Жадыра МОМЫН.
Балалар дәрігері болуды кішкентайынан армандаған Сәуле Шамова өмірінің 35 жылын медицина саласына арнады. Бүгіндері ол облыс орталығындағы №3 қалалық емхананың педиатрия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етіп жүр.
Бөлім меңгерушісі болу оңай емес. Бірақ одан да қиыны – дертіне шипа іздеп келген адамды емдеу. “Дәрігер болған соң, киіп жүрген ақ халатқа дақ келтірмейтіндей білікті маман болуың керек”, – деп санайды Сәуле Шаяхметқызы. Ал ол үшін өз ісіңе адал болу қажет.
Сәуле Шамова – Петропавл қаласының тумасы. Қарағанды мемлекеттік медицина институтының түлегі. Бала кезден балалар дәрігері болғысы келген ол мамандықты таңдау кезінде көп ойланған да жоқ. Еңбек жолын №2 қалалық емханадан бастаған. Учаскелік балалар дәрігері қызметін атқарған ол қарамағындағы балалардың денсаулығын бес саусағындай білді. Қазірде сол қалпынан айнымаған Сәуле Шамова қол астындағы әріптестеріне барынша көңіл бөледі. Жинаған тәжірибесін жас мамандармен бөлісу, оларға кеңес беруден еш тартынған емес. Өткен жылы ғана келген жас мамандардың бірі – дәрігер-невропатолог Мұсахан Мүсірәлиевке бағыт-бағдар беріп, ұжыммен бірге жұмыла қызмет етудің қыр-сырын үйретіп келеді. Бөлімде қызмет ететін барлық әріптестерін демеу – оның қағидасы.
Санның көптігіне емес, сапаға үлкен мән беретін Сәуле Шамова: “Дәрігерлер білімін үнемі жетілдіріп отыру қажет”, – дейді. Сонымен қатар, мектеп оқушыларына, түлектерге дәрігер мамандығына оқуға түсуге кеңес береді. Өйткені, қазіргі кезде мемлекетімізге білікті дәрігерлер қажет.
Сәуле Шаяхметқызын медицина саласының ардагері десек артық айтқанымыз емес. Ол талай мәрте облыс әкімінің қолынан Құрмет грамоталарын алған. Десе де, берген антына адал дәрігер талай жылғы еңбегінің жемісін емделушілердің алғысымен бағалайтындардың бірі.
Петропавл қаласы.