тағайындады. 

Аманжол НҰРТАЗИН,  

журналист.

Қызылжар ауданының орталығы Бескөлде өткен аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына облыс әкімі Самат Ескендіров қатысып, халық қалаулыларының қарауына Еркебұлан Каменовтің кандидатурасын ұсынды. Мәслихат депутаттары оның аудан әкімі атануға лайықты екендігін бірауыздан қолдады.

Содан кейін болған аудан активінде жаңадан тағайындалған әкімді өңір басшысы Самат Ескендіров таныстырды.

Еркебұлан Каменов Павлодар облысында 1976 жылы дүниеге келген. Мамандығы бойынша экономист-менеджер. Коммерциялық ұйымдарда қызмет атқарған. 2009 жылдан бастап мемлекеттік қызметте еңбек еткен, Щучье ауданы кәсіпкерлік бөлімінің бастығы, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Ауданның бұрынғы әкімі Орал Қаппасов облыс басшылығына ризашылығын білдіріп, өз орнына тағайындалған Еркебұлан Каменовке сәттілік тіледі.

Қызылжар ауданының жаңа әкімі Еркебұлан Каменов өзіне көрсетілген сенімді атқаруға күш салатынын білдірді.

Самат Ескендіров оған қоғамдағы тұрақтылықты нығайту, мемлекеттік-жеке әріптестік аясында бизнес өкілдерімен, мемлекеттік органдармен етене қарым-қатынас орнату сияқты тапсырмаларды жүктеді.

Осы күні өңір басшысы Аққайың ауданы мәслихатының кезектен тыс сессиясына да қатысып, жергілікті активпен кездесті. Самат Сапарбекұлы аудан әкімдігіне Қайрат Қасеновтің кандидатурасын ұсынды. Депутаттар оны бірауыздан қолдады.

Облыс әкімі аудан активіне жаңа басшы Қайрат Қасеновті таныстырды. Ол 1968 жылы туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, Ақмола аграрлық университетін ауыл шаруашылығын механикаландыру, менеджмент мамандықтары бойынша тамамдаған. Соңғы атқарған қызметі – Тимирязев ауданының әкімі.

Аққайың ауданының жаңа әкіміне Самат Ескендіров алдағы қызметінде табыс тілеп, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Қайрат Қасенов оларды мүлтіксіз орындауға уәде етті.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp